Қоғам • 29 Қазан, 2020

Тозаңды тажал ететін кім?

257 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарапайым тұмша тағып жүрудің ел үшін соншалықты маңызы болатынын кім білген? Жұмысты да онлайн түрде үйде отырып атқаратын болғандықтан, сыртқа көп шықпайсың. Өткенде қала ішінде қоғамдық көлікке отырдым. Күндіз болған соң автобуста адам қарасы көп емес, отырғандардан басқа 6-7 адам ғана түрегеліп тұр. Иә, сырт көзге жолаушылардың бәрі бетперде таққан, бірақ қалай?

Тозаңды тажал ететін кім?

Соншама жұрттың ішінде бірлі-жарымы­нан басқаның маскасы иектерінде ғана ілі­ніп тұр. Кейбірінің тек аузы жабық, мұрын­дары ашық. Сонда бетперде не үшін тағылған?

Сол күні әдейілеп кешкілік ел жұмыстан қайтар уақытта аялдамаға барып арнайы зертте­дім. Иін тірестіріп, жолаушы тиеп алған автобус терезесінен тағы да осы көрініс­ті көрдім. Мұнда тіптен масқара. Тұмшаны кейбір адамның иегінен де көрмейсің, сірә қалтасында, иә сөмкесінде болар.

COVID-19 өздігінен тіршілік ете алмайды. Адамның, иә, үй хайуанатының ағзасына түсіп, ондағы жасушаға өз ілмегімен жабыспаса, көбейе де, тіршілік те ете алмайды. Ағзаға түспесе белгілі бір сағатта тіршілігі тоқтап өліп қалады. Ол – адамдарға тікелей тәуелді. Ал біз адамдар, өзіміздің бейқамдығымыздан көзге көрінбейтін, осы бір өздігінен тіршілік етуге қабілетсіз тозаң-вирустың елімізге, тіпті планетамызға тарап тажалға айналуына жағдай жасап жүрміз.

COVID-19 толыққанды ағза емес, вирус қана болғандықтан, оны таратпау­дың, жұқтырып көбейтпеудің де жолдары қарапайым. Бұл – міндетті түрде тұмша тағып, антисептиктерді қолданып, алдымен қолды, сосын бетті дұрыстап сабындап жуу. Әлеуметтік қашықтықты ұстанып, көпшілік жиналатын жерлерге бармау. Жабық ғимарат ішінде тұмшаны бір сәтке тастамау, ал мүмкіндік болса, бөлмені үнемі желдетіп қою. Отырған, тұрған жерлерді тазалықта ұстап, адамдар жиі ұстайтын тұтқа, көліктерде құлап қалмау үшін таянатын темірлер мен пластиктерді жиі зарарсыздандырып тұру. Ешқандай да қиындығы жоқ осы сақтануларға қарамастан, пандемия планетадағы патшалық құзырынан таяр емес. Ендеше, тозаңның тажалға айналуына көмектесіп жүрген кімдер? Өзіміз. Біздің немқұрайдылығымыз, әлі күнге садақаға барып, жиындардан бас тартпай, әлеуметтік белсенді қалыбымыздан жазбай жүрген жауапсыздығымыз.

Brand Analytics атты әлеуметтік талдау ұйымы COVID-19-ға қатысты азаматтары қауіп ойлайтын елдердің индексін есептеп шығарыпты. Молдова, Беларусь, Армения, Украина, Ресей, Қазақстанда жасалған әлеуметтік сауалдамалар наурыз бен сәуір айларында қауіптің ең жоғары көрсеткіштері бірқатар елде деңгейлес болғанын атай келіп, сол уақытта ең жоғары қауіптенетін ресейліктер индексі – 190, оған таяу молдо­валықтар – 180, украиндықтар мен беларусьтар 120 болса, ал қазақстандықтардың ең төмен деңгейі – 60-ты көрсеткенін жазыпты. Қауіптену деңгейіміздің қаншалықты болғанын әлеуметтік сауалдама жүргізген зерттеушілердің пайымынан бұрын өзіміз де аңдағандаймыз. Алдымен сенбей, вирус жоқ деп жүріп, жиын-тойды тоқтатпай, көп адамымыздан айырылдық. Ұлттық әлеуетімізге орасан зор салмақ түсірдік. Көптеген саладағы мықты мамандардан, ғалымдардан көз жазып қалдық, ұлт зиялыларымен қоштастық. Дәрігерлеріміздің қатарын сиретіп алдық. Ойласаң, ішің удай ашиды. Сонда неден? Әшейін адамға тәуелді тозаңнан.

Қазір кәрі құрлықта КВИ-дің екінші тол­қыны есіріп тұр. Қайталап ауырып жат­қандар да бар. Ал ол елдер аурудың алғаш­қы толқынымен арпалысып жатқанда біз той тойлап жүргенбіз. Қазақтар табиғи тамақ жейді, сондықтан ауру жоламайды деген желеуді серік еттік. Бірақ COVID-19-дың ол сенімді күл талқан еткенін көз көрді. Олай болса, бізді екінші толқын айналып өтеді деп кесіп-пішіп айта аламыз ба? Жоқ. Айта алмаймыз.

Вирус сақтық шаралары қатаң сақталған жерде өрістей алмайтынын Еренқабырға сыртындағы көршінің тәжірибесі көрсетіп берді. Темірдей тәртіп ұстанған құжынаған халық соны сақтаудың нәтижесінде аман қалды. Әлі күнге ол елде ауру тіркелсе, ол сырттан кірген адаммен бірге келген болып шығуда.

COVID-19 тажал емес, әшейін ғана вирус болса неге ойланбаймыз? Өз денсаулығымызға қалай болса солай қарасақ та айналамызды сақтау үшін қарапайым сақтықты неге ұстанбаймыз? Әлде жауапкершілік жоқ па? Ал біз тәрізді аз ұлт үшін жауапкершілік керек-ақ емес пе?