Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Қыс қамсызды аямайды

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Әдетте, Арқа төсіне қардың мол түсетіні белгілі. Сол себепті, табиғаттың жылдағы мың құбылатын тосын мінезіне осы бастан сақадай-сай тұрмаса, кейін бармақ шайнап қалатын өкініші зор болады.

Қыс қамсызды аямайды

Бүгінгі күнде облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) тұрғындарды қорғау мақсатында арнайы жоспар әзірлеп, таяуда оны жария етті. Құжатқа сәй­кес, облыстағы 714 шақырым қа­шық­тықты құрайтын жолдағы қар жиі алып қалатын 525 учаске кү­шей­тілген бақылауға алына­тын болады. Сондай-ақ қар құр­сауын­да қалған адамдар үшін жылы­­натын 28 бекеттің жұмысы ұйым­дас­­тырылады. «Жалпы, қыс кезе­ңінде осы және басқа да құтқару жұмыс­тарын ұйымдастыруға 3070 адам мен 1200 техника бірлігі жұмыл­дырылатын болады», деп мәлімдеді облыстық ТЖД басшысының мінде­тін атқарушы Мұрат Қатпанов.

Қазіргі уақытта облыстық ТЖД қыс кезінде құтқару жұмыстарын іркіліссіз жүзеге асыруға жарамды техникамен  біршама тәуір қам­тамасыз етілген. Мысалы, құтқару­шылардың гаражында омбы қарды, қатты боранды елең қылмайтын 87 бірлік жүрісі өнімді және инже­нерлік техника дайын тұр. Бұл техника түрлері көбіне қар қалың тү­сетін Теміртау, Осакаровка, Моло­деж­ный, Ақсу-Аюлы, Атасу өңір­лері бағытында шоғырланған.

Жалпы, қыс кезінде адамдардың да қауіпсіздік шараларына мән беріп, сақ жүргені абзал. Жасыратыны жоқ, кейбір ағайын ауа райының қолайсыз екенін күні бұрын біл­генімен бітпейтін шаруасын сылтау етіп, жолға шығып кетеді. Сөй­тіп олар өздерін ғана емес, құт­қару­шыларды да әуре-сарсаңға салып қояды.

Бұдан бөлек мұз жұқа кезде су қоймалары мен өзендерге және көл­дерге балық аулауға жаяу-жал­пылап, көлікпен шығып кететін жұрт та аз емес. Мұндай кезде ойын баласын да бақылаусыз қалдырмаған жөн.

Сонымен қатар күн суытқанда тұрғындардың от жағып, электр жылытқыштарды қолданатыны белгілі. Дәл осындай кезде қауіп­сіз­дік шараларына өте қатты мән беріп, сақ болған жөн. Мәселен, облыста жылыту маусымы басталғаннан бері жекеменшік тұрғын үй секторында 166 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау бес адамның өмірін жалмады.

Таяуда ғана Қарағанды қаласын­дағы көпқабатты үйлердің бірінде болған өрт тілсіз жаудың сақтық шараларын сақтамаса қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Сол төтенше оқиға кезінде бір отбасының үш бірдей мүшесі жалын құшағында қалып, көз жұмды. Арасында жасқа толмаған сәби де болды. Кейін белгілі болғандай, аталған пәтердегі өрттің шығуына электр жылытқыш себепші болған екен.

Бүгінгі күнде облыста пешпен жы­лы­тылатын жер үйлерде тұратын аза­мат­тардың өмірін қауіпсіз ету үшін құтқарушылар тарапынан бір­шама шаруалар атқарылып та жатыр. Мысалы, 2020 жылдың тамыз айы­нан бері көпбалалы, әлеу­меттік жағы­нан аз қамтылған отбасы­лардың үй­леріне жергілікті атқару­шы билік пен үкі­мет­тік емес ұйым­дардың көмегімен 230 автономды дабыл қаққыш орнатылған.

 

Қарағанды облысы