Аймақтар • 05 Қараша, 2020

Алматыда тегін кәсіби тексерумен қатар, флюро және УДЗ қамтылған толық тексеру жүргізіледі

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында №25 Алматы қалалық емханасының бас дәрігері Әлия Мазбаева қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қарттар мен балаларға үйде профилактикалық медициналық тексеру жүргізу туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда тегін кәсіби тексерумен қатар, флюро және УДЗ қамтылған толық тексеру жүргізіледі

Әлия Мазбаева профилактикалық тексеру жүргізу кезінде халықтың ең осал топтары – 65 жастан асқан адамдар мен 16 жасқа дейінгі балаларға ерекше назар аударылатындығын атап өтті.

Халықты медициналық ұйымдармен толық қамту мақсатында ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін кәсіби тексеру жүргізу кестесі жасалды.

Тұрғындарға алдын ала Damumed медициналық ақпараттық жүйесі, ұялы телефондар арқылы учаскелік қызмет, сондай-ақ медициналық ұйымдардың сайттары арқылы хабарланды.

Алатау ауданында 7 ұйым жұмылдырылған, оның ішінде 5-уі мемлекеттік және 2-уі жекеменшік, оларда 231 845 адамға қызмет көрсетіледі, оның ішінде 16 жасқа дейінгі балалар 90 677, 65 жастан асқан адамдар10 918. Диспансерлік есепте 6 437 адам, ересек жас тобында 7 871 бала тұр.

«Профилактикалық тексеріс кезінде әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінеді, олар көп балалы отбасылар, бір ғана ата-ана тәрбиелеп отырған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар. Бірінші кезекте мақсатты топтардың тізімі, үйге қабылдау және шығу кестесі және үйде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін бригадалар құрылды», дейді Әлия Мазбаева.

Осылайша, бір емхана базасында 15 100 баланы және 65 жастан асқан 7 260 адамды тексеру жоспарланған.

Емханаларда келесі құрамда бригадалар құрылды:

жалпы тәжірибелік дәрігер, медбике, невропатолог, кардиолог, 65 жастан асқан адамдар үшін қант, холестерин деңгейін анықтай отырып, ЭКГ жүргізетін отоларинголог;

көрсеткіштері бойынша зертханалық зерттеулер жүргізе отырып, педиатр, невропатолог, окулист, отоларинголог дәрігер, балалар хирургі.

Патология анықталған жағдайда пациенттерге одан әрі толық тексеру үшін КДК арқылы жолдама берілетін болады.

Наурыздан тамызға дейін карантиндік шаралар енгізілгенін ескере отырып, көптеген диспансерлік науқастар мерзімді диспансерлік тексеруден уақтылы өте алмады, сондықтан бір уақытта толық тексеру, яғни флюорографиялық тексеру, іш қуысы мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі, жалпы қан мен зәр анализі, биохимиялық қан анализі, қан қысымы мен көз қысымын өлшеу жоспарлануда.

«Мұқтаж қарт адамдарға күндізгі және үйдегістационарларда емдеу, сондай-ақ тегін дәрі-дәрмек жеткізуді қамтамасыз ету ұйымдастырылады, деді бас дәрігер.

Бұдан басқа, пациенттерді үйде қараған кезде босанған әйелдерге чек-парақтарды толтыру, 5 жасқа дейінгі балаларды және диспансерлік науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету көзделген.