Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Қазыналы Қарағанды өңірінің қадамы нық

171 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» тақырыпта баяндама жасап, соңынан журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазыналы Қарағанды өңірінің қадамы нық

Облыс басшысы сөзін өңірде коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына даярлық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатқанынан бастады. Мысалы, облыста вирусты анықтау бойынша тұрғындарды тестілеу артқан. Қазір өңірде қуаттылығы тәулігіне 10 мың зерттеуге дейін жасай алатын 8 ПТР-зертхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыс үш айлық дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етілген және ауруханаларды жарақтандыру күшейтілген.

– Жарты жыл ішінде облыста ауруханалар, шипажайлар мен жатақханалар базасында 47 госпиталь ашылды. Қазіргі уақытта олардың 17-і жұмыс істейді, қалғандары уақытша жабылған. Төсек қоры үш есеге артты. Желтоқсанға қарай КВИ емдеуге арналған төсек саны 5200-ге дейін жеткізіледі. Қазір төсек-орындардың қамтылуы 4%-дан аспайды, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысының өнеркәсіптік өңір екені белгілі. Мұнда вахталық әдіспен жұмыс істейтін 40 ірі кәсіпорын бар. Олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және аурудың өршуіне жол бермеу үшін вахтаға дейінгі, сосын вахтадан кейінгі тестілеу мен карантиндеу жүргізіледі.

Карантинге қарамастан, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, Қарағанды облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі, нақты айтқанда 83%-ы жеке меншікке тиесілі. Өңірде 12,5 мыңнан астам жұмыс орнын құратын 45 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Оның ішінде жыл соңына дейін 11 жаңа өндіріс іске қосылып, 2,5 мыңнан астам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.

Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты екенін мәлім етті.

– Бүгінде облыс экономикасы дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамиканы көрсетуде. Облыстың ЖӨӨ-дегі өнеркәсіп үлесі 50%-дан асады. 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, 2,4%-ға өсті. Оның ішінде өңдеу секторындағы өсім 4,6%-ды құрады, – деді ол.

Облыс басшысы Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешенінде де жағымды жаңалықтардың бар екенін атап өтті. Бұл салада жалпы сомасы 33,3 млрд теңге болатын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сәтін салса, 1 567 жұмыс орны  құрылады. Мал шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Мал басы мен өнім өндірісі артып келеді.

Биыл облыс 1 миллион тоннадан астам астық бастырды. Оның үштен екісі жоғары сапалы бидай. Бұл 2019 жылғы деңгейден 22,6%-ға артық. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 270 мың тоннаға жуық картоп пен 53 мың тонна көкөніс жинаған.

Облыс әкімі биыл өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасын 560 отбасы пайдаланғанын айтты. Жыл соңына дейін барлық бағдарламалар мен демеушілік көмек есебінен 2 676 отбасы, оның ішінде 653 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмекші. Сонымен қатар, Қарағанды облысында 9 қала мен 114 елді мекенді газдандыру жоспарланған.

456

Өңір басшысы облыс үшін қоршаған ортаны қорғау және экологиялық дамудың өзекті мәселе екенін айтты.

– Елбасының тапсырмасы бойынша, Экология министрлігімен бірлесіп өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда атмосфераға шығарындылар 30%-ға азайтылуы тиіс, – деді.

Брифингтің соңына қарай облыс әкімі БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді. Мысалы, «Қарқаралы қала мәртебесінен айырыла ма?», деген сұраққа қысқа да нұсқа жауап беріп, тарихы терең шаһардың өз биігінде қала беретінін мәлімдеді. Қойылған сұраққа орай, «Қарағанды - Балқаш» бағытындағы төрт жолақты күре жол құрылысының келесі жылы аяқталуы мүмкін екенін айтты.

8787

Сонымен қатар, облыс әкіміне Жезқазғандағы жаңадан салынған көпқабатты үйдегі тұрғындардың мәселесі жайында сұрақ қойылды. Бұған жауап бере келе, облыс басшысы қыс ішінде бір де бір тұрғынның үйден шығарылмайтынын мәлім етті. Жалпы, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында  жауапты шенеуніктердің салғырттығынан пәтерлер дұрыс бөлінбей, 22 отбасы әуре-сарсаңға түскен. Жеңіс Қасымбек өз міндеттеріне жауапсыз қараған бұл қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза қарастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, өңір басшысы Қарағандыдағы балалар ауруханасы құрылысының келесі көктемде басталып, жыл аяғына дейін бітуі тиіс екенін хабарлады.

444

Жеңіс Қасымбекке соңғы қойылған сұрақтың бірі фейсбук қолданушысынан болды. «Сарышаған» әскери полигоны үшін біздің елімізге қанша көлемде өтемақы төленеді?» деген сұраққа өңір басшысы кейінірек, жазбаша түрде жауап беретінін жеткізді.

 

 

Қарағанды облысы