Аймақтар • 13 Қараша, 2020

Қызылордада мәслихатқа партия атынан ұсынылатын үміткерлер тізімі бекітілді

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада  "Nur Otan" қалалық филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы өтті. Оған бастауыш ұйымдарынан ұсынылған  90 делегат қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордада мәслихатқа партия атынан ұсынылатын үміткерлер тізімі бекітілді

Жиында қалалық мәслихатқа ұсынылатын партиялық тізім бекітіліп, облыстық мәслихат пен Парламент Мәжілісіне партиялық тізімге пікірсайысқа қатысушы кандидаттар анықталды. Сондай-ақ облыстық партия филиалының кезектен тыс өтетін ХХVIІ конференциясына қатысатын делегаттар сайланды.

Сонымен, ең жоғары рейтингісі бар праймеризге қатысушылар қатарынан Қызылорда қалалық мәслихатына 34 кандидаттан тұратын партиялық тізім түзілді. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, азаматтық сектор, БАҚ өкілдері кірді.

Тізімдегі әйелдердің үлесі 2,5 есеге артып, 15,7 пайыздан 38,2%-ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар 10,5 тен 20,5%-ға дейін өсті.   

Конференция барысында облыстық мәслихат пен мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін таныстырды, екінші раундта "сұрақ-жауап" түрінде пікірталас сессиясы өтті.

17 үміткердің ішінен партия мүшелері "Праймериз" ақпараттық жүйесі арқылы қалалық квотаға сәйкес 10 кандидатты таңдады.

Сондай-ақ конференция барысында қалалық партия филиалының  сайлауалды бағдарламалары бекітілді.

Филиал төрағасы, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өткендей, партияның қалалық сайлауалды бағдарламасы праймериз аясында тұрғындардан түскен ұсыныстардың 82 пайызы ескеріліп және  қаланы дамытудың негізгі 7 бағыты бойынша әзірленген.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Nur Otan" партиясы өңірлік филиалдардың конференция кестесін жариялаған болатын, оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске арналған партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады.

Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 109 кандидат қатысты. Оның 30.2%-ы – әйелдер, 23.8%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 35.7%-ы ұсынылса, 64,3%-ы – өзін-өзі ұсынушылар.