Медицина • 16 Қараша, 2020

Модульді стационар салынып жатыр

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вирус қатері қайта сезіле бастағалы өңірдегі денсаулық сақтау саласы мамандары қауырт қимылға көшті. Қазір дертке жаңадан ілінгендер қатары көп емес, дегенмен де дәрігерлер індеттің таралуын болдырмау мақсатындағы дайындықты тоқтатқан жоқ.

Модульді стационар салынып жатыр

Қауіптің алдын алу бағытында істелініп жатқан жұмыстар жайлы өңірлік коммуникация қызметінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов БАҚ өкілдеріне арнал­ған брифингте тарқатып айтып берді.

Спикерлер жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында облыс орталығы мен аудандарда нау­қас­тарға жетіп, оларға дәрігерлік көмек көрсету сапасы бір деңгейде көр­сетіліп отырғанын атап өтті. Осы­ның арқасында аймақтағы меди­циналық жедел жәрдем стансасы қызметі еліміздегі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бағалау рейтингінің алдыңғы қата­ры­нан көтерілді. Алыс елді ме­кендер тұрғындары да сапалы және жедел медициналық көмектің қол­же­тім­ді­лі­гін анық сезініп отыр. Өткен апта соңында жедел жәрдем қызметіне 42 автокөліктің кілті табысталды. Осындай қолдаудың арқасында биыл шақырыстарға кешігу 2,5%-дан 1,9%-ға азайып, нәти­желі реанимация 47,2%-дан 56,3%-ға ұлғайған. Эпидемиялық мау­сым басталғалы бері облыста 3 264 науқас тіркеліп, олардың 97 пайызы құлантаза айығып шықты.

Кесел өршіп тұрған кезде байқалған дәрі-дәрмек тапшылығын алда болдырмас үшін мамандар стационарлық және емханалық жағдайда жетіспеген препараттарға сараптама жасап, дәрі­лер тізімі жасақталды.

Қажет болған жағдайда 21 инфек­циялық және провизорлық орын­дар қайта ашылады. Сондай-ақ 200 төсек-орындық модульді инфекциялық аурухана құрылысы жүргізілуде.

Індет басталғанға дейін облыста өкпені жасанды тыныстандыратын 76 аппарат болыпты, қазір бұл құрылғы саны 244-ге жетіп отыр. Алда Дүниежүзілік банкі арқылы тағы да 47 аппараттың жеткізілуі жоспарлануда. Жергілікті бюджет есебінен 4 флюро және 6 стационарлы рентген қондырғысын сатып алу көзделіп отыр. Вирустың екінші толқынына орай жасалған дайындық жұмыстары аясында құрамында 3 500 медицина қызметкері бар мамандар резерві құрылды.

Аймақтағы іргелі кәсіпорындар да дерттің таралуын барынша тежеуге хал-қадерінше көмек қолын созып жатыр.

– Мысалы, Қазалы ауданында «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» ком­­­­­­­па­ниясының демеушілігімен бір от­тегі стансасы салынады. Бұл станса Арал және Қармақшы аудандарын, Байқоңыр қаласын отте­гімен қамтамасыз ете алады. «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС облыстық ауру­хана базасында қала аумағындағы емдеу мекемелері мен Сырдария, Жалағаш аудан­дарын қам­­­тамасыз ететін стансаның тағы бі­­рін салуға әзір, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Бастапқы медициналық сани­тарлық көмек көрсету бағытын­да да біршама жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шілде айынан бастап қала, аудан әкім­діктерімен бірлесіп емханалар база­сында үй жағдайында дәрігерлік кө­мек беретін мобильдік бригадалар ұйымдастырылған еді. Осындай топтар саны аз уақытта 161-ге жетті. Олардың 38-і Қызылорда қаласында, 28-і аудан орталықтарында, 95-і ауылдарда ұйымдастырылды. Мобильдік бригадаларды жергілікті билік көлік­пен қамтамасыз етіп, науқасқа жедел жетуіне бар жағдайды жасады. Осы топтар бүгінге дейін 13 368 шақыртуға барыпты.

Айтқан жерден аулақ, бірақ алда да ауру өрши қалса, мобильдік бригадалар қайта жұмылдырып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, дәрілік заттарды жеткізуге әзір тұр.

 

Қызылорда