Руханият • 16 Қараша, 2020

Жауапсыз махаббат

1201 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Кейде аса танымал болу да өте қауіпті. Ең қиыны, сіздің ол талантыңыз не өзіңізді, не айналаңызды білдірмей жұтып, үнсіз үгітіп жатқанын ешқашан сезбеуіңіз мүмкін. Әрине, бұған сізді ешкім кінәлай алмайды. Шынымен де, өміріңізде сіз білмейтін, ешқашан танымаған адамдардың қатысты болуы, жай ғана қатысы болып қана қоймай, қасірет шегуі сізге ешқандай жауапкершілік жүктемейді. Жалпы, күніне көшеден қаншама адамды кезіктіресіз. Алайда оның барлығы сіздің тағдырыңызға қатысты адамдар деп ешкім ойламайды. Сіз де ол адамдарға ешқашан мән бермейтініңіз анық. Әрине, ар азабының алдында нағыз ақиқатпен бетпе-бет келгендегі жағдай бізге белгісіз, дегенмен сіздің өміріңізге тікелей қатысы бар адамдарды түгел тізімдеп шығу өте қиын.

Жауапсыз махаббат

Ал енді сіздің талантыңыздың, танымал­дығыңыздың, сұлулығыңыздың құрбаны болған адамды сіз тәкаппарлықпен, кеу­дем­соқтықпен, жауапсыздықпен танымай өткен болсаңыз, ол онда басқа әңгіме.

Жазушы Стефан Цвейгтің «Бөтеннің хаты» новелласын оқыған оқырман, аталған шығарма бойынша түсірілген бір­неше кино фильмдерді саралаған көрер­мен сөзсіз осы ойлардың тұтқынына бір­ден айналады. Он­дағы талантқа табыну мен көзсіз ғашық болудың салдарлары, жауапсыздықтардың құрбаны болған жа­зықсыз жандардың қайғы-қасіреттері шынымен ешкімді бейжай қал­дырмас еді.

Жалпы, «Бөтеннің хаты» – таныс һәм бейтаныс тағдырлар туралы толғам. Ең қызығы, өзін сырттай сүйіп өткен жанды ешқашан танымаған талантты жазушы мен ғажайып қаламгерді мәңгі сүйіп өтсе де оны толық танымаған бейтаныс ару тағдыры туралы новелланы парақтаған сайын сіз өзіңізді де тергеумен боласыз. Соншалық адал махаббаттың өтелмегеніне бейне өзіңізді де кінәлайсыз. Небәрі 13-ақ жасында ғашықтық отына абайсыз түсіп кеткен бейшара қыздың түсініксіз сезімі мәңгі түсініксіз болып кетуіне кім жа­­зықты деп дал боласыз. Айтпақшы бұл шы­ғарма сондай-ақ жай оқылып қана қоймай, адамға еріксіз қалам да алдырады. Қалам алдырып қана қоймай, бейкүнә сезімдерге бейтарап қарай алмайтындығыңызды есіңізге салады. «Бөтеннің хатындағы» екі кейіпкер бір-біріне мәңгі бөтен болғанымен, біз оларға, олар кешкен сезімдерге ешқашан бөтен емес екеніңізді сезумен боласыз.

Шығармаға үңілмес бұрын алдымен оқи­ғаны баяндап өтсек, танымал фантаст жазушы кезекті бір сапардан кейін Венаға оралады. Ол өзінің қырық бірінші туған күні екенін кездейсоқ есіне алады. Кездейсоқ дегенде, жылда туған күнінде қоңыр вазада тұратын аппақ раушандар бұл туған күнде болмай шығады. Есе­сіне, поштасында ауыр конверт жатады. Самар­қау жүріп конвертті ашқан жазушы отыз шақты парақтай қолжазбаны көреді. «Мені ешқашан білмеген, танымаған адамға» деген сөздермен басталған махаб­бат хикаясы жазушыны өзіне бірден тартып әкетеді. Алайда бұл хикая сіз бен біз ойлағандай аса бір қуанышты болып шық­пайды. Өзінің бүкіл тағдыры туралы баяндалатын қолжазбаны автор қайтыс болып кеткен баласының қасында отырып жазып отырғанын білгенде тіпті денеңіз түршіге бастайды. Ал енді ол қайтыс болған баланың әкесі осы хатты оқып отырған жазушының өзі екенін білгенде есіңізден тіпті тана жаздайсыз? Жалпы, өмірде өзінің баласы болғанын, оның анасы өзін өмір бойы сүйіп өткенін білмей, сезбей өмір сүріп жатудан асқан қасірет болуы мүмкін бе? Ең қиыны, хаттың басында жазылғандай, егер сіз бұл хатты оқып отырған болсаңыз, мен бұл өмірде әлдеқашан жоқпын деген жолдар бар. Сондай-ақ хаттармен қоса кішкентай ұлмен түскен бірнеше сурет те қоса жол­дан­ған. Алайда суреттегі келіншек өзінің бет әлпетін әдейі ойып тастаған. Хат шы­нымен де бөтен адамдыкі, кім болуы мүмкін? Шығарма сол адамның кім екенін осынау хаттың ішінде баяндайды.

Шын мәнінде бұл жазушыға ол бейтаныс келіншек ешқандай да бөтен деу­ге келмес еді. Себебі 13 жасынан бері сол қаламгердің әр қадамын қалтқысыз бақы­лаған кішкентай қыз, кейін ессіз ғашық келіншек оған анау айтқандай жат адам болмауы керек қой. Бірақ новел­ладағы кейіпкер жазушының жауапсыз­дығы дейікші, тіпті өмірде ондай адамның болғандығын осынау хаттан біліп отыр. Рас, оның соншалық тәкаппарлығы я болмаса жауапсыздығы не болмаса басқа әйел­дерге деген сұмдық көрсеқызарлығы оған өмірде осындай адам болғандығын тіпті ұмыттырып жіберген.

Кедей отбасында өмір сүріп жатқан 13 жасар кішкене қыз бір күні өздеріне қарама-қарсы үйге жазушы көшіп келеді дегенді естиді. Жалпы, ол үйде бұған дейін күндіз-түні ішіп алып әйелін сабай­тын еркектің отбасы тұратын еді. Алайда көршілердің наразылығынан олар басқа жаққа қоныс ауда­рады да бос үйге жазушы келетін болады. Бәрі сол жазушының көшіп келуінен басталады. Әлі ғашықтық сезімнің не екенін түсінбейтін кішкентай қыз сол келейін деп жатқан жазушыға бейсана ғашық бола бас­тайды. Оның тіпті біртіндеп әкелініп жатқан бұйымдарының өзі жас қызға біртүрлі ыстық көрінетін. Тіпті оның көп кітаптары беймәлім жазушыны сон­шалық мейірімді адамдай көрсетіп тұратын. Бірақ қыз бұл кітаптардың иесі қарт кісі деп топшылайды. Негізі солай бол­ғаны да дұрыс еді. Алайда бейшара қыздың сорына ол жазушы небәрі 25 жастағы қылшылдаған сұлу жігіт болып, бейшара қыздың әлеміне кіріп келе жатады. Бітті, өзі толқып жүрген жүрек бірден ғашықтық отына оранып кете барады. Сол күннен бастап жас қызда тағат қалмайды. Өзінің құпия ғашығын күндіз-түні бақылаумен болады. Кірсе есігін ашады, шылым лақтырса, жерден көтеріп үйіне әкетеді. Жазушы оқыған мыңдаған кітапты ол да оқиды, қаламгер ғашығы ұнатуы мүм­кін деп фортепиано да үйренеді. Әлем­де не бар, соның бәрі жазушы үшін жарал­ғандай. Жұпынылау киімін де сәндеп киіп шығады. Қарсы алдынан «ғашығы» шы­ға қалса, тіпті көйлегіндегі жамауды қолын­дағы кітаптармен тыға қояды. Шіркін, бала махаббат-ай, әйтпесе жамауыңыз не, сол жамау көйлекті киіп тұр­ған кішкентай қызға жазу­шының назары жалқы сәт бұрылса, қане? Бұның біріне де назар аудармаған жас сері өз өмірін сал-серілікпен алаңсыз өткізе береді.

Қыз анасы екеуі ғана тұратын. Бір күні жесір шешесі оған тұрмысқа шыға­тынын, сөйтіп басқа қалаға қоныс аудара­тын­дықтарын айтады. Алайда тосын хабар қызға өте ауыр тиеді. Себебі бейтаныс ға­шы­ғынан бұл бір қадам да алыстағысы келмейтін.

Айтпақшы, жазушы үйінде жалғыз тұр­майтын еді, оның қасында біраз жасқа келіп қалған күтуші ағай жүретін. Жас қыз тіпті ғашығының үйіне кіру үшін әл­гі күтушіге көмектесіп, үйін жинасып, кілем­деріне дейін қағысатын. Ойлаңызшы, оған дүниеде сол кілемнен әдемі кілем жоқ­тай көрінетін еді-ау, сол үйдегі заттардай қымбат зат жоқтай бо­латын. Оның көзімен қарасақ, ол үйдегі бар­лық зат қызға өте таныс, қызды танымай­тын тек жал­ғыз жазушы ғана. Шынымен де, бұл қыз жоқшылықта өмір сүріп жатты, оның үс­ті­не әкесіз өскен қыз бұл еркекті тым ас­қақ баға­лайтын. Асқақ та шығар, бірақ дәл бү­гін­гі хатты оқып отырғанға дейін ғана биік бо­латын ол...

Анасы Инсбургке алып кеткенімен он­да көп болмай, 18-ге толар-толмастан ол Венаға асығып жетеді. Себебі Вена ол үшін жай қала ғана емес, Вена ол үшін – өзі өлердей ғашық адам тұратын қала, Вена – алғашқы махаббатын сезіндірген аяулы шаһар. Келе салысымен жазушының үйін бетке алады. Алайда қызқұмар қаламгер бұрынғы әдетімен үйіне небір сұлулармен кіріп бара жататын әдетінен еш қайтпаған. Бірақ ессіз ғашыққа бұл қарекеттер тіпті де бөгет емес. Сүйсінген үстіне сүйсініп, кешке жұмыстан кейін бейне қайыр сұраған қайыр­шыдай жазушының үйінің алдында тұратын. Оның бұл әрекеті шынымен ма­хаб­батқа қолы ешқашан жетпеген сорлы қайыршылықтан еш кем емес еді.

Қызық болғанда жазушы бір күні біздің кейіп­керімізді ақыры көреді. Көріп қана қой­май, кешкі асқа шақырып, «сізді бұрын көрген сияқтымын» деген сияқты шаблон сөздермен бірге шарап та құяды. Сөйтіп бейшара зарықты өзі қаншама жыл бойы күзетші болған есігіне ес-түссіз жетектеп кіріп бара жатады...

Біраз уақыт тағы өтеді. Жазушы ұзақ сапар­лармен қалаға келіп-кетіп жүреді. Ол кез­де біздің ғашық адамымыз енді жай ғана ғашық емес, ол өзі өлердей сүйген адамның баласы­ның анасы да еді.

Әрине, тура сол кезеңде әлемде үлкен пандемия жүріп жатады, жағдай өте қиын кез, баланы асырауға мүмкіндігі жетпеген бейшара келіншектің айналыспаған дүниесі қалмайды. Небір бай еркектердің көңілін көтере жүріп ғашығы туралы ойлаумен болады. Ал есесіне ғашығы оның осы сергелдеңіне не деп жа­уап берді деп ойлайсыз, ол да Венаға келген кезекті бір сауығында өзін өмір бойы сүйген адамды тағы да үйіне шақырады. Алайда бұ­рын таныс адамын емес, көрсеқызарлықпен кабак­тан тауып алған тамаша олжа деген есеппен есігіне қарай сүйрейді. Әдеттегідей, «мен сізді бұрын бір жерден көргендеймін» деген татымы жоқ тантық сөздерін аямай төгеді. Ең сорақысы, таңертең ол «бейтаныс бейшара келіншектің» әмиянына ақша салып жатады. Өзінің баласының анасына, өзін өмір бойы сүйіп өткен зарыққа бұл әрекет өлімнен басқа жол қалмағанын білдіреді. Испан тұмауынан баласы көз жұмады, артынша сол дерттен өзі де келмеске кетеді. Соңына әлгі хатты жазып қалдырады.

Өзін сүйген адамды өмір бойы танымау, көрмеу аса бір қиын шаруа емес. Бірақ сорлы келіншек соңғы кездесуден жылап шығып бара жатқанда оны күтуші қарт кісі жазбай тани кеткенін білгенде күйіктен өртеніп кетуге шақ қаласыз... «Сен біздің үйге қарама-қарсы тұрған кішкене қыз емессің бе, сен бұған дейін бұл үйге тағы бір рет келген едің...» дей бергенде оны тоқтатып, жазушы берген ақшаны соған төлеп, өзін ешқашан танымауын өтінеді.

Басында біз айтып кеткен әр туған күн са­йын вазада тұратын ақ раушандар да осы ғашық қыздың сыйлығы еді. Бірақ жазушы бұлардың бірін де білместен өз қызығына батып өмір сүре берді. Ойлаңызшы, бұл екі кейіпкердің арасындағы сезімдерді не деуге болады? Жауапсыз махаббат деп жеңіл құтыла алмайтынымыз белгілі, сонда не? Бәлкім таптық теңсіздік те осындай жағдайларға жетелей ме екен? Әрине, бұндай ессіз ғашықтық жайлы бұрын-соңды білмедік деу қате. Жүсіп-Зылиқа оқиғасынан да ғашықтық дертіне ұрынған ұлы махаббат ақылға сыймайтын небір әрекеттерге барғызады. Бізге оның барлығы түсінікті, алайда сені сүйген адам мейлі алдыңда есік ашып тұрған жап-жас қыз болсын, мейлі сені сүйген 18 жасар сұлу болсын, кейін балаңның анасы болсын, тіпті жеңіл жүрісті адам кейпінде де көре тұрып оны танымауды не деп ақтап алуға болады?! Шын мәнінде ол жазушы өзін-өзі танымайтын еді. Олай дейтін себебіміз, біздің кейіпкер қыз жазушымен екінші мәрте пәтерде отырғанда осы тақырыпты қаузайды. Менің сүйген жазушым бар, алайды оны сіз танымайсыз дейді. Кейде шынымен сізге барлығы көрініп тұрғандай болады, алайда сіз ең керек адамды елемеуіңіз мүмкін. Сол адам сіз үшін бүкіл тағдырын тәрк етеді, ал сіз үшін ол тек бейтаныс адам болып қала береді. Немесе ол адамға сіз ең жақын бейтаныс адам болып кете барасыз. Классик Цвейг сондай-ақ аталған новеллада Испан тұмауы туралы бекер айтпайтын сияқты. Оқиға өтіп жатқан уақытта қатерлі тұмау адамзатты жаппай жалмап келе жатса, біздің кейіпкер қызымыздың махаббаты да сол дерттен бір кем емес еді. Жалпы, ғашық кейіпкер шығармада Испан тұмауынан өлді ме, жоқ ешқашан өзіне жауап қатпаған махаббат азабынан өлді ме, ол да үлкен сұрақ.

Тағы бір айта кететін мәселе, бейшара қыз да өзін-өзі толық таныған адам демес едік. Бірақ бұнымен оның ғашығын ақ­тап тұр­­ғанымыз жоқ. Автордың өзі атап өт­кенін­дей, адам адамды киімінен танымаса да оның көзі­­нен, оның ішіндегі мені танисыз ғой деген жалынышты қасіреттен танымау мүмкін емес еді ғой.