Сұхбат • 20 Қараша, 2020

Тиіспе. Не трогай. No Harassment

588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда іске қосылған «Тиіспе» жобасы әйел құқықтарын қорғауға және жұмыс орындарында қандай да бір кемсітушілікке жол бермеуге ба­ғыт­талған. Мұн­дағы мақ­сат – Қа­зақ­стандағы адам құқық­тарын, оның ішінде әйел құ­­қықтарын қор­ғау, әсіресе жұ­мыс ор­­нын­­дағы тиі­суге яғни харассмент­ке, жол бер­меу. Бас­та­ма­­ның авторы заңгер Әйгерім Ермек­бай­ды сөзге тартып, жо­ба­ның мән-ма­ңызы жа­йын­да сұрап білдік.

Тиіспе. Не трогай. No Harassment

– Біздің қоғамда әйел теңсі­з­дегімен қалай күресу керек деп ойлайсыз?

– Ең біріншіден, әйелдерге ерлермен тең жалақы тағайын­далуын талап ету. Екіншіден, әйелдерге қызметтің кез келген түрін істеуге мүм­кіндік беру. Өздеріңізге мә­лім, Қазақстанда кәсіптің кей­бір түрлерінде әйел­дерге жұ­мыс іс­теуге тыйым салынған. Сон­­дай-ақ жұмыс барысында оған ешқандай да қысым көрсе­тілмеуіне заң жү­зінде қатаң тыйым салуға ықпал етуіміз тиіс.

– Егер әйел гендерлік теңсіз­дікті басынан кешірсе, не істеу керек?

– Заңгер ретінде менің ұсы­нысым алдымен сотқа, одан кейін құзырлы органдарға шағымдану керек. Себебі заң солай. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар іс жүзінде әйелдерге көмектесе алмай келеді. Бұл жерде мемлекеттік ұйым­дар тарапынан, қоғам тарапынан немқұрайдылық та бар. Одан кейін мұндай істерде не істеу керектігін мемлекеттік органдар біле бермейді, өйткені заң жағынан мұндай механизм жоқ. Сондықтан да әйелдерге кеңесім, жоғарыда аталған органдар көмектеспеген жағдайда, олар әрі қарай тек БҰҰ-ға, яғни Адам құқықтары жөнінде комитетке шағымдануына болады.

– Тиіспе/Не трогай/No Ha­ras­s­ment жобасына кеңірек тоқ­та­лып өтсеңіз? Неліктен бұлай ата­дыңыз?

– 2020 жылдың қыркүйек айында МИСК ұйымында «Адам құқықтары» жөніндегі мектепті тәмамдағаннан кейін пайда болған жоба. Осылайша «Тиіспе» (tiispe.kz) атты жобама грант ұтып алдым. Жобаның мақсаты әлеуметтік желіде адам құқықтары, әйел құқықтары са­ласындағы сауаттылықты арттыру, сондай-ақ әйелдерге жұмыс орнындағы тиісулерге, яғни ха­рассментке жол бермеу. Сон­дай-ақ осыған қатысты тиісті заң­дардың шығуына ықпал ету. Яғни аталған тақырыптар жайлы қазақ тілінде ақпаратты көбірек тарату, видео түсіру арқылы насихатын арттыруымыз керек. Ақпарат аздығынан біздің қаракөз қыз­дарымыз бұл мәселе жайын­да мүлдем хабарсыз болуы мүмкін. Ал ең бас­ты мәселе елімізде жыныстық қатынасқа мәжбүрлейтін харассментке қатысты заң жоқ. Яғни кез келген әйел жұмысында осы жағдайға тап болған кезде оны шешудің тек қана екі жолы бар. Біріншісі, сол жағдаймен үнсіз келісу, екіншісі жұмыстан өз еркімен шығу. Осы ретте менің қолға алған жобам алдағы үш жыл ішінде қы­сымға тап болған әйелдерге заң жағынан көмектесуді көз­дей­ді. Себебі қазіргі таңда аталған жағдай бойынша БҰҰ-ға тек бір әйел ғана шағымданған. БҰҰ әйелдер ұйымымен бірлесе жүргізілген сауалдама бойынша Қазақстанда әрбір үшінші әйел харассментке ұшырайды.

– Жыныстық зорлық-зом­­былық құрбандарын әлеу­мет­тік қорғау, қол­­дау көрсету ісін­дегі ең үлкен қи­ын­­дық қан­дай?

– Көбіне әйелдер қоғам, мем­лекеттік ұйымдар тарапынан ешқандай қолдау таппайды. Қолдау ретінде психологиялық көмек, заңгерлік көмек қажет болады. Сонымен қатар заң жа­ғынан тек қана зорлауға қатыс­ты жаза бар, ал харассментке қатысты заңдық тұрғыда еш­қандай механизм жоқ.

– Ал ерлер қауымы кей әре­­­кет­терінің әйел құқығын бұзатынын неге біле бермейді?

– Менің ойымша, қазақ тілінде ақпараттың аз болуында. Бұл жайлы әлеуметтік желілерде көбірек айтылуы керек.

– Біз «жәбірленушінің өзі кі­нәлі» дегенді жиі естиміз. Қо­­ғам­дағы ондай сыңаржақ көз­қарасты қалай өзгерте аламыз?

– Бұл жерде жалпы қоғамның құқықтық сауаттылығын артты­ру керек сияқты. Мысалы, мен өзімнің YouTube каналым­да (8 мың оқырманым бар) қазақ тілінде заң жағынан кеңестер беремін. Менің ойымша, әлеу­меттік желілер – ол жағынан өте тиімді құрал. Жуырда ғана арнадағы адам құқықтары жайындағы шығарылым өте жоғары сұранысқа ие болды. Енді осы қараша айында әйел құқықтары мен харассментке қатысты материал­дарды беруді жоспарлап отырмын.

– Харассментті, әсіресе ер­лер­дің әйелдерге тиісуін тоқ­тату мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін, қазіргі таңда мен қателеспесем Пар­ламентте осы жайлы заң жо­басы дайындалып жатыр. Алай­да ол жерде харассментке тек қана Қылмыстық кодекске өз­герістер енгізу арқылы жаза та­ғайындалады екен. Менің ойымша, бұл дұрыс емес, себебі басқа елдерде мұндай жағдайда ең бірінші, жұмыс беруші жауапты. Яғни осындай мәселеге жұмыс уағында тап болған әйел бірінші болып жұмыс берушіге хабарлау керек, бұл ретте Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу керек болады. Егер бұдан да ешқандай нәтиже шық­паған күнде, жәбірленуші әйел сотқа шағымдануы тиіс. Ол жерде жұмыс берушіге аталған мәселені шеше алмағаны үшін әкімшілік жаза, айыппұл салынуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»