Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Екі инвестициялық жоба бойынша меморандумға қол қойылды

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестициялық жобалар бойынша мәжіліс өтті. Мемлекеттік орган өкілдері мен инвесторлар қатысқан жиында экспортқа бағытталған 2 жоба таныстырылып, жүзеге асырушы компания құрылтайшыларымен меморандумға қол қойылды.

Екі инвестициялық жоба бойынша меморандумға қол қойылды

"Екі жоба да салаға жаңа серпін береді деп санаймын. Пайдаланылған суды екінші рет қайта қолдану және жаңбырлатып, тамшылатып суғару әдісін енгізу арқылы біз әртараптандыруға бағытталған жұмыстарымызды жетілдіре түсеміз. Сондықтан, бұл бағыттағы егін орналастыру көлемі мен мал азықтық дақылдар үлесі ұлғайтылатын болады. Ұсынылып жатқан жобаларды қолдап жүзеге асыруымыз қажет", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бірінші жоба – «Қызылорда AGRO PLUS» ЖШС-нің «Жаңақорған ауданында тамшылатып суару әдісімен 3 мың га жерге өндірістік негізде қызанақ дақылын өсіру» және куаттылығы жылына 15 мың тонналық концентрленген қызанақ пастасын өндіретін зауыт құрылысын инвестициялау жобасы. Құны 26,8 млн еуро болатын жобаны жүзеге асыру барысында 500-ге дейін жұмыс орнын ашу көзделуде. Қазақстанның түрлі облыстарында қойылтылған томат пастасын өндіру бойынша толық циклді зауыт құруды көздейтін бастама құрылтайшысы «Orbis Agro» компаниясы.  

Екінші жоба аясында Шиелі ауданында пайдаланылған ағын суды қайта қолдану арқылы жаңбырлату тәсілімен 10 мың гектарға жоңышқа егу қолға алынады.

Облыс әкімі жауапты сала басшыларына зауыттар үшін инфраструктурасы қамтылған жер учаскелерін белгілеуді, қажетті инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізуді, индустрияландыру картасына енгізуге өңірлік үйлестіру кеңесінде жеделдетіп қарауды және аталған инвестициялық жобалардың толық іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.