Оқиға • 05 Желтоқсан, 2020

Волонтерлер жас отбасына үй тауып берді

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қайырымдылық мақсатында құрылған павлодарлық «Клуб добряков» тобы Тереңкөл ауданындағы Песчаное ауылындағы бос қалған үйді мұқтаж отбасына тегін беретінін жариялады. Хабарландырудан кейін топ өкілдеріне өтініш білдірген, жағдайын айтып келген отбасылар әп-сәтте табыла кетті.

Волонтерлер жас отбасына үй тауып берді

 

Үй иесі Галина Дмитриева әжесі отыз жыл тұрған үйі бос қа­лып, ие болар жаңа отбасы іздейді. «Бұл үйге отбасымыз 1991 жылы көшіп келді. Мұнда үш ұрпақ өсіп-өнді. Жаз сайын әжемізге демалысқа келетінбіз. Ерекше естелікке толы үй. Осы үй­де отбасымыз түгелдей жи­нала­тын. Бақшада жеміс те­ріп, кешке соны бәріміз жей­тінбіз. Бұл үйде еңбек ету­ді үйрендік. Бұл мекен – ба­лалық шағымыздың куәсі. Жаз­да әжем бақилық болып, үй бос қалды. Енді осы құтты үйді мұқтаж отбасына берсек деген ниет пайда болды», дейді Галина.

Үй иесінің айтуынша, бұл хабарландыруға дейін пәтер бір отбасына сыйланыпты. Олар тек коммуналдық қызметін төлеп тұрса деген келісім болған. Алай­да жаңа отбасы марқұм әжей­дің заттарын сатып, оған қоса ком­муналдық қызметтері үшін берешегін өтемеген. «Олар­мен қоштасуға тура келді. Біз шы­нымен мұқтаж, алайда жауапты, жақсы отбасын іздейміз. От­басымызбен қала­дағы «Клуб добряковқа» хабарласуды жөн көрдік. Өйткені естелікке толы үйді жақсы отбасына сеніп тап­сырғымыз келді», дейді ол.

Еріктілер де аманатқа қия­нат қыл­май, отбасыларды ірік­теуге көшіпті. «Он шақ­ты отбасы хабарласты. Әр­қайсысының өз оқиғасы бар. Жалпы, үйде барлық жағдай бар. Үлкен үш бөлме, кең аула, бақша мен монша да бар. Ауылда жұмыс та та­бы­­лады деп ой­лаймыз. Үй ор­талықта, әкімдік жақын. Ертіс те жанында. Ебін табамын деген адамға мүмкіндік бар. Бақшасының өзі үлкен», дейді қор жетекшілері.

Аудан орталығынан 20 ша­­­қырым жерде, Ертіс бо­йын­­дағы үйге екі қыз тәр­биелеп отырған жас от­басы ие болды. Қамитовтер бес жыл бұрын отау құрған. Қай­ролла мен Раушанның бү­гінде екі қызы бар. Бірді бір­ге жалғап келген жас отбасы жаңа үйге үлкен үміт­пен көш­ті. Волонтерлер оларға кө­шуге жәрдемдесіп, қыста қи­налмасын деп 1 тонна көмір түсіріп берген.

«Үйді бізге беретінін ес­тігенде қатты қуандық. Ал­ғашында сен­бедік те. Қат­ты қобалжып, не істеп, не қой­ғанымды ұмытып қал­­дым. Көшер күнді асыға күт­тік. Қыздарымыздың қуаны­шын­­да шек жоқ. Мұндай сый­лық­қа рахмет! Волонтерлер көшуге көмектесті. Гали­на­ның өзімен кездесіп, та­ныс­тық. Ол бізді үйге өзі алып барды. Енді біздің де өз үйіміз бар. Енді бәрі жақ­сы болады», дейді Раушан Қа­­митова.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024