Қоғам • 04 Желтоқсан, 2020

Тығырыққа тірейтін тұйық тірлік

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы күні ең оңай жұмыс кеңседе отырып, билік құру, ақыл айту секілді. Оны жұрт қалай қабылдайды, нәтижесі бола ма, әлде айтып құтылдым үшін бе екен? Орыстың әдебиет сыншысы В.Белинский «Аяғыңыздың астына қараңызшы» депті. Оларға иіліп, бүгіліп, тұқшыңдап, аяқтың астына қарау қиын болса, төңірегіне жасандылықпен емес, өзін алдау үшін емес, жалған мәліметті малданбай, тұрғындардың сөзіне сәл де болса құлақ асып, ақиқатты аттамай жіті қараса халықтың бар-жоғын көрер еді. Бүгінгі бір олқылығымыз айта салып, халықты алдай салсақ болады дегенге саяды. Мұның ақыры бір кездері әттеген-айға әкелуі мүмкін.

Тығырыққа тірейтін тұйық тірлік

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір қызығы, алыстағы билік өкіл­дері ғана емес, жергілікті жердегі ха­­лықпен қатар жүр делінетін кей­бір ауыл, аудан әкімдері де ат үс­тінен сөйлеуге, сырғытпа жауап бе­руге әдеттеніп алыпты. Біз мұны соң­ғы айларда ауыл жұртымен тіке­лей араласып, шенеуніктермен пі­кір­­лескенде аңғардық. Тіпті кей­бі­реулері жұртқа миығынан қа­рап, қайда жазсаң да, қайда барып айт­саң да, бәрібір жазғаныңды біз­ге жі­береді, айтқаныңды бізден сұ­рай­ды, сондықтан байқау керек деген үстемдікке, өзімбілемдікке әбден дағ­дыланып алған тәрізді. Мысымен, сұсымен басуға бейімделгендер де, дағдыланғандар да жоқ емес. Мұн­дай қоқырайған қылық кей жерде халықты ашындырып, ашық қарсы шығуға, ақпарат құралдарынан араша сұрауға еріксіз апаратын тұстар да көрініс бере бастаған.

Жақында Ішкі істер министрлігінің білдей департамент басшысы Д.Таев ауылдағы ұрланған малдың 60%-ы жайылымда қолды болатынын айтып қалды. Айтып қана қоймай, алдағы уақытта арнайы ереже жасап, оны бекітіп, ережені бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 3-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл салып, әкімшілік жауап­кершілікке тарту қажеттігін атады. Ол аз десеңіз, әр өңір мал бағудың өз ере­жесін жасауы тиіс көрінеді.

Бұл құқық қорғаушылардың өзін ақтап, ауыл жұртын тұқыртып алу емес пе? Ауылдың ақ-қарасын білетін Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған бір уәж айтар деген ниеттеміз. Ауылды тұқырту, ауыл халқын айып­пұлмен тұншықтыру ертеңгі тірлікті оңалта ма, омалта ма?

Онсыз да оңала алмай, басқа тарт­са аяққа, аяққа тартса басқа жетпей қиналып отырған ауылдағылар мен оларға бір табан жақын жүрген мұңдастар мұны қарау іс, тығырыққа тірейтін тұйық тірлік, кеңседе отырып жұртпен санаспау деп қынжылыс білдіреді. Алға тартар уәждері, Пре­зидент айтқан «жұртқа жақын поли­цияның» ұрыға шамалары жетпеген соң, сыбайластықты бүркемелеу үшін бар кінәні аулдықтардың өзіне жауып, судан таза, сүттен ақ болуды ойластырып отырған жоқ па екен дейді. Жайылымдағы мал былай тұрсын, қас пен көздің арасында ауыл-үйдің маңынан, қорадан әкетіп жатқанды қайда қоямыз дейді. Әлде өзіміз жарау­лы жасақ әзірлесек пе екен дегендер де бар. Ұрыны ұстап берсең, құқық қорғаушылар түрлі сылтаулармен шығарып жіберетініне, кейде тергеуді сағызша созып, ақыры жауып тынатынына да дәйектер келтіреді.

Сөйтіп, енді ұры кінәлі емес, мал­дың иесі кінәлі болып шықпақ. Айыппұл төлеп, қалтасын қағу ғана қалып тұр ма? Таев мырзаның мына сөзі ауыл жұртын қорғау емес, қорлау болып тұр дегендер де баршылық. Күн көріп отырған бар малымызға жанашырлық танытпаса, онда сатып құртпасақ болмас деп күйінгендер де кездеседі. Жердің тарылғанын, қолында барлар қонышынан басып жүргенін, иесі белгісіз делінетін мықтылардың алған жеріне қадам баса алмайтынын айтып, бұл не өзі деп таңғалатындар да табылады.

Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы «Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңы­зы бар мәселе. Ауылдағы мей­лінше өзекті мәселелерді шешу­ге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру жалға­са­тын болады», деген сөзіне бағып, айып­пұл тынысымызды тарылтса, стра­тегиялық маңызы бар мәселе қалай орындалады деп сұрақ қойып жүргендер де аз кездеспейді. Әлгі тұспалмен жасалатын ереже қыспаққа алса, күніміз не болады, ауыл гүлдене ме, әлде құрдымға кете ме дегендер де жоқ емес.

Ақиқатына келсек, көптеген ауыл халқының алқымынан алып отырған бұл тұйыққа тірер тірлік жердің жет­пеуінен, жабайы жекешелендіру ке­зінде дағдарған жұрттың заман ағы­мына ілесе алмай шұбырып кетуінен де болғаны рас. Үлесіне тиген жерден көз жазып қалғандардың қазіргі ащы айқайы құлақ тұндырады. Бір атап өтерлігі, қазір ұлтымыздың бі­раз бөлігі ауылға бет бұрды. Бұл ел бесі­гінің дұрыс тербелуіне, тұрмы­сының түзелуіне жан бітіруі тиіс.

Жасыратыныны жоқ, сол ауылға бет бұрғандар кездесіп отырған басты қиындық – жер мәселесі. Жергілікті жердегі әкім-қаралар да бұл жағынан кел­генде дәрменсіз. «Жер жоқ» де­ген­­нен басқа айтар уәждері бола бер­­мейді. Талапайда қауқары барлар қамтып қалғанын айта алмайды. Олардың кім екеніне келгенде де тіл­дерін тістейді. Көбінің иелері да­ла­да емес, қалада, төмені облыс орта­лық­тарында көрінеді.

Қазір кейбір ауылдардың маңын­дағы шұрайлы жайылымды, құнарлы суармалы жерді қоршап тастаған. Ол бір кездері сол ауыл халқының мал жаяр өрісі, жыл маусымының төрт мез­гіліндегі қонысы, жем-шөп еккен өңірі еді.

Тіпті түрлі жеміс еккендер қор­шау былай тұрсын, төбесін торлап тастаған. Қарапайым халық оған қиы­ла қарайды, кімдікі екеніне көз­де­рі жетпейді, біз қайда қалдық десе, сөзі өтпейді. Амалы құриды, там­­санады. Ата-баба, әке-шеше, өзі өсіп-өнген жерден өзіне үлестің кем ти­­гені­не, біреулердің қарпып қалға­ны­на күйінеді, күйгелектенеді. Бірақ дәрменсіз.

Ақыры кінәлі болудың алдында тұр, лақты ешкісін, бір сиырын арқандап бақпаса, айыппұл төлей­мін-ау деп көңілі кірбің тартады. Сон­дықтан ақиқатты анықтап алмай, себе­бін білмей, жетпей жатқан не, жер­ден неге таршылық көріп отырсың, қандай қамқорлыққа зәрусің, т.б. демей, сал­­дарын салмақтамай, «жуас түйе жүн­деуге жақсы» деп, ауыл халқын малыңа ие болмағаның үшін айыппұл тартасың деу ел «бесігін» есеңгіретіп жібермей ме, күнкөрісінен айырып, тағы да қала жағалауға апарып тіремей ме? Осыны кең ауқымда ойластырсақ ұтылмас едік, ұлт тірегі ауыл жұртын жабырқатпай, ажарын ашар едік.