Руханият • 08 Желтоқсан, 2020

Жайсаң жан

366 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ тіл білімінің дамуына бар ақыл-ой қуатын, бар ғұмырын арнаған, қоғамдық сананың кемелденуіне, замана талаптарына сай ұдайы жаңғыруына зор үлес қосып келе жатқан көнекөз ғұламалар мен ұстаз-ғалымдардың жан жағына жарық шашқан жарқын шоғыры бар еді. Оның тобында ақырын жүріп, анық басып келе жатқан қарымды қайраткерлердің бірі Рақыш Сәтұлы Әмір болатын. Бүгінде сол жарық шашқан жарқын шоғырдың тобы селдіреген, көз жетер жерде тоқсаннан жүзге қарай өрлеп келе жатқан Рақыш Сәтұлы көрінеді.

Жайсаң жан

Рақыш Сәтұлы Әмір ғылым мен білім саласында қол жеткізген жетістіктерін насихаттауға, жи­налған жұрттың алдында жалау­латып сөз сөйлеуге, замандас­тарын мақтау мен мадақтауға да, мақтануға да құштар жан емес. Өзін көрсетуге, ел алдында жарқырап көрініп қалуға да құл­шынған емес. Абай айтқандай, Рақаң ешуақытта өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артыламын демеді. Бұл – екінің бірінен табыла бермейтін, ал Рақаңның өзінде нұрын шашып, жарығын төгіп, жарасып тұратын тамаша қасиет.

Рақыш Сәтұлы 1946-1951 жыл­дары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бо­йынша оқыды. М.Әуезов, Қ.Жұ­малиев, Н.Сауранбаев, І.Кеңес­баев, М.Балақаев, Ы.Маманов, Е.Ысмайлов секілді қазақ тілі мен әдебиетінің жарқын жұлдыз­да­рынан тәлім-тәрбие алды. Уни­верситетті үздік дипломмен бі­тірген, ғылымға бейімі бар, зерт­теушілік қабілеті зор талантты жас ретінде аспирантурада оқуға қалдырылды. 1955 жылы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Жас ғалым жолдамамен еліміздің Оқу министрлігіне қарайтын Пе­да­гогика ғылымдары ғылыми-зерт­теу институтына келді. Осы институтта аға ғылыми қызметкер, бастауыш мектеп секторының меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы, директордың орынбасары секілді қызметтер атқарды, қазақ орта мектебіндегі білім мен тәрбие мазмұнын, оқыту әдістері мен құралдарын жетілдіру ба­ғы­тындағы ғылыми-зерттеу жұ­мыстарына басшылық жасап, оқу пәндерінің мемлекеттік тұ­жы­рымдамаларын, стандарттарын, сондай-ақ бағдарламалары мен оқулықтарының, әдістемелерінің жаңа буынын жасап, өндіріске енгізуді қамтамасыз етті. Жалпы, орта білім беру жүйесін дамыту, орта мектептегі оқу мен тәрбие жұмыстарының сапасын жақсарту бағытында ерен еңбек етті.

Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтында қа­зақ ті­лі­нің әлеуметтік маңызы үл­кен іргелі ғылыми мәселелерін зерт­теп, докторлық диссертация қорғады (1972), ауызекі сөй­леу тілінің синтаксистік ерек­ше­лік­тері, жай сөйлем синтаксисі са­ласында қол жеткен зерттеу нә­тижелері бойынша бірнеше іргелі ғылыми еңбектер жариялады, халықаралық ғылыми конференциялар мен кеңестерде, симпозиумдарда білім мен ғылымның көкейкесті деген өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады, қазақ тіл білімі саласында жаңа ғылыми қағидалар жүйесін қалыптастыруға қол жеткізді, ғылымның соны жетістіктерін же­дел өндіріске енгізудің әдіс­темелік негізін жасады. Ға­лым­ның басшылығымен және тіке­лей қатысуымен орындалған, өндіріске енгізілген осы жұмыс­тардың әрбірінің ғылыми және практикалық маңызы жоғары еді. Олар орта және жоғары мектеп жүйелеріндегі білім мазмұнын байытуға, оқу мен оқыту теориясын жетілдіруге негіз болды.

Рақыш Сәтұлы 1975-1979 жыл­дары өзі түлеп ұшқан әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті филология факультетінде кафедра мең­герушісі, декан болып еңбек етті. Ол тұстарда филология факуль­тетінің әр кафедрасында білім мен ғылым, шығармашылық әле­мінде жеткен жетістіктері бү­кіл республикаға жайылған ірі тұл­ғалар қызмет етуші еді. Ал филология факультетінің ғылыми әлеуеті бүкіл республика жоғары оқу орындарының осы саладағы ғылыми әлеуетінен асып түсетін. Мұндай бай интеллектуалдық ор­тада басшы болып қызмет ат­қару Рақыш Сәтұлының жоғары мектеп, жоғары білім беру, жо­ғары білімді мамандар даярлау ісінің барлық маңызды, бас­ты қырларын жете игеруіне, өмірлік тәжірибесінің баюына, танымының тереңдеуіне ықпал етті. Мұның өзі жігері тасыған қай­раткер тұлғаны ұстаздықта, ғылыми жұмыста, жоғары бі­лім беру ісін ұйымдастыру мен бас­қаруда жаңа биіктерге жетеледі. Білім беру, маман даярлау сапасын ұдайы арттыруға ұмтылған декан филологиялық білім мен филология ғылымдарының дамуына нақты үлес қосты: «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы жа­нынан араб тілі мамандарын даярлауға қол жеткізді; жоғары білікті ғалым-ұстаз мамандар даярлау ісіне қуатты қозғау салды. Нәтижесінде университет жанынан «Қазақ тілі», «Орыс тілі» ғылыми мамандықтары бойынша ғылым кандидаты ғы­лыми дәрежесін қорғататын дис­сертациялық кеңес ашты. Бұл жоғары білікті мамандар даярлау жүйесіндегі мемлекеттік мәні бар ірі жетістік еді.

Алматы шетел тілдері инсти­тутының ректоры әрі кафедра меңгерушісі болып еңбек еткен 1979-1987 жылдары Рақыш Сәт­ұлы жоғары мектеп қайраткері ретінде білімі мен тәжірибесін, басқару мен ұйымдастырудағы талантын, бар күш-қуатын толық ашып, батыл жұмсауға мүмкін­дік алды. Ректордың білім сапасын, маман даярлау ісін шұғыл жақ­сарту бағытындағы биік мақ­­саттарына сай белгіленген мін­­деттерді іс жүзіне асыруға инс­титуттың материалдық базасы, жалпы ресурстары дәрменсіз бол­ды. Аз уақыт ішінде тұтас бір іргелі жоғары оқу орнының ма­те­риалдық, адами ресурстарын қа­жетті талаптар деңгейіне көтеру айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде өте қиын, бұралаңы да, бұлтарысы да бар, сөйте тұра барынша өзек­ті және жауапты міндет еді. Ра­қыш Сәтұлы осының бәрін ой та­ра­­зы­сына салып, екшеп, атқа­ры­лар іс-шаралардың нақты нәти­же­сіне белгіленген мерзімде қол жеткізуге құлшынды, соған бү­кіл ұжымды жұмылдырды. Ал­­ғаш­қы ірі нәтижеге бес жылдан соң қол жетті. Содан соң-ақ жос­парланған іс-шаралар өз нәти­желерін бере бастады. Оқы­ту­шы-профессорлардың бі­лік­­ті­лігі көтерілді, институттың адами ресурстарының сапасы айтар­лықтай өсті, материалдық-тех­никалық базаны жақсарту кү­тілген нәтиже деңгейінде жү­зеге асырылды. Оқу-әдісте­ме­лік жұмыс жаңа сапалық дең­гейге көтерілді. Институт респуб­лика­да­ғы шетел тілдерінің мұға­лім­дерін, оқытушыларын заман та­лап­тарына сай даярлау мен қай­та даярлаудың және осы са­ла­дағы істерді оқу-әдістемелік тұр­­ғыдан қамтамасыз етудің рес­­пуб­ликадағы бірден-бір бас­ты ор­та­лығына айналды, елі­міз­дің мәдени, әлеуметтік, эко­но­ми­калық дамуын әлемдік ке­ңіс­­тікке шығаруға терезе аш­ты. 1986 жылғы Желтоқсан кө­тері­лі­сі тұсындағы империялық ас­там­шылықтың, қазақ ұлт­шыл­ды­ғы туралы жалалы сойқан­ның соқ­қысын, қуғын-сүргін­нің ыз­ғарын институт ректоры Р.С.Әмір де бастан өткерді, көр­мегенді көр­ді. Ректор 1987 жылы өзін рек­торлық лауазымнан босату туралы арыз жазып, бірыңғай ғылыми-педагогикалық жұмысқа ауысты.

1988-1991 жылдары Педаго­гика ғылымдары ғылыми-зерт­теу институтында аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызмет­кер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті де, 1992 жылы әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетіне, ұстаздық қызметіне, қайта оралды. Жоғары мектептегі ұстаздық қызмет ғалымның ғы­лыми ізденістерінің арнасын кеңейтті. Университетте ұс­таздық қызметі мен ғылыми-зерт­теу жұмыстарын тең ұстай оты­рып, қазақ тілінің іргелі тео­рия­лық мәселелерін зерттеп, қа­зақ тілі пәнінің мазмұны тура­лы жаңа тұжырымдаманың ғы­лыми-әдістемелік негізін жаса­ды, жай сөйлем синтаксисі бо­йынша оқу пәнінің мазмұнын анық­тады, оқу бағдарламаларын, лек­циялар курсын дайындады. Ға­лымның осы бағытта жылдар бойы жүргізген ізденістері мен зерт­теулерінің нәтижелері мектеп оқу­шыларына арналған «Қазақ тілі» оқулықтарында, университеттер мен педагогикалық инс­титуттардың филология фа­куль­теттері студенттеріне ар­нал­ған «Жай сөйлем синтак­сисі», «Қазір­гі қазақ тілі. Құр­малас сөйлем­дер жүйесі» оқулық­тарында, теңав­тор болып жазған академиялық қалыптағы «Қазақ тілінің грамматикасы», «Қазақ грамматикасы» сияқты іргелі ең­бектерінде көрініс тапты. 300-ден астам ғылыми, ғылыми-әдіс­темелік еңбектер жарияла­ды. Тәуелсіз Қазақстанның ха­лық шаруашылығы, ғылымы мен білім беру жүйесі үшін сан мың­даған жоғары білімді маман­дар тәрбиеледі, жеке өзінің же­тек­шілігімен 20-дан астам ғы­лым докторлары мен канди­дат­тарын даярлады. Ғұлама ға­лым, ұлағатты ұстаздың интел­лек­туал­дық қызметі, жазған оқу­лық­тары, оқу құралдары, зерт­теу­лері, ғылыми-көпшілік еңбек­тері Қазақстанның бастауыш сы­нып оқушыларынан жоғары мек­теп докторанттарына дейінгі ара­лықта талай буын білімді, мәде­ниетті ұрпақтың өсіп-өркен­деуіне ықпал етті.

Р.Әмір өзінің көп жылдық және қажырлы ғылыми-шығар­машылық, ғылыми-педагогтік, қо­ғамдық қызметімен Қазақстан Рес­публикасының тіл саясатын іске асыруға, мемлекеттік тілдің да­муына, мәдени, рухани және зият­керлік әлеуетінің артуына үл­кен еңбек сіңірді, қазақ тілінің бі­лім берудің барлық деңгейлері бо­йынша оқу пәні ретінде жеті­луі­не, ғылым пәні ретінде дамуына, білім беру жүйесінің жа­ңа­руына, жоғары білімді және жо­ғары білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға аса зор үлес қосты.

Ғұлама-ұстаздың түсі игі: бей­не бір қақтаған ақ күмістей. Тоқ­санға толып, жүзге бет алған түсі игі, жаны ізгі жайсаң жан сырты күміс, іші алтын кісі асылындай болып көрінеді.

 

Редакциядан: Өкінішке қарай, бет қатталып жатқанда жоға­рыдағы мақала кейіпкері белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор  Рақыш Сәтұлы Әмірдің қайтыс болғандығы туралы жайсыз хабарды естідік. Осыған байланысты марқұмның отбасына ауыр қайғысына ортақтаса отырып көңіл айтамыз.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор