Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2020

Мемлекеттік наградалар тапсырылды

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік наградалар тапсырылды

«Еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – бұл біздің ең қастерлі де қасиетті, баға жетпес құндылығымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен экономикамызды қалыптастыруға барынша күш салудамыз. Осы ретте, Алаштың анасы атанған Сыр елі де - Тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлесін қосып келеді», - деді облыс әкімі.

Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 461 Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық сондай-ақ мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілген мемлекеттік наградаларды табыстады. Олардың қатарында мәдениет және ғылым қайраткерлері, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, өндіріс және бизнес салаларының өкілдері бар.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Қызылорда «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақберген Досманбетов марапатталса, «Құрмет» ордені Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова, Қармақшы ауданындағы «Жаңа жол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов және басқа да азаматтарға табысталды.

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталғандардың қатарында Сырдария ауданындағы «Қызылдихан» шаруа қожалығының механизаторы Қанат Байкенжеев, Қызылорда қаласындағы «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС операторы Қайрат Бисенбаев, Қызылорда жылу электр орталығының слесарі Әділбек Боханов, Шиелі ауданындағы «Байкен U» ЖШС дәнекерлеушісі Жолдасбек Мырзалиев бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов наградталды, ал, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Бақытбек Темірбековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы табысталды.

 Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесіне орай жазушы, эколог-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Жұбатырұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері Сейітсұлтан Айымбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.