Білім • 15 Желтоқсан, 2020

Демократияландыру, өзін-өзі басқару және академиялық еркіндік – жоғары білім дамуының кепілі

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Ғалым Мұтановтың ғылымды қаржыландыруды кеңейту, университеттерді елдің инновациялық дамуының драйвері ретінде анықтау (Казахстанская правда, 20.11.2020) туралы пікірін толық қолдаймын және Президенттің Жолдауында адам капиталын дамыту, білім, ғылым және инновацияға инвестиция тарту бойынша қойылған міндеттердің табысты жүзеге асуының үлгісі ретінде мен ЖОО-ның академиялық және басқарушылық тәуелсіздігінің бірқатар аспектілеріне назар аударғым келеді.

Демократияландыру, өзін-өзі басқару және академиялық еркіндік – жоғары білім дамуының кепілі

Кейінгі онжылдықтарда ЖОО білім беру жүйесі эволюциясында берілген бюджет көлемінде білім беру қызметтерінің максималды ауқымын жүзеге асырумен сипатталатын «тиімділік» мәселесіне басым мән беріліп келеді. Бұл дискурс әсіресе мемлекеттік бюджет тез қысқарып, сәйкесінше, мемлекеттік инвестиция күрт төмендегендіктен, білім беру сияқты салалар зардап шегіп жатқан сәтте қызу талқыға түсіп жатыр. Десе де, жоғары оқу орындарының қызметіне үміт артып келе жатқан азаматтар саны өсіп келеді (Hazelkorn, 2015). Қоғам жоғары оқу орындарына өз студенттерін – болашақ әлемнің көрнекті азаматтарын – неғұрлым күрделі дағдыларға: зерттеу мен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзара байланысына, инновациялардың үздіксіз циклына және академиялық ортада сырттан қызығушылық танытқан тараптардың  білім беруіне баулып, мүмкіндік беру керек деп санайды. Қазір “аз шығын шығарып, көп жұмыс жасау” мемлекеттік сектордың бар қызметін оның ішінде қаржыландыру қызметі мен жоғары оқу орындары мекемелерінің қызметін сипаттайтын талап саналады (Tommaso Agasisti, 2017).

Әлеуметтік шиеленістің және сапалы білім көзінің болмауының маңызды себептерінің бірі, меніңше, оқытушы-профессорлар құрамының (бұдан әрі – ОПҚ) және студенттердің университеттің өзін-өзі басқаруына қатыспауы. Көптеген елдерде университеттерде стандартталу мен менеджерлік басқарудың көбеюіне қатысты алаңдаушылық туындап отыр. “Бұл тұрғыда басқарудың неолибералды моделі корпоративті университеттер құрғандары үшін сынға ұшырады. Мұнда билік оқытушылар мен білім алушылардан менеджерлерге беріледі, ал бар болып жатқан жайттардың экономикалық негізі осында жатыр. Әдеттегі табыс пен таза пайда университеттердің педагогикалық, ғылыми, интеллектуалдық мәселелерін көлеңкелеп отырады” (Maggie Berg & Barbara Seeber, 2016). Мұндай басқару моделі университеттердің мемлекеттегі және қоғамдағы басты миссиясының бұрмалануына әкеп соқтырады, университет азаматтық позиция, білім, білік, ғылыми және инновациялық қабілет алатын жер емес, ақша табу ортасына айналады.

Университеттердің негізгі мәні Ұлы Хартияда тұжырымдалған – “Университет – автономды, қоғамның “жүрегінде” өзінше ұйымдастырылған институт. Ол мәдениетті ғылыми зерттеулер және білім беру арқылы өндіреді, баға береді, көбейтеді және таратады. Қоршаған әлемнің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оның зерттеулері мен білім беру процесі саяси және экономикалық күштен моральдық және интеллектуалдық тұрғыда тәуелсіз болуы тиіс”.

Мәдени, тарихи, қоғамдық дамудағы ерекшеліктерді және т.б жағдайларды ескере отырып, “Charta Magna Universitatum” анықтамасын толық қабылдау керек деп санамаймын. Бірақ автономия және өзін-өзі басқару бойынша кей әрекеттерді қазірден жүзеге асыруға болады деп ойлаймын: бұл ОПҚ мен студенттердің университетті басқаруда құқықтары мен міндеттерін заңды түрде бекітуге, сондай-ақ университетті басқару органдарының оңтайлы құрылымын анықтауға қатысты. Сөз коммерциялық емес акционерлік қоғам – ұйымдастырушылық-құқықтық формасы бар университеттер турал болып отыр, және мұндай университеттер өз қызметінде қандай құжаттарды – “Акционерлік қоғамдар туралы” Заңды ма әлде “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Заңды басшылыққа алуы керек пе деген мәселе де бар. Бұл заңдарда бірқатар қайшылықтар болғандықтан, академиялық ортадан алыс, академиялық қоғамдарды басқару ерекшеліктерін есепке алмайтын академиялық еркіндік пен демократиялық өзін-өзі басқаруға бағытталған университеттерді ұйымдастыру мен басқаруда нақты қадамдарды анықтап алу қажет.

Университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігін күшейтуді Университет туралы заң арқылы (немесе жоғары білім беру туралы заңға өзгеріс енгізу арқылы) жүзеге асырған жөн. Бірақ кейбір оңтайландыру шараларын университеттің Директорлар кеңесін құру ережелерін өзгертіп, оның құрамына ОПҚ мен білім алушыларды қосып және академиялық дербестіктің міндетті құралы ретінде құқықтық актіге “Университет Сенатын” енгізу құрылымын қосу  арқылы орындауға болады.

Тек жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістер, университеттерді басқарудың мейлінше демократиялық ережелерін енгізу, өзін-өзі басқару мен академиялық еркіндікті заңды түрде бекіту, білім алушыларды басқару мәселелеріне тарту ел Президенті қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Проф. Дайнюс Павалькис              

Астана медицина университетінің ректоры, Литва Республикасының Білім және ғылым министрі (2012-2015), Еуроодақ елдері білім және ғылым министрлері кеңесінің төрағасы (2013).