Пікір • 16 Желтоқсан, 2020

Ұлттық рухымызды асқақтатайық

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыздың ең асыл құндылығы – Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Шөп, гүл, ағаштар күнді қалай аңсаса, халық та еркіндікті, тәуелсіздікті аңсаумен болды. Осы жолда талай қан да төгілді. Қаншама ерлер, батыр туған боздақтар қыршын кетті.

Ұлттық рухымызды асқақтатайық

Кешегі Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың талабы да азаттыққа ұмтылған ауыр жолдағы тарихи оқиға еді. Қандықол кеңестік билік қарусыз шерушілерді аяусыз басып-жаншығанымен жастардың рухы жаншылған жоқ. Сол жастардың мұзда жаққан алау ұшқыны бүкіл елге таралып кете ме деп қауіптенген билік барлық жерде жиналыстар ұйымдастырып, алаңға шыққандарды қоғамдық айыптауға кіріскені белгілі. «Нашақорлар, ішкіштер, үкіметке қарсы шыққан бұзықтар, интернационалдық тәрбиесі дұрыс емес» деген неше түрлі айыптаулар айтылып, түгел соттау, жазалау керек деген ұсыныстар естіліп жатты. Бұл науқан сонау түкпірде жатқан Катонқарағайдағы Рыков мектебін де айналып өтпеді. Сондай бір жиналыста сөз алған аудандық партия комитетінен келген өкілдің «жастарға дұрыс тәрбие берілмеген, есірткі шегіп, арақ ішіп, елді бүлдірді» деп екпіндетіп сөйлегені есімде. Кейбір мұғалімдер бастарын шұлғыса, біразы төмен қарап отырды. Шыдамадым, ішім қыж-қыж қайнап, орнымнан тез тұрып: «Қалай ғана жас­тарды даттайсыңдар? Олар ешқандай наркоман, ішкіштер емес. Олар шолақ саясатқа қарсы шыққан ұлттық рухы мықты жастар, біз оларды жақтап қор­ғаумыз керек», дедім.

Мені қолдап өзімнің шәкіртім, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ермек Сахариев сөйледі. «Галина Ниғымаш­қызы дұрыс айтады, шолақ саясаттың әсерінен ішкі бітеу жара жарылып, шықпай қоймады», деді.

Ұлттық құндылықтарын қорғап, өз пікірін білдірмек болған жастардың бейбіт әрекетін даттау, қаралау жина­лы­сының соңы дауысқа салумен аяқ­талды. Ал бізге қатаң сөгіс берілді.

Сөйткен Кеңес Одағы көп ұзамай-ақ ыдырады. Халқымыз аңсаған Тәуелсіз­дікке жеттік. Менің жастарға айтарым: Қазақ болып тудың ба, анаңның ақ сүтін емдің бе, қазаққа мәңгі-бақи қарыз­бын деп санауың керек. Ұлттық рухты күшейтіп, салт-дәстүрді насихаттауға, тіл мен дінді дамытып, ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге мін­деттіміз. Ұлттық, бірлік, ұлттық сана, ұлттық тіл бірінші орында тұру керек. Ұлтт­ық рухымызды төмендетпейік, ойла­найық, саралайық, сақ болайық, ағайын!

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Көк туымыздың тұғыры мықты болып, биікте желбірей берсін!

 

Галина ИБРАИМОВА,

зейнеткер-ұстаз

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы,

Катонқарағай ауылы