Тарих • 16 Желтоқсан, 2020

«Литер» белгісімен келген сурет еді

511 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр жылдың ызғарлы желтоқсанының 16-сы мен жаз жайнатып, күн күлдірген маусым айының 16-сы... Осы екі күннің менің санамды әр кез «селк» еткізіп бір сілкіп қоятын жайы бар. Арада 34 жыл өтсе де, ол күндер еш ұмытылмайды екен.

«Литер» белгісімен келген сурет еді

1987 жылдың 16 маусымына қараған түн болатын. Ертеңгі нөмірді бүтіндеп, жарыққа шығарудың қамымен зыр жү­гіріп жүргенбіз. ҚазТАГ пен ТАСС-тан тасқындап келетін ма­териал­дар жобасы ретке келіп, саябырсып қалған. Аяқ астынан ҚазТАГ-тан түскен фотоматериал баршамыздың назарымызды бірден өзіне аударды. Желтоқсаншыларды жазаға тартқан сот аяқталып, соның фотохабары «Литер» белгісімен жіберілген екен. Республикалық бірқатар газеттер ерте жарықта басылып кеткен. Әдеттегідей, біздің облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері көштің соңын түгендеп жүргенбіз...

Бір қызығы, желтоқсаншы төрт қазақ жігітінің қасқайып тұрған суретін бізбен бірге жария­лаған «Огни Алатау» газетінің басшылары сонда жаппай жаза­ланған жоқ. Жауапты хатшысы (Скороходов) ғана қатаң ескерту алды. Ал «Жетісу» басшылары жазаланды. Неге олай болды?

Ақиқатқа жүгінсек, бұл арада екі газеттің де жазаланатындай кінәсі жоқ еді. Сол сияқты олар атақты суретті жариялағаны үшін батылдық немесе өжеттік жасады деу де қисынға келмейді. Өйткені, жоғарыда еске алдым, сол күнгі ҚазТАГ-тан түскен фотоматериалдың шекесінде «Литер» белгісі турды. Ондай ерек­ше мақалалар газет басшы­ларының шешімінсіз-ақ нөмірге салынатын. Тәртіп солай. Рас, газеттің техникалық редакторы­ ретінде мен тосын «Литер» жа­йында кезекшіге, ол арқылы бас­шыларға бір ауыз ескерттік. Қайталап айтайын, «Литер» – Орталық партия комитетінің рұқсат белгісі, оған еш тосқауыл қойылмайды. Сондықтан да фото салынды, газет жарыққа шықты.

Ертеңгісін әдеттегідей түс ауа жұмысқа келсем, бүкіл басшыларымыз баспаханада зар илеп жүр. Төрт батырдың түп­нұс­қа суретін іздеп әлек. Газет­тің жарыққа шығуына қол қо­йыл­ған соң, нөмірге салынған қы­зықты, маңызды суреттерді, кейде өнер жұлдыздарының бейнелерін таңдап алып, үйге алып кететінім бар-тын. Қаһарман төрт қандасыма жаным ашып, бір жағы жүрегім ауырып, ең болмаса естелік болсын деген ниет­пен тарихи суретті үйдегі архивіме қосып қойғанмын. «Менде» деген сөзім күллі жұрттың жүзін жадыратып жібергені әлі көз алдымда. Күнделікті конвейер-газеттің керуенімен жүріп, кімнің не үшін жазаланғаны, шынын айт­сам, есімде де қалмапты. Түп­­нұсқа суретті үйден әкеп бас­шылардың қолына табыстадым, оларды «әдейі жоғалтып» жіберген деген жоғары жақтан желдей есетін жалақорлық шабуылдан құтқардым-ау деген сезімде болғаным да рас.

Ендеше, «сурет оқиғасының» неге сон­шалықты дүниені дүр­ліктіргенін осы күнге дейін түсіне алмай таңмын. Қазақша айтқанда, «Литер» белгісін алға тартқан «Огни Алатау» жазадан оп-оңай құтылды емес пе?! Әлде, бұл сол кездегі шовинистік саясаттың «ұлтшыл» қазақтардың сағын сындыру амалы болды ма екен?

 

Әлия СЕЙІЛХАНОВА,

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің техникалық редакторы (1980-1990 ж.ж)

 

АЛМАТЫ