Қоғам • 31 Желтоқсан, 2020

Қайырымды қоғам

615 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтер жылы болып жарияланған 2020 жылы волонтерлік іс-қимылды дамытуға, дәріптеуге кеңінен жол ашылды. Осы орайда «Аталған кезеңде бұл сала қалай дамыды, волонтерлер қатары көбейді ме, ұйымдар жұмысы алға жылжыды ма?» деген сұраққа жауап іздеп көруге тырыстық.

Қайырымды қоғам

Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Волонтерлік топтар көбейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының жабылу рә­сімінде жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріп­теген ерекше жылға айналғанын ай­та келіп, «Бұл жанашырлыққа, жауапкер­шілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге кү­рес­тік. Осылайша адамгершілік құн­дылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті», деді. Президенттің бұл сөзі Волонтер жылын жоғары деңгейде өткергенімізді айғақтайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі волонтерлік қызметті дамыту бағытында көптеген шаруа ат­қарылды. Биыл еліміздегі волонтер ұйы­мының саны 673-ке жетті. 421 ұйым ірі қалаларда тіркелсе, ауылдық жерлер­де 197 топ жұмыс істейді. Кішігірім қала­ларда да волонтерлік топтар бар. Олардың жал­пы саны – 55.

Аймақтарға жеке тоқталар болсақ, Қа­рағанды облысында 113 волонтерлік топ тіркелген. Осылайша бұл облыс республика бойынша волонтерлер ұйымы саны бо­йынша көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыға қостанайлықтар жайғасты. Облыста 102 еріктілер ұйымы бар екен. Ақтөбе облысы алғашқы үштікте (96). Республиканың барлық облысында көрсеткіш мұндай жоғары емес. Мәселен, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында небәрі 9 ұйым жұмыс істейді. Ал Түркістан облысында 11 во­лонтерлік қауымдастық бар екен.

Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың бағыты да әр алуан. Волонтерлік топтар білім беру, жануарларды қорғау, тө­тенше жағдай кезінде көмек қолын созу, іздеу, медициналық жәрдем беру, жал­ғызбасты қариялар мен ардагерлерге, мұқ­таж отбасыларға қамқорлық көрсету, спорттық, экологиялық, қайырымдылық шаралар, мерекелер ұйымдастыру ба­­ғыт­тары бойынша машықтанған. Жоғарыда айтылған 673 волонтерлік топтың 248-і мұқтаж отбасыларға арнап киім-кешек, тұр­мыстық заттар жинап, қайырымдылық шараларын ұйым­дастырумен айналысады. 23 ұйым па­триоттық бағытта жұмыс істейміз деп көр­сеткен, ал 19 топ білім саласында еңбек етіп жүр.

Бұл топтар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі базасында ресми тір­келіп, олармен тығыз қарым-қатынас түз­­ген. Министрлік аталған ұйымдардан бөлек, 55 мың қазақстандықтың волонтер екенін де хабарлап отыр. Волонтерлердің жасы да алуан. 16-24 жас аралығындағы еріктілердің үлесі 13,8 пайыз, ал 25-28 жастағылар 10,5 пайыз. 29-34 жас аралығындағы азаматтар волонтерлердің 22,4 пайызын құраса, 35-44 жастағылар 20,4 пайызды құрап отыр. 45-54 жастағы ересектер де белсенділік танытуда. Олар­дың үлесі 22,2 пайыз. Ел арасында «күміс волон­терлер» аталып кеткен егде жастағы ерік­тілер де бар. Волонтерлердің 10,5 па­йы­зын құрап, олар да белсенді топ екенін дәлелдеп отыр.

Осы арада, бұлардан бөлек, төтенше жағ­дай кезінде студенттік топтар, достар мен отбасы мүшелері уақытша бірлесіп, өздері тұратын елді мекендерде індетпен алғы шепте күресіп жүрген қызмет­кер­лер­­ге қолғабыс еткенін де айта кетелік.

Салада ерлер мен әйелдер үлесінде де айыр­машылық көп емес. Волонтерлердің 50,3 пайызы ер адам болса, 49,7 пайызы – әйелдер.

Жалпы, қай елде болсын волонтерлер­дің жұмыс бағыты ұқсас. Олар көбіне меце­наттар мен үлкен қорлардан көмек алып, краудфандингке, яғни халықтың қол­дауына жүгінеді. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде белсенді топтар әлеу­меттік желілерде хабарландыру жасап, банкте есепшот ашып, халықтың жұ­мылуын сұрап, мәселені шешіп жатады. Бұған мысал да көп. Үйінде өрт шығып, бір түнде 5 қызынан айырылған Ситер отбасына халық жұмылып, пәтер алып берген-ді. Мақтааралдағы су тас­қыны, Арыс­тағы жарылыс кезінде ел ерікті­лерінің қызметі айырықша көрінді.

 

Еріктілердің еңбегі ерен

Еліміздегі еріктілердің әрқайсының қызметі жеке-жеке атап өтуге тұрарлық. Мәселен, Арыстағы жарылыс туралы хабарды ести сала оқиға орнына өз еркімен аттанып, отандастарына қайтарымын күтпей қызмет көрсеткендердің бірі – Евгений Хисметов.

Риясыз ниеті мен еңбегін Мемлекет басшысы жоғары бағалап, «Құрмет» орденімен марапаттаған ерікті Евгений Хисметов арыстықтарға көмек беру туралы шешімге қалай келгенін былайша әңгімелеп берді.

– Алдымен әлеуметтік желідегі видеоларды көрдім. Қолдарына балаларын ұстап жүгірген әйелдерді, абдыраған халық­ты көріп, оларға көмек беруім керек деп шештім. Темір жол вокзалына бардым. Пойыздарда орын, сатылымда билет жоқ екен. Ерікті екенімді, ешқандай орынның қажет емес екенін түсіндіріп, пойызға отырдым. Балқашқа дейін орын болмады, тамбурда бардым. Содан кейін бір кісінің орны босап, Шымкентке дейін жетіп алдым... Шымкенттен Арысқа баратын жолды жауып тастаған, ол жаққа өткізбейді екен. Мен қалалық әкімдікке барып, мән-жайды түсіндірдім. Жолда эвакуацияланған адамдарды көрдім, олардың барлығын қалаға алып келе жатқан еді. Арысқа жеткенімде, қаланың тас-талқаны шыққан, үйлер құлап қалған, тіпті ішерге су болмады. Мені мешітке ор­наластырды. Бір қызығы, жарылыс мешіт жанында болса да Алланың жер­дегі үйіне аса зақым келмеген. Тек тере­зелері мен есіктерінің әйнегі сынған. Ал сол маңдағы үйлердің көбі қирап қалған.

Бірінші кезде жан-жақтан келген гума­нитарлық көмекті түнімен бөліп дайындап, күндіз халыққа таратып жүр­дім. Көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер күтіп қалмасын деп ерте тұ­рып, қамданып, таң атпастан заттарды үлестіріп отырдым. Содан кейін ме­шіт­тегі жұмыстарға атсалыс­тым. Арыс­­та күн өте ыстық еді. Айналаға су шашып, қасымдағыларға да пайдалы бо­луға тырыстым. Бір апта өткен соң су бер­ді, дүкендер жұмысын жалғастырды. Содан кейін жеке азаматтарға көмектесе бас­тадым. Құрылыс жұмыстарына, жүк түсіруге қолғабыс еттім. Бір топ жігіт­термен танысып, солармен бірлесіп жұ­мыс істедік. Кейін құрылыс қоймасын маған тапсырды. Бір өзім жұмыс істедім. Бес құрылыс компаниясы материалдар алып келетін. Ол кезде Арыста 50 үй салы­­нып жатқан-ды. Таңғы 8-ден кешкі 11-ге дейін жұмыс істедік. Түнгі 2-ден 5-ке дейінгі уақытта құрылыс заттарын түсі­ретін едім. Осылайша, 50 күн де өтті, – дейді Евгений.

 

Мемлекет те мүдделі

Президенттің тапсырмасы бойынша азаматтық қоғамды дамытуды бас­ты мақсаттарының біріне айналдырған мем­лекетіміз волонтерлік топтарға да гранттар бөледі. «Азаматтық бастама­ларды қолдау» ұйымының сайтында жарияланған конкурстар мен грант­тардың тізімінен қандай мақсатта қара­жат жұмсалғанын анық көруге болады.

Былтыр Қазақстан – Ресей жастар форумы өтіп, екі ел жастары тәжірибе алмасып, волонтерлікке қатысты танымын кеңейтуге мүмкіндік алды. Іле Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияланды. Көп ұзамай жаңа жылға жаңа меже белгіленіп, Во­лонтер жылының нақты жоспары да­йын­далды. Осы ретте волонтерлердің рес­публикалық фронт-офисі қызметін бас­тады. Жыл бойы ат­қарылған шаралар легі газетімізде хабар­ланып отырды. Жыл қорытындылау ке­зінде бірқатар волон­тер «Халық алғысы» медалімен ма­рапатталды.

Бұл ретте еліміздегі волонтерлік мә­де­ниетті қалыптастыру, олардың жұ­мысын бір арнаға келтіру бойынша тия­нақты еңбек еткен Birgemiz фронт-офисі туралы айтып өтелік. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет 17 өңірлік инфрақұрылымнан тұратын Республикалық волонтерлер фронт-кеңсесі волонтерлер жұмысын реттеуге мүмкіндік ашқанын айтады.

– Волонтерлік қозғалыстың негізгі дамуы осы құрылым арқылы реттеледі. Сонымен қатар Qazvоlunteer.kz онлайн плат­формасы іске қосылды, онда 42 603 волонтер, 3 063 ұйым және 977 жоба тіркелген. 5 600-ден астам волонтер арнайы оқудан өтіп, 50 бастамашыл топ құрылды. Жалпы құны 150 миллион тең­гені құрайтын 500-ден астам шағын грант үлестірілді, – дейді министрлік өкілі.

Жыл басында бірнеше волонтердің БҰҰ Волонтерлері қатарына тәжірибе алмасуға жіберілетіні хабарланды. Көп ұзамай 7 қазақстандықтың халықаралық ұйымның қайырымдылық бағытта жұмыс істейтін құрылымдарының қата­рын толық­тырғаны туралы хабар келді. Газеті­мізде олардың қалай іріктеуден өткені, қазір­гі қызметі мен мақсаттары туралы мате­риалдар жарық көрді.

БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы директоры Тойлы Құрбанов­тың айтуынша, халықаралық құрылым қатарындағы отандастарымыз жаңа дү­ние­лер үйреніп қана қоймай, өз тәжі­ри­белерімен бөлісіп, қазақстандық моделді де танытуда.

Жалпы, Волонтер жылының пандемиямен тұспа-тұс келуі халыққа еріктілік қызметінің аса маңызды екенін жете түсінуге мүмкіндік берді. «Жұмыла кө­тер­ген жүктің де жеңіл болатынын» ай­қындап берді. Еріктілікті өмір салтына айналдыруға асыққандар қатары толыға түсті.