Қазақстан • 05 Қаңтар, 2021

Елдің дамуы – бағдарын дұрыс айқындауына тәуелді

744 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы заттанған уақыт пен санадағы ұлт тарихының белесті бедерлері тарихи жадының еншісіне енді. Жетістіктеріміз туралы саясаткерлердің үлкен сандар жөніндегі баянынан кеңінен хабардармыз. Еселенген табыстардың барлығы мемлекетшіл рухтың қол жеткізген нәтижесі деп атап өтуге болады. Көптеген шаруамыз қалыпқа келіп, заманауи мемлекет құра білдік. Қарапайым күнкөріс деңгейі күрделі тіршілік ету формасына ауысты. Қазақстандық көптеген отбасы тек құлқынды қанағатандыру үшін өмір сүрмей, жақсы білім алуға, саяхаттауға ұмтылып, құнды қағаздар нарығының қатысушысы бола алатын деңгейге жетті. Бұл тұрмыстың әлдеқайда оңалғандығын, өмір сүру ұмтылыстарының күрделенгенін көрсетеді.

Елдің дамуы – бағдарын дұрыс айқындауына тәуелді

Көптеген дамушы мемлекеттер қатарында Қазақстан да дамыған мемлекеттердің жүріп өткен жолы, тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, келесі қадамдарын айқындап келеді. Әлемнің озық ойлы елдерінің қозғалысына қарап көш түзеу қисынды әрі рационалды. Себебі жүріс қарқынын дамыған мемлекеттерге ілесе алсақ көштің соңында қалмаймыз деген пайыммен ақтап аларымыз заңдылық. Алайда, нысанамыз айқын, бағдарымыз белгілі болғанмен ұлт бойындағы параметрлерге, дүниені пайымдау ерекшеліктерімізге үңіліп, оған түзету енгізіп отыруымыз қажет. Өйткені қалыптасқан салт-санамыз еуропалық өлшеммен сәйкес келе бермеуі де мүмкін. Экономикалық даму моделін таңдау алдында дағдарған Қытай басшылығы үшін «тастарды сезіне отырып өзеннен өту» керек деген Дэн Сяопин эволюциялық моделді ұсынған болатын. Біз үшін Еуропа жұрты жүріп өткен екі-үш ғасырға созылған қалыптасу кезеңін ширек ғасырда басып өту көп жігерді қажет етеді.

Бүгінгі Еуропа елдері ендірген немесе қабылдаған деген жаңашылдықтың негізінде алдымен санаға төңкеріс әкелген терең мораль, пайым, ұғымдардың қалыптасуы секілді мәселелердің терең зерделенуі жатыр. Еуропа ойшылдарының дүниетаным мәселелеріндегі терең зерттеулері, ұлтқа диагноз қою немесе жаңа көзқарастардың қалыптасуына серпін беретін ұғымдарды қалыптастыруы Батыс әлемінің төл даму формуласына негіз қалады. Құдды, Інжілдің бірінші жолында келетін «Басында сөз болды» деген тәмсіл алдымен дүниені түсіну, ұғыну принциптеріне сүйенетін Еуропалық дүниетанымның негізіне айналғандай. Еуропалық ойшылдардың болашақ ұрпақ алдында басты атқарған қызметі де сол, дүниетаным категорияларын қалыптастыра отырып, сан тараулы идеялар арнасын ашып берді. Неміс философы Фредерик Ницщенің ұғымдардың шығу тегіне жасаған талдауларындағы «жақсы мен жаманның» күресін суреттей отырып теңдік мәселелеріне әкеліп тіреуі, Рене Декарттың әдістер туралы түйіндері, Томас Гоббстың сенім және саясатқа байланысты толғаулары, Барух Спинозаның этикасы, Джон Локктың абсолютизмді сынау туралы пайымдары және сол сияқты өзге де философтардың көптеген ұғымдарға түсініктеме беруі дамыған еуропаның бүгінгі сұлбасын қалыптастырды. Бұл болмысты ұғынудың тәсілі еуропалық сананы әлі күнге дейін анықтап келеді.

Осыдан дайын идеяларды экспорттау алдында оның эволюциядан өткен ортасына зер салуымыз, ұғымдардың қалыптасу сатысын білген маңызды. Бүгінде Қазақстанның даму қарқынына баға беруде билікті немесе жекелеген адамдарды сынға алмас бұрын мәселенің тамырын тұтастай ұлт деңгейінде қарастырғанымыз жөн. «Қауымына қарай басшысы» қағидасын естен шығармай, ұлт өз-өзіне диагноз қоя отырып, әлсіз тұсын әділ бағалай алуы керек.

Ұлттың өзін-өзі айқындауы, бағалауы отаншылдық ұғымының аясында өсіп-жетілсе одан сындарлы нәтижелер күтуге болады. Отаншыл сезімдер санаға берік орнаған болса тәуелсіздіктің қадір-қасиетін арттыру саясаттанбас та еді. Кешегі пандемия уақытында медицина саласы қызметкерлері тарапынан анықталған мәйітті «сату» фактілері бұрын-соңды ұлт тарихында болмаған құндылықтың құлдырауын көрсетті. Сол секілді, жаппай сұраныс тудыратын тұтыну заттарына деген бағаның шарықтап шыға келуі, жемқорлық фактілері, шетелге байлықты кез-келген эквивалентінде жасыру немесе материалдық игіліктерге бола тұрғылықты жерін шетел азаматтығына айырбастау сынды бірқарағанға жаттанды көрінетін іс-әрекеттердің барлығын ұлтқа жасалған қамқорлық деп бағалай алмасымыз анық. Бұл іс-әрекеттердің өн бойынан индивидке қатысты жеке бастың қамы, мораль мәселелерін тізбектеуге болады. Бірақ объективті түрде тигізетін салдарына баға беретін болсақ отаншылдық ұғымына қарама-қарсы сөздермен тілдей жөнелеріміз хақ.

Сонымен, отаншылдықтың асқынған түрі және оның антонимі немесе кері кетудегі шегін белгілеп көрсек. Мәселеге бұлай ден қоя отырып, мемлекет үшін өзекті кейбір мәселелердің табиғатын түсіне алуымыз мүмкін.

Патриотизмнің үғым ретінде қате дамуы – ұлтқа қатысты барлық дүниелердің мінсіздігіне сену, оны біртұтас ақиқат деп қабылдау. Бұл даму жолына түскен халық үшін қауіпті қозғалыс. Оны терминологиялық сөздіктерде берілетін «ұлтшылдық» сөзінің алғашқы мағынасында беруге болатын шығар. Іс-әрекетте «тек + болсын» сөзімен сипатталып, ұлттарға қатынасында барлығының бастауынан тек өз ұлтын көру қозғалысы. Отанға деген эмоциялы сүйіспеншіліктің мұндай түрі оның бойындағы кінәраттарға зер салуға кедергі келтіреді. Эмоциясы басым құрғақ отаншылдық ұлтқа қауіп төнгенде дабылдаушы қызметін жақсы атқарады. Алайда ұлттың сындарлы даму жолына түсуге кедергі келтіреді. Тарихпен, дәстүрмен мақтанып, оған сын көзбен қарай алмау ұлт тарихындағы бірнеше жүздеген жылдарға созылған тұрмыстағы мұздықтардың сақталғандығымен белгілі.

Отаншылдық (патриотизм) орталық мән ретінде айқындала отырып, іс-әрекетте «болсын» деген сөзбен сипатталады. Өзі туып өскен жеріне, еліне жақсылық қалайтын, оның алдындағы өзінің жауапкершілігін толық түсінетін сезімдер жиынтығынан тұрады. Отаншылдық тағдырластық, жанашырлық, мүдделестік, жауапкершілік сынды моральдың бірлестігін құрай отырып, прагматикалық қозғалыстарға дем береді. Мемлекеттің дамуына нақты іс-әрекетімен, сезімдерімен үлес қосатын, керек жерінде әділеттілікпен сынай алатын адамдардан тұрады.

Отаншылдық ұғымының кері кету шегін маргиналданған, деградацияланған санадан байқаймыз. Мұндай іс-әрекеттерді сипаттауда «опасыз» сөзі мәні бойынша жақын. Кез келген ұлттың бүгіні мен келешегіне кесір келтіретін іс-әрекет қатаң сөзбен аталып, ауыр жазалануы тиіс. Қазіргі «коррупция» немесе «сыбайлас жемқорлық» сөздері гуманисттік пиғылдың орынсыз килігуімен отан алдындағы ауыр қылмысты ұғым ретінде де жұмсартып жеткізіп тұрғандай. Ұғымдардың өзін импорттау болмысты қате түсінуге әкеліп соқтырады. Опасыз іс-әрекет қандай деңгейде болғандығына қарамастан, жеке басы, өңірі, мемлекет, планета тіпті космостық жағдайға көтерілгенде «өзіме болсын» сөзімен сипатталады. Мемлекеттің аяғына тұсау болатын мұндай ерік түрін шектеу санаға ұғымдар арқылы жол табумен болады.

Ұлтқа, мемлекетке қатысты әрбір мәселелерді пайымдау, әрбір ұғымнан терең мән-мағына іздеу, өткен күндерімізді сын елегінен өткізе білу бүгінгі басы ашық қалып жүрген сұрақтарымызға ықтимал жауаптар ұсынатынына сенімдіміз. Бастысы нені алып, неден арылу қажет деген сауалға салқынқандылықпен жауаптардың дұрыс нұсқасын таңдай білетін боламыз.

Француз философы Ле Пле «иерархияның төменгі сатысы бұрынғысынша қауіпсіздігімен, ал жоғарғы сатысы ізгілікпен сипатталса, онда әлеуметтік тепе-теңдікті табуға болар еді» деген екен.

Нұрғиса КӨШЕРОВ,

саясаттанушы