Пікір • 05 Қаңтар, 2021

Ел де, жер де жақсы атқа лайық

164 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсында, мемлекеттілік жаңғырып орныққан кезде көптің көкейінде жүрген мәселені қайта қараудың қисыны бар. Алғаш рет, сонау 1993 жылы түрлі геосаяси, басқа да қиындықтарға қарамай Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаев осы бағыттағы сауапты қадамға ұйытқы болғанын білеміз.

Ел де, жер де жақсы атқа лайық

Сонда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, оларды еске алу күні белгіленген. Одан бері көп нәрсе өзгерді, ең бастысы - еркін сана-сезім орнықты. Ұлтымыздың ардақты тұлғалары туралы шындықты айтып, оларды ақтау тек олардың ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы қоғамдық сананы жаңғырту үшін қажет.

Мұны ел үшін жанын құрбан еткендер мен жеке басының қамынан аса алмағандардың ара жігін ажырату үшін қажетті шара деп қабылдау орынды. Әр дәуірдегі, кезеңдегі азаматтық қоғам белсендісінің, тұлғаның, қайраткердің саяси-практикалық іс-әрекеті үшін тарихтың әділ бағасы болатынын қалыптастыру жолы деп қарастыруға болады.

Сонау “азаматтық соғыс”, әлемдік құқық практикасында қолданылмаған “халық жаулары” деген ұғым-терминдердің заңды анықтамасын қайта таразылау керек шығар. Советтік кезеңде саясатты түсінбей бас көтерген көтерілісшілердің, байдың тұқымы, діни тұлғалар ретінде атылып немесе “ит жеккенге” айдалғандардың обал-сауабын іздеу, сұрау салып, ақ-қарасына көз жеткізу - бүгінгі ұрпақ үшін арылу парызындай болар еді. Одан кейінгі 1920-1921 жылдардан басталған аштық құрбандарының және ашаршылық себептерін әшкерелеген саяси тұлғалардың тағдыры да трагедияға ұласты.

Сондай-ақ өткен ғасырдың 30-50 жылдары билікке қарсы тұрған қазақ жастарының түрлі ұйым, бастамалары туралы журналистік ізденістерден басқа тыңғылықты зерттеулер жоқтың қасы. Мұның сыртында репрессияланған азаматтардың ұрпағы көрген азап пен мехнатқа баға берілмеді. Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын, тұтқында, лагерьлерде азапталған, атылған тұлғаларды қай санатқа жатқызарымызды білмедік. Оларды тек «соғыс құрбаны» деу аз, өйткені бұл бейбақтар саяси жүйелер текетіресінің қорлығын басынан өткеріп, жанын қиды. Қырағы қараулар көзіне ілініп, ғұмырын аңдудың астында өткізгендер қаншама?

Жоғарыда айтылған міндеттерді орындау барысында мемлекеттік комиссия мүшелері мен тиісті жауапты орындар мынадай ұсыныстарды ескергені жөн шығар:

Біріншіден, саяси зардабына әділ баға берілмеген совет өкіметі келмеске кетті. Бірақ сол қоғам ауыр саяси айып таққандардың ұрпағы тірі. Ата-бабасының ақталуын және саяси қетеліктерге баға берілуін ең алғаш солар күтіп отыр. Осы тұрғыда келмеске кеткен патша өкіметінің де қуғын-сүргіндеріне, оның құрбандарына лайықты саяси баға берілгені дұрыс.

Екіншіден, біз Аштық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды бір күні атап өтуіміз керек пе, жоқ бұған екі бөлек дата арнауымыз қажет пе – осы жағын қайта қарау маңызды деп ойлаймыз. Біздіңше, «Қазақстан аштығы» немесе «Ашаршылық құрбандарын жоқтау» - аса қасіретті оқиға. Сондықтан екеуін бір-бірімен байланысты, бірақ екі бөлек күрделі де трагедиялы дата ретінде санада да, тарихта да орнықтырған жөн болар еді.

“Архивтерді ашып, жария ету абырой әкелмейді, аз қазақтың арасына іріткі салады” деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Бұл - әлденеше рет қайталанып келе жатқан еріншектердің шөп басын сындырмай, “ертеңге сырғытпа сылтауы” немесе көзқамандар мен мәңгүрттердің керенаулығы. Сонда “жауырды жаба тоқу” кімді беделге шығармақ? Біздіңше, қиын тағдырлардың, трагедиялық жағдайлардың да елімізді топтастыратын, бірлігін бекемдей түсетін тұстарының өзін түгендеп зерттеп алсақ та жеткілікті болар еді. Оның үстіне, қазіргідей көзі ашық, сауатты ұрпағы бар халқымыздың өресі, өткен-кеткеніне тоқтам айтар мінезі мен байсалды ойын, қорытынды жасай білетін қасиетін неге ескермеске?
Міне, қалың көпшілік тиісті комиссия мүшелерінен осындай ниетке сай, ақылға қонымды, темірдей тәртіпке бағынған, терең де байыпты жұмысты күтеді.

Мемлекет басшысының "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласы аталған комиссия туралы ойымызды бір жаңғыртса, екінші жағынан тарихқа әрі сабақ, әрі айна ретінде қарау жөніндегі көзқарасымызға түсінік енгізді. Иә, Тәуелсіздік жолындағы тар жол, тайғақ кешу - жай жоқтау мен қаралы трагедия ғана емес, рухтану мен намысты қайраудың негізі. "Мың өліп, мың тірілу" де - Қазақ елі мәңгілігінің арқауы. Феномен-феникс - біздің жол, біздің тағдыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында ұлт тарихының ауыр кезеңдері, күрес парақтары Тәуелсіздіктің тағылымы ретінде байыпталған. Мәселен, ашаршылықты алайық. Мемлекет басшысы ашаршылықты жаңашыл зерттеу нысанасы етуді мәселе етіп көтерді.

Ол: "Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі - 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді" деп жазады. Қазақтың "Көп қорқытады, терең батырады" деген нақылы - сақтық пен мұрат ишараты. Бұйырса, ондай күнге де жетерміз.

Мемлекет басшысы: "Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек", дей отырып, кәсіби тарихшыларға азаматтық міндет те жүктегендей.

Қазіргі күн - әсіре эмоция мен жадағай көңіл-күйдің уақыты емес. Шын тарих барды да, жоқты да бағалауды үйретеді. Оның ащысы да, ақиқаты да - тағылым беруінде. Біздіңше, Қасым-Жомарт Кемелұлы мәселенің осы жағына ел назарын аударды. Тәуелсіздік мұраты - елді де, ерді де лайықты бағалай білуде. Ел - бірліктің, ер - ерліктің қадірін білгізеді.


Дархан МЫҢБАЙ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты