Руханият • 06 Қаңтар, 2021

Академик тағылымы

390 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Менің сөзді бірден Оразақ Смағұлов тағылымынан бастауыма әйгілі философ Николай Бердяевтің төмендегі тағылымдық түйіндері себепші болып еді: «Адам – адамзат әлеміне ұлт адамдары ретінде енеді. Ұлт адамы – ұлттық қаны бар, дербес ұлттық болмысы бар адам. Мәдениет ешуақытта жалпылама адамзаттық болған емес. Ол барлық кезеңдерде нақты адамдық, яғни нақты ұлттық болған».

Академик тағылымы

ar-ar.facebook.com-1

Болашақ тарихшы – қазақтың тұңғыш антрополог академигі Оре­кең осынау ұлтын сүйген ұлы­лар тағылымын бойына сіңі­ріп өскендіктен ұзақ жылдық ғы­лыми ізденістеріне сүйене отырып, ХХ ғасырда қазақстандық тарихшылардың қазақ халқының шығу тегі туралы жазғандарының ешбір дәлел-дәйексіз, ауызша айтылған жазбаларға сүйеніп жа­зыл­ғандықтан аса залалды ғы­лыми қателіктерге ұрынғанын ал­ғаш­қылардың бірі болып білген еді. Солай бола тұра, қазақтың ресми тарих ғылымында сол бір өрескел қателіктерді обьективті түрде сын тезіне алған ешбір ғылыми жұмыстың болмағанына өкіне отырып, оның себептеріне үңіліп былай дейді: «...Тіпті ол ұлт­тық тарихтың жағымды жетіс­тіктері ретінде көрсетілді. Мұның барлығы – Қазақстанда қазақ хал­қының көне тарихы бойынша білімі бар тарихшылардың бол­мауының салдары еді, ал «маман» деп аталатындар Кеңес ұйыт­қы­сының идеологиялық «ашыт­қы­ларында» өскен еді. Сондықтан олар тек құрғақ сөзді ғана малда­нып, қазақ халқының этногенезы мен этностық тарихы проб­лемаларын шын мәнінде шеше алған жоқ». Қанша ауыр болса да академиктің бұл сөзінде, ащы шындық бар екеніне кәміл сенемін.

Академик Оразақ Смағұлов менің ғылыми жетекші-ұстазым болатын. Ғылыми-зерттеу жұмы­сым «Түркеш қағанаты» (692-766) деп аталатын. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми кеңесі бе­­кіткен осы тақырып бойынша ғылыми жетекші табудың әлегі, маған талай есікті қақтырып, талай атағы дардай академик-профессорлардан меселім қайтқаны әлі есімде. Алматы мен елордадағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан Х ғасырдың арғы жағындағы Қазақстан – Орталық Азия тарихы бойынша бірде-бір маман табылмады. Ең соңында Орта ғасыр тарихының маманы Зуев... ақсақалдың қала шетіндегі саяжайына барып ақыл-кеңес сұ­рауға тура келді. Қариям әбден қартайып, азып-тозған-ақ екен. Мандымды ештеңе айта алмады. Оның үстіне менің кандидаттық жұмысым қазақ тілінде жазылып жатқан. Сонымен, сол тұста институтымыздың «Ерте Орта ға­сыр бөлімінде бірге істейтін, Қа­зақстандағы ғылыми ортаға жаңа таныс бола бастаған профессор Зардыхан Қинаятұлымен ақылдаса келе, ол тұста академияның кор­рес­­пондент-мүшесі Оразақ ағаның кабинетіне өтінішпен бардық. Мән-жайды түсінген ағамыз көп ойланбай-ақ бірден келісімін бер­ді. Бірақ талап бойынша ол кісі­нің шифр номері менің тақыры­быма сай келмейтінін ескертіп, Институт директоры – академик Манаш Қозыбаевтың келісімін алып, ВАК-тың төрағасы атына арнайы өтініш-хат жолдау керек екен. Өтініш орындалып, профессор Оразақ Смағұлов менің ғылыми жетекшім болып ресми бекітілді.

Сол уақыттан бастап Орекең­мен жиі кездесіп, ақыл кеңесін алып қана қоймай, ол кісінің өмір­ге, ғылымға, қазақ тарихының өзін толғандыратын түйткілді тұс­тарына арналған ғибратты әңгі­мелерін тыңдап, ұстазыма деген құрметім арта түсті. Орекеңнің «Бұрма­­ланып, әбден былыққан еуро­центристік, ұлы орыстық астам­шы­лықты басшылыққа алып жа­зылған халқымыздың идеоло­гияланған жасанды тарихын малданып, Көк түріктер мен Түркеш қағанаты тарихын жазсаң, мен сенің жұмысыңа жетекші болудан бәрібір бас тартамын, сол есіңде болсын» деп даусын қа­тайта, қабағын түйе қараған сәті күні бүгінге дейін көз алдымда. Мен сондықтан да «Түркеш қағанаты» тарихын зерттеу жұ­мысымда орыс-қытай, еуропа ға­лымдарының асқақ атақ-дәре­желеріне қарамай барынша сын­шылдықпен, обьективті баға беруге батыл кірісе алдым.

«Ежелгі және Орта ғасырдағы түркілер: Тарихи зерттеулер» атты монографиям кітап болып шыққанда балаша қуанып: Жа­райсың бауырым, үмітімді асыра ақтадың» деп құттықтады, әрі «Президент және халық» газетінде жарияланған мақаласында: «Ағы­нан жарыла айтар болсақ, қазақ тарихшылары күні бүгінге дейін Қазақ елінің егемендегіне лайықты Отан тарихын жазып бере алған жоқ. ...Енді міне, Отан тарихын жазудың жаңа кезеңі басталды», деп сүйіншіледі.

Мен бұл сөздерді мақтан үшін емес, әлем мойындаған ака­де­­мик­тің ақ батасы, ұстаздың шәкіртіне деген ыстық лебізі деп қабылдай отырып, алдағы ізденістеріме қо­йылған салмақты талап деп білдім.

Зымыран уақыт зырлап Оре­кеңді тоқсанның төріне әкеліп отырғызып қойыпты. Туған халқы ғана емес күллі әлемдік деңгейде торқалы тоқсанды тойлап, ұлы тұлғаның ұлағатты өмір жолын, ғылымдағы тар жол, тайғақ ке­шулі азапты өмір кешулерін, жеткен жетістіктерін мақтаныш етіп жатыр. Сол қатарда академик ұс­та­зымның отандық антропология ғылымына қосқан үлестерінің кейбіріне тоқталғанды жөн көрдім. «Происхождение казахского народа. По данным физической антро­пологии (Алматы, 2017) атты кітабының қалай дүниеге кел­гені туралы арнайы тоқталған профессор Ахмет Тоқтабай «60 жылдан астам уақытқа созылған антропологиялық ізденістер қазақ­тың ата-тек тарихын зерттеп-зер­делеуге арналғанын, Орекең экспе­дициясы осы уақыттар ішін­де Қазақстанның Шығыс-ба­тыс, Оңтүстік-солтүстік, орта­лық ай­мақ­тарын шарлап, ара қа­­шық­тығы ұзынынан 3000-2000 км, көлденеңінен 1000 км ара­лық­та жатқанына қарамай оларда антро­по­логиялық айырма­шы­лық­тар өте аз екенін дәлелдеп шыққан, деп жазады.

Нақтылап айтқанда, ІХ-Х ға­сырларда қазақтың бүгінгі кес­кін-келбеті қалыптасып, моң­ғол шапқыншылығынан кейін­гі кезеңде 70% монголид эле­мент­­тері, 30% еуропалық нәсіл­дің элементтері бар қазіргі қа­зақ­тар­дың бет-бейнесі айқындалған. Сонымен кешенді зерттелген антро­пологиялық ізденістердің нәтижелері бүгінгі қазақтардың көне тұрғындарымен генетика­лық байланыстарының үзілмей сақталып келгенін дәлелдеп бер­геніне көзіміз жетіп отыр. Біз солай дегенімізбен күні кешеге дейінгі кеңестік және еуропацентрист-шовинистерінің тәрбиесін алған қазақ антропологтері мен археолог тарихшылары ескі сүрлеуден шыға алмай, жас ұрпақтың рухани жаңғыруына кері әсер етіп келе жатқанына академик Оразақ Смағұлов қатты ашынады.

Академик ұстаз осынау келең­сіздіктің тарихи себептеріне талдау жасап былай дейді: «Басты проблема Қазақстанның соңғы үш жүз жыл көлемінде Ресейдің, ал одан кейін кеңестік империяның отаршылық аумағында болғанды­ғынан көрінеді. Сол үшін – қазақ халқының объективті тарихы мен этномәдени дәстүрі империялық идеяның, саяси цензураның қатаң қысымында болды». Осындай тарихи, саяси басым жағдайында қалыптасқан үш ғасырлық қазақ халқы тарихын жазудың тарихнамасына шолу жасай келе, антрополог-академик тәуелсіз Қазақстан жағдайында жазылып жатқан ғылыми-зерттеулерге көңілі тол­май­тынын ашық әрі ашына жаза­ды.

Оның нақты көрінісі ретінде бү­гінге дейін қолданыста жүр­ген «Ко­чевник» және «Номад» тер­мин­дерінің ғы­лы­ми һәм саяси ада­су­­шы­лық­тарға ұрындыра­ты­ны жө­нінде академик былай дейді:
«...Бұл терминнің мән-мағынала­рын олар шын мәнінде ұғынбайды, бірақ ол қазақ өркениетінің «шы­ңы» ретінде көрсетіледі, нақты ал­­ған­да бұл терминді Қазақстан тари­хына қатысты қолдану қазақ халқының объективті тарихын жа­сырын түрде қорлау болып отыр. Өкінішке қарай, бүгінгі күні «но­мад» – «көшпенді» – «қазақ» сөздері синоним болып кетті, адам­дардың көпшілігі біздің елі­міз­де болсын, шетелдерде болсын оны солай қабылдайды, тіпті бұ­рынғы және қазіргі заманауи жағ­дайларда қазақ халқының этномәдени дамуының «Ресми карточкасына» айналды».

Академик бұдан әрі қарай «Nomad»-­тың грек сөзі екенін, оның мағынасы, тұрақты мекені жоқ үйсіз-күйсіз, баққан малына ілесіп қаңғырып жүретін адамдар дегенді білдіретінін, бүгінгі ғы­лым­­да одан басқа мән-мағына бер­мегенін атап көрсетеді. Ал Nomad деп бүгінгі таңда антропология ғылымы бәдәуилерді, хатба мен туаречилерді, масал мен аустриялық тайпаларды ғана айтады. Олай болғанда, аталған номад делінген тайпалардың қайсысын бүгінгі қазақтар ғана емес, олардың арғы ата-бабаларына ұқсата аласыңдар деп академик ақсақал зілді сұрақ тастауға мәжбүр болады. Осыларды айта келе: «Қазақстанның қо­ғамтанушы мырзаларын ұй­қы­дан оятып, «номад» тер­минін қазақтарға қатысты қол­дануды тоқ­татыңдар, бұл ғы­лы­ми көз­қарас тұрғысынан қате болуымен қатар, мына өркениетті әлемнің алдында туған халқын қорлау болып табылады», деп қатаң ескерту жасайды.

Тәуелсіз Қазақстан тарих­шы­­­ларын осындай қателіктерге ұрын­­дырып отырған басты кінә­­рат ре­тінде: «...Көне қазақ же­рін мекен­деген халықтың сан-са­ла­лы өмірін этномәдени тари­хын объек­тивті түрде жазудан ба­рын­ша қашқақтайды», дей оты­рып еліміздегі көпте­ген қоғам­та­ну­шылардың этно­тер­миндерді, әсіресе қазақ хал­­қының этностық тарихына қа­тысты терминдердің түпкі мағы­насына бойлап, жүйелі ғылыми талдауларға бармай жа­тып өздерінше білгішсінеді. Ака­демик Орекең оған мысал ретінде «таксономия» грек сөзі екенін, оның «...Биология саласындағы арнайы термин екенін, ол гума­нитарлық саладағы зерттеулерде қолдануға жатпайды, бұл жерде сөз биологиялық жүйелеу ту­ралы емес, ал түрлі тарихи кезең­дерді дәуірлеу туралы», екенін айтады.

Академик Смағұловты алаң­дататын тақырыптың тағы бірі – ғалымдар жиі қолданатын «глоттогенез» (яғни тілдердің шығу тегі туралы) терминін ежелгі қа­зақ тарихы мен лингвистикасына қолданудың ешқандай ғылыми мән-мағынасы жоқ екені.

Алфавиттік жазу тарихына шо­лу жасаған Орекең ежелгі шумер, орхон-енесай мөрлі жазуларын тапқырлаған түпкі түркі ата-бабаларымыздың ұрпағы болған қазақ халқының да тектілік негізі екеніне көптеген дәлелдер келтіреді. Сондықтан бүгінгі қазақ тілінің арғы түрік тілдері тобына жататындығы ендігі жерде басы ашық ақиқатқа айналып отыр. Осыларды қорытып, тиянақтай келе антрополог-академик күллі ғылым иелеріне былай деп үн қатады: «...Адам әрқашан тіл мен діннің ұстанушысы болған. Біздің жағдайымызда көне кезеңдерден бері Қазақстанды мекендеушілер жергілікті популяция негізінде серпінді дамып отырды, өйткені бұл аумақта төрт мыңжылдан астам уақыт аралығында халық­тың шекаралас мекендерден тай­па­лардың көптеп келуі мен жер­гілікті тайпалардың өздерінің ме­ке­нінен тыс жаппай ауысуы байқалмайды». Академиктің осынау ұлағатты пайымын одан әрі өрбіте, өрістетер болсақ – түрік мәдениет тарихшысы Зия Гөк Алыптың: «Кейбір ұлттардың заманауи мәдениетке қол жеткізу үшін өткенінен алыстауы қажет болатын шығар. Ал түріктердің керісінше өздерінің өткен тарихына, ежелгі мәдениетіне қайрылып, назар аударуы жеткілікті», деген уәжіне жүгінуіміз жөн болар еді. Біз сонда ғана «Еуро­центристік, шовинистік пайым­дарға шоқынған «нома­дизм мен көшпенділікті» дәріп­тей­­тін тарихшысымақтар­дың мәң­­гүрттенген ойжоталары­на той­­тарыс беріп, антрополог О.Смағұловтың «Қазақ хал­қын және оның ата-бабала­рын кешенді физикалық антро­по­логия салалары бойынша зерт­теу­­лер барысында бүгінгі тә­уелсіз мемлекетіміздің жері қазақ зәузатының әуелден өз ата­жұрты, тұрғылықты ота­ны екен­­­дігі және осы аумақта 4-5 мың жыл бойы ұрпақтар са­бақ­тастығы үзіліссіз болғаны то­лық дә­лелденді... Генетикалық тұр­ғы­дан жалпы сараптар болсақ, ба­йырғы қазақ атамекеніндегі по­пуляциялық даму тарихы мен оның мәдениетінің өрбіп-өсуі жол­дарының бірегей сабақ­тас­тығын, ғажайып биоәлеуметтік құбылыс ретінде де пайымдар едік», де­ге­ніне көз жетеді.

Өз халқына «номад, кочевник» қара таңбасын басқысы кел­ген масановшылардың сонау нео­лит, энеолит (ж.с.д. 7-4 мың жыл), қола (ж.с.д. 2-1 мың жыл) дәуіріндегі байырғы қазақтардың өз жеріндегі бай табиғи металл кендерін игеріп, қажетті құрал-сайман мен қару-жарақтар жасау технологиясын ойлап тапқанын, кен өнімдерін көрші елдерге де шы­ғарып сатқанын білмеуі мүмкін бе?

Арғы тарихты қазбаламай-ақ ХІV ғасырда Түркістандағы әйгілі тайқазанды жеті бірдей элементті қосып жасаған шебер­лердің ке­ректі барлық металды әулиелі Түркістан жерінде жасай алғаны мақтанышымыз еді ғой. Ал «қола дәуірінде игерілген кен орындары мен өзен-көлдерді жағалай қоныстанған ата-бабаларымыздың күмбезді-шатырлы ботай сияқты қысы-жазы тұруға арнап салынған бас­­­паналарда тұрып мың-мыңдап жылқы өсіріп, еті мен сүтін азық еткені, балықшылықпен де айна­лысқанын археологтер жетер­ліктей дәлелдеп берді».

«Номадшыл» мәңгүрттердің өз халқының тұрмыс-тіршілігі мен эт­номәдениетінен алыс­тап кеткені сонша, олар мал шаруашылығымен айналысқан қазақтардың қыстау-көктеу, жайлау-күзеулерге байланысты ішкі маусымдық көші-қонын малының соңынан қалмай албаты көше беретін «номад-ко­чевник» формуласына салып өздерінше шалықтайтынын антрополог-академик ғылымға тарихқа жат, қазақ халқына жабылған жала, жағылған күйе ретінде айып­­тай­ды.

Антрополог ғалым қазақ ата­ме­кенінің көп салалы тарихи тіршілігін хронологиялық ізбен шартты түрдегі жеті этномәдени дәуір бойынша жүйелеп береді. Сөйтіп қазақ популяциясын әлемдік антропологиялық жүйе­ден орын тапқан және бүгінгі қазақ халқын мыңдаған жылдар бойы тұрақты елі мен жері бар, тарихи қалыптасқан отаны бар ұлт ретінде әлем алдында ары мен намысын тиісті деңгейде барынша қорғауға міндетті екенімізді қадап айтады. Ал өткен ғасырдың соңғы ширегінде Есіктегі Сақ қор­ғанынан археолог ғалым Кемел Ақышев тапқан «Алтын адамнан» (ж.с.д. ІV ғ. делінген) ке­йін Қазақстанның төрт тарапынан археолог ғалымдар ашқан «Алтын адамдармен», Ботай қо­ры­мынан табылған мыңдаған жылқы сүйектері мен қола, темір, алтын-күміспен әшекейленген әсем бұйымдар, қару-жарақтар, 6000 жылдық тарихы бар қара домбыра, қазақ жерінде игерілген кен орындарындағы кен-байыту техникасын меңгерген халықтың ұрпағын жабайы «номадтар, кочевниктер» деп сандырақтаған мәңгүрттерді қалай кешіреміз: 60 жылдық саналы ғұмырын сарп етіп зәузатының этностық тегі мен этномәдениеті тарихын жазып берген академик Оразақ бұл сандыраққа басқаша қалай жауап беруі керек еді?

Антрополог ғалымды толған­дырып, ашындырып жүрген та­қы­рыптың тағы бірі – сонау Қола дәуірінен бергі археологтер ашқан тарихи елді мекендердің этностық атауларын белден басып орыстық атаулармен атап келе жатқаны, күні бүгінге дейін тарихи зерттеулер мен оқулықтарда аталатын «Афанасьев», «Ан­дронов», «Окунов» және «Денисов­ка­лар­­дың» түркілердің «Алтын бе­сігі» аталған Алтай өңіріне еш­бір қатысы жоқ екенін айтып, жазатын отаншыл тарихшы-антро­пологтердің атойлап шыға алмай жүргендігі. Орекеңнің қа­зіргі, бұрынғы адам сүйегінің мор­фо­логиясы туралы ешбір бі­лім-бі­лігі болмаған археолог әріп­тес­терінің әрекеттеріне қарата «Елімізде антропологиялық ма­териалдарға (Абақ-Байтақ және басқа да) деген вандализмге қа­шан шек қойылар екен» деген сұрағына тиісті мемлекеттік ме­ке­мелер мен ғалымдардан жа­уап күтеді. Әсіресе соңғы жыл­дар­дағы «Алтын адам» іздеу нау­қанға айналған кездегі қазба жұ­мыстарына көңілі толмайтыны басқаларды да ойландырар деп қараймыз.

Академик Оразақ Смағұлов не жазса да, не жұмыс істесе де тек өзінің туған халқының – қа­за­ғының 40 ғасырлық өмір ке­шу­лері мен материалдық һәм ру­хани этномәдениеті тарихын айқын­дауға арнаған екен. Ал соңғы 70-80 жылдардағы халқымыздың этномәдени тарихының шектен шыға саясиланып кеткенін, оның бір көрінісі көп томдық «Қазақ ССР тарихы», «Қазақстан тарихы» деген атауларда жалаулап тұрғаны, ал қазақ халқының тарихы мен этномәдениеті аталмыш атаулардың аясына мүлде сай еместігін ғылыми, тарихи дұрыс атауы – «Қазақ халқының тарихы» немесе «Отан тарихы» болуы керек деген ұстанымға тоқтайды. Ол үшін бүгінгі қазақ елінде төрт мың жылдық этномәдени тарихы бар тек бір ғана халық бар, ол – «Қазақ халқы екенін өзіміз танып-білуіміз керек. Сонда ғана қазақтарға байланысты тарихи салаларды шартты түрде болса да жүйелеп, оның материалдық тарихы, мәдени тарихы, ата заң тарихы, діни тарихы, саяси тарихы, философиялық тарихын арнайы зерттеп жазуға жол ашылады. Мұндағы негізгі талап «Қазақстан» деген әкімшілік атаудың орнына «Қазақ халқының тарихы», «Қазақ елінің тарихы» немесе «Отан тарихы» деген атау­ды қолдануға негізделеді.

Академик Орекең өзінің ға­лымдық әрі ақсақалдық тағы­лым­дық байламын «Қазақстан» деген атауға ұлттық ұғымды бе­ру­дің жөнсіз екенін, мұндайда ұлттық атаудың тиісті тарихи ор­ны барлығы және оны әкім­шілік терминмен алмастыруға бол­майтындығы әбден белгілі», – деп түйіндейді. Қазақ тарихшылары мен қоғам қайраткерлері ширек ғасырдан бері талмай талап етіп келген осы тектес ұлттық-мемлекеттік мәні бар үндеулерді ескерусіз қалдыруға болмайды демекшіміз.

Антрополог академиктің ұлт үшін тәуелсіз мемлекет мүддесі үшін тындырған айтулы еңбегінің бірі – қазақ тарихынан өз орнын ала алмай, сан-саққа жүгірткен қасиетті ханымыз Абылайға қа­тысты барлық антропологиялық, археологиялық тарихи материалдарды кешенді зерттеу арқылы, Абылай ханның бейнесіне, дене құрылымы мен сүйек өлшемдеріне ғылыми анықтама беруге антрополог Орекең басшылық жасаған ғалымдар орасан зор табысқа қол жеткізді. Соның арқасында тұң­ғыш рет антропологиялық қайта қалпына келтіру әдісімен ханның бас сүйегі бойынша оның дәлме-дәл бет әлпетінің көрінісі жасалып, халқымыздың ұлы перзенті Абылай хан туған халқымен қайта қауышты.

Осынау кешенді «Тарихи ан­тро­пологиялық зерттеу» атты ұжым­­­дық еңбек арқылы қазақ елі та­ри­хының жарқын бір беті ашылып, рухани жаңғыруға төте жол салғандай болды.

Академиктің 60 жылдық ғы­лыми ізденістері арқылы жарық көрген еңбектері әлемнің белгілі ғылым ордаларына, антрополог ғалымдарына кеңінен танылып жоғары бағаланғанын өз елі­міздің азаматтары онша біле де бермейтіні өкінішті-ақ. Осы жағ­дайды ескеріп мақаламыздың соңына Арменияның әлемге танымал антрополог ғалымы Сергей Арутюновтың «Долги путь к себе» атты мақаласынан қысқа үзінді бере кетуді пайдалы көрдік:

Қазақ халқы мен оның арғы ата-бабаларының этностық тегі мен этномәдени бет-бейнесінің қалыптасу мәселелері оның еге­менді даму шарт-жағдайында рухани, адамгершілік және пат­риоттық тәрбиені терең­дету, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ли­­­касы азаматтарын бір­тұтас әлеу­­­меттік-мәдени қауымға жұ­мыл­­­­дыру үшін аса өзекті болып көрінеді. Осыған байла­ныс­ты О.Смағұлов пен А.Сма­ғұло­ва­ның кітаптарының жарық көруі дәл уақытында болды, өйткені әлі де объективті және субъек­тивті бірқатар себеп­тер­ге орай қазақ халқының этногенез және этностық тарихы проб­лемаларын зерттеуге аса кө­ңіл бө­ліне қойған жоқ. Бү­гінгі уа­қыт­та қазақ халқы­ның тарихын танудағы осы ақтаң­дақ­ты жою­ға Қазақстанның ҰҒА академигі, Болонск Ғылым акаде­миясының (Италия) коррес­пон­дент-мүшесі, ғылым мен техника саласының құрметті қай­рат­­кері О.Смағұлов пен оның қыз­меткелерінің Қазақстанның физикалық антропологиясы сала­сындағы жүйелі зерттеулерде ал­ған қомақты нәтижелері елеулі үлес қосуға қабілетті. Олар көп жылғы тоталитарлық режімнің айтарлықтай қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанның ежелгі және қазіргі халқының кешенді антропологиялық зерттеулерімен жемісті айналысып келеді.

 * * *

Оқырман назарына ұлттық тарих ғылымындағы қазақ хал­қы­ның расогенезі мен этно­ге­незіне байланысты, Қазақ­стан­ның этномәдени тарихы кон­текстінде қазақ хал­қы­ның шығу тегінің негізгі кезең­де­рін айтар­лықтай межелей алатын көптеген объективті және сенімді антропологиялық деректермен негіз­делген мүлде жаңа және біре­гей ғылыми жұмыс ұсынылып отыр.

 

Әлімғазы Дәулетхан,

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор