Аймақтар • 15 Қаңтар, 2021

Қалқымалы көпірден қалт-құлт етіп өтіп жүр

871 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Басын Нарын мен Қарадария өзендері қосылған тұстан алатын ежелгі Сырдарияның 220 шақырымы Қызылорда облысы Шиелі ауданы аумағында жатыр. Көне сораппен он оралып, сан бұралып ағатын алып дарияның қуыс-қолтығын паналаған ауыл көп мұнда.

Қалқымалы көпірден қалт-құлт етіп өтіп жүр

Қарғалы, Жуантөбе, Ботабай, Қы­зылқайың мен Таштоп болып жалғасып кете береді. Одан бөлек, аудандағы малды ағайынның, көршілес Жаңа­қор­ған ауданының біраз халқы осы беттен орын тепкен. Со­лардың барлығын аудан орта­лығымен қалқымалы және жүзбе көпірлер жалғастырып тұр.

Ал дария арнасында мұз ұстасатын қыс пен өзен суы молаятын көктемде бұл көпірлер арнадан алынып, ауыл­да­ғылардың әрі-бері қатынауы пышақ кесті тыйылады. Жуырда осы жағдай кезекті мәрте қайталанып, Қарғалы ауыл­дық округінің орталығы саналатын Бұланбай елді мекені тұрғындары қыстың көзі қырауда іргедегі Шиеліге Жаңақорған ауданы арқылы айналып келуге мәжбүр болып қалды.

– Кеңес Одағы кезінде қаракөл қойын өсірген Қарғалы ауылының іргесі қаланғанына биыл тура 50 жыл толады. Көпір содан бері айтылып келе жатқан мәселе. Жыл сайын әкімдер есеп беретін кездесуде міндетті түрде айтылатын проблеманың бірі осы. Жылдап айтып жүріп, былтыр аяқсуды жеткіздік. Бірақ осы көпірге қатысты көп тілегінің орындала қоюы қиын болып тұр, – дейді ауыл тұрғыны Мәмбет Пернебай.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманның айтуынша, қазіргі қалқымалы көпір де, оған жеткізетін жол да облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарайды. Сондықтан да бұл мәселе аудан көлемінде шешімін таба алмайтыны анық. Дарияның аудан аумағынан өтетін бөлігінде бір де бір стационарлық көпір жоқ. Қызылқайың ауылы тұсында әлі күнге паром тұр. Арнаға мұз қата, ол да тоқтайды. Тұр­ғын­дар қыс бойы троссты жағалап, жаяу­­лап, жалпылап бір амалын жасауға көшеді. Астындағы су азайса мұз опырылып кететінін біле тұра осындай қатерлі қадамға бармасқа тағы амал жоқ. Бөлім басшысы мүмкіндікке қарай арғы беттегі ауылдар арасын жалғайтын жолдарды жөндеуді де назарда ұстайтындықтарын жеткізді.

Айтпақшы, Бұланбай бауы ауылы­ның маңайында уран өндіретін кеніш бар. Олардың көліктері осы жол арқылы қатынайды. Понтон көпірді жинау, салу кезінде ауылдықтарға көмегін тигізіп отырған да осы кеншілер. Жуырда өзен арнасы көтеріліп кеткен кезде де ауылдық округ әкімі Қайрат Парманқұлов кеншілерден ауыр көлік әкеліп, ауылдастар көпірге қарайтын мамандарға көмек көрсетіп, көптеп жүріп біраз шаруа істеді.

– Естуімізше, тиісті орындар көпір салу үшін әрлі-берлі өтетін көлік ағыны аз деген ұстанымда секілді. Мүлдем олай емес, осы Қарғалының өзінде 1 300-ден астам тұрғын бар. Аудан орталығынан күніне жүздеген көлік қатынайды. Болашақта осы маңайдан «Күміскеткен» су қоймасы салынса көлік қатынасы көбейе түсетіні айдан анық. Стационар көпір түссе арғы беттегі өзге ауылдар тұрғындарының аудан орталығына қатынауы жеңілдер еді. Понтон сыр берсе, салып ұрып аудан әкімшілігіне барамыз. Обалы не керек, ондағылар қолдан келгенше көмек беріп жатыр, бірақ облыстық маңызы бар жол мен көпір мәселесінің шешімі олардың қолында емес, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбек Тәшімбет.

Ауылдағылар мұз үстімен жүрген талай көліктің суға кеткенін айтады. Әйтеуір оқыс оқиғаның бәрінде адам­дардың аман қалғаны ғана көңілге демеу. Көпірді жинап тастаған сәттерде мұндағы жұрт қанша жерден қауіпті екендігі ескертілсе де, тәуекелге салып, төте тартуға мәжбүр. Жақында ғана Қарғалы ауылындағы айы-күні жетіп отырған бір келіншекті толғақ қысып, жақындары жандәрмен Жаңақорғанға жеткізіпті. Ондағылар қабылдаудан бас тартқасын Шиеліге апарыпты.

Осы жолмен есептегенде ауыл мен аудан орталығының арасы – 37, ал Жаңақорған арқылы айналып келсе 120 шақырым болады екен. Қоңыртөбел тіршілік кешіп жатқан жұрт үшін іргедегі Шиеліге айналып барудың жолкіресі де айтарлықтай салмақ.

Тұрғындар тілегіне орай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына да хабарластық. Ондағылардың айтуынша, көпір салу үшін аудан әкімдігі тарапынан жер учаскесін таңдау мен жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленуі керек. Көпір құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайға ғана құрылысқа республикалық бюджеттен қаржы сұрауға болады.

Басқарма бізге жолдаған хатында ауыл тұрғындарының көпірдің күті­міне қатысты алаңына да жауап бере кетіпті. Осыған дейін аталған жұмыспен айналысып келген «Еламан құрылыс» ЖШС биылдан бастап қосалқы мердігер ретінде көпірді күтіп-ұстауды жергілікті «Шиелі Жолшы» компаниясына тапсыратын болды. «Шиелі Жолшы» аудан аумағында дария үстінен өтетін көпірлердің күтімін бақылап жүрген тәжірибелі компания. Бірақ бұл – мәселенің шешімі емес. Дарияның осы тұсына ел емін-еркін қатынайтын стационарлы көпір қажет.

Амандық болса, биыл да есеп беру кездесулері өтер, бұл проблема да айтылар. Жылдағы жауап қайталанатыны тағы белгілі. Бар мұңы көпір болған қарғалылықтар сол сөздің тезірек іске айналғанын қалайды.

 

Қызылорда облысы