Қазақстан • 01 Ақпан, 2021

Ордалы ойдың отыз мыңыншы межесі

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзінің ішкі әлемін рухани тұрғыда байытуды үнемі ойластырып жүретін әрбір саналы азаматтың асыға күтіп, сүйсіне оқитын басылымы болады. Мысалы, өзім үшін сондай ақпарат құралының бірі және бірегейі «Egemen Qazaqstan» газеті.

Ордалы ойдың отыз мыңыншы межесі

Бүгінгі күнде «Ел газеті» деген сөз тіркесі міндетті түрде қосақталып  айтылатын басылыммен таныстығым бала кезімнен басталған еді. Марқұм әкем Қомар бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетін етектей қылып жайып тастап, шұқшия оқып жатушы еді. Әкемнің осы аяулы да ыстық  бейнесі санамда мәңгі сақталып қалды. Ел газетіне деген ерекше құрметтің қалыптасуына жадыда жатталып қалған сол суреттің де үлкен септігі тиді-ау деген ой жиі келеді бүгінде...

Әлбетте, ғасыр жасаған газеттің замана тамырын тап басқан бүгінгі бет-бейнесі, мән-мазмұны  қатты өзгерген. Шынтуайтына келгенде, басылым қазір өзінің өркендеу дәуірін бастан кешіп жатыр деп батыл түрде айтуға болады. Оның әрбір бетінен бүгінгі күннің маңызды һәм өзекті деген тақырыптары бар бояу-болмысымен жарқырай көрініс тауып келеді. Елдегі оқиғалар өз алдына, газет әлемдік кеңістікке еркін қанат қағып, халықаралық деңгейде дәреже биігіне көтеріле бастады.

Өзім екі жылдан бері БАҚ, білім, мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне арналған «Тұлға» сыйлығын тағайындап, осы жобаны жүзеге асырып келемін. Айтайын дегенім, аталған сыйлық аясында ақпарат саласының үздіктеріне берілетін бас жүлде «Egemen Qazaqstan» газетінің атын иемденген. Мұны мен халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан байырғы басылымға деген өзімнің құрметім деп санаймын.

Бүгін осы ордалы басылымның отыз мыңыншы саны жарыққа шыққан екен. Олай болса, жаңашылдықтың жаршысы, кемел ойдың кеніші, ақиқаттың алдаспаны деп іркілмей сипаттауға тұратын ірі газеттің тарихты таңбалаған тағы бір қадамына құтты болсын айта отырып, «Егеменім» елмен бірге жасасын!» деген тілекті шын жүректен жеткізгім келеді.

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

меценат, Қарағанды облыстық

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы,

облыстық мәслихаттың депутаты

 

Жезқазған қаласы