Әдебиет • 01 Ақпан, 2021

«100 жаңа оқулық»: ұлттық аударма мәдениетін қалыптастыруға негіз болды

487 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аудармашы мамандар мен ғалымдар, жоғары оқу орны оқытушылары бірлесе отырып, әлемнің 100 оқулығын қазақ тіліне аударды, деп хабарлайды Egemen.kz

«100 жаңа оқулық»: ұлттық аударма мәдениетін қалыптастыруға негіз болды

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Аталған жоба аясында бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтарын түрлі тілдерден қазақ тіліне аудару міндеті жүктелді. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының негізінде ұйымдастырылды. Қазақ тіліне аударылған оқулықтар еліміздегі 130 ЖОО-ға таратылды. Жобаға жалпы 300-ден аса маман атсалысты. Біз жоба қатысушыларының бірі, өнер бағытындағы еңбектердің ғылыми редакторы Амангелді Мұқаннан жоба туралы сұрадық.

Өнертану кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы Тәуелсіздіктің арқасында келген әрі өте қажет жоба деп айтуға болады. Бұған дейін сыртқы мазмұнды толықтай орыс тілінен алып келдік. Бұл жолы ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударма жасау ісі жүзеге асырылды.  

Біріншіден, бұл жоба еліміздегі ұлттық аударма мәдениетін қалыптастыруға негіз болды. Жоғары деңгейдегі мамандардың басы бір ортаға бірікті. Кеңестік кеңістіктен толықтай шыға алмай жатқан уақытта аударма ісінің берері мол. Әлемдік ғылым мен білім саласының соңғы жетістіктерін қазақ тілінде оқу маңызды, себебі осылайша тіліміздің заманауи әрі ғылыми мүмкіндіктерін көрсете аламыз. Аударма арқылы тілімізге жаңа ұғымдар енді, көп терминдердің қазақы нұсқасы пайда болды. Әрине, кейбір аудармаға үйренісу, оны бірен қолданысқа енгізу қиын. Бірақ бұл қазақ тілінің өзгелермен тең қадам басып, жаңа заманға лайық мазмұнмен толығуы үшін керек.

Мен «Театртануға кіріспе» (К. Балм), «Өнер философиясына кіріспе» (Р. Элдирдж) деп аталатын екі кітаптың ғылыми редакторы болдым. Екеуі де өнер саласына қатысты туындылар. «Театртануға кіріспе» Кембридж университеті үздік оқулықтарының қатарында. Кітаптың терминологиялық қоры өте бай. Театрдың салалық атаулары мен ұғымдары молынан қамтылған. Біздің студенттер оқып, қажетін алады, ойына ой қосады деген үміттемін. «Өнер философиясының» мазмұны ауқымды. Өнерге, өнер философиясына байланысты терминдер, философтардың өнер туралы мәселелері, дәйектері, бәрі кеңінен түсіндірілген.

Әрине, бұған дейін орыс тілінен аударылған оқулықтарды қолданып келдік. Жақсы оқулықтар жетерлік. Алайда, ғылыми зерттеу, ғылыми контент бойынша тек орыс тілінің ықпалында қалып қою дұрыс емес. Батыстың зерттеушілерін толғандырған мәселелер, театртану төңірегінде олардың қарастыратын мәселелерін білу бізге түрлі зерттеулерді салыстырып, жақсы ой түюге жол ашады.

Біз орыс тілінен аударылған терминдерді қолданып үйреніп қалыппыз. Бастапқыда кейбір сөздердің аудармасына құлақ үйренбей, ұнатпаған едім. Бюро мамандары сингармонизм заңдылықтарын ескеріп, төл тіліміздің табиғатына сай аудару туралы бастамаларын негіздеп бергенде олардың ойымен толықтай келістім. 

Бұл жұмыстағы кәсібиліктің бір мысалын айта кетсем. Мұнда әрбір маманның айтқан пікірі ескеріледі. Талқылаулар тоқтамайды. Аудармашы мен редактор арасындағы талқылаулар арқылы жақсы нәтижеге жеттік. Жалпы бұл тәжірибе бәрімізге пайдалы болды.