Руханият • 04 Ақпан, 2021

Көзімді ашып, көңілімді жайлаған

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көптен көріспеген жұрт бір-бірімен жолыққанда жылы ұшырай сәлем беріп, «Мал-жан аман ба?» деп хал сұрасып жатады. Осы бірауыз сөзбен отбасы мен малдың амандығын тегіс сұрап білуінен ата-бабамыздың тілге шеберлігі байқалады. Адамның жасы ұлғайған сайын әр жерің ауыра бастайтыны белгілі. Он екі мүшеңнің сау болғаны баға жетпес байлығың.

Көзімді ашып, көңілімді жайлаған

Он жылдың алдында сол көзімнің еті өсіп, жыл сайын үлкейе түсті. 2019 жылы көзімнің жартысын жауып, ақыры ота жасатуға тура келді. Басында, әрине, бойымды қорқыныш биледі. Наурыз айында Талдықорған қаласына барып, сол көзімнің өскен етін алдырдым. Көлегейленіп жүрген көзім бірден ашылып, жақсы көретін болды.

Бір жыл өткеннен кейін, яғни 2020 жылдың мамыр айының соңына таман екі көзім бірдей бұлыңғыр тартып, қашықтан көру қабілетім нашарлана бастады. Айналам тұманданып тұрған сияқты күйге түстім. Ұсақ жазуды көзілдірікпен бұрын жақсы көруші едім, кейіннен әрең көретін болдым. Ауылдың емханасына барып қаралғанымда, ауданға, не қалаға барып қаралуға кеңес берді. Амал жоқ, демалысқа шыққанша шыдау керек болды.

Демалысқа да шықтым. Өзім Алматы облысы жақта жұмыс істейтіндіктен Талды­қор­ғанда қаралсам ба екен, әлде Семейге бар­сам ба екен деп ойландым. Ақыры көзіне ота жасатқан адамдар дәрігерлері білімді деп айтып жүретін Семейді таңдадым. Әрине, «халық айтса, қалт айтпайды», оның үстіне қаланы да жақсы білемін. Өйткені жастық шағымның, студенттік өмірдің қызықты жылдарын өткізген қаламыз.

Сонымен тамыз айының басында Семей қаласы Оборонная №86 көшесінде орналасқан «Офтальмохирургияға» келіп қаралып, ­бір­неше аппаратпен тексеруден өткізгеннен кейін дәрігерлердің кеңесімен екі көзіме де ота жасатуға келістім. Порталмен емделу үшін күту керек, уақыт жоғалтамын. Ал ақшасын төлеп жасатсам, екінші көздің ота­­­­сы тегін екен. Анализдерді қалада өтсем, әжептәуір шығындалады екенмін. Содан тұрғылықты жерімде тексерілгенім дұрыс болды. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қабанбай ауылында және Мақаншыда анализдерімді тапсырып, құжаттарымды жинадым. Алайда осы ауылдарда жұмыс істейтін кейбір медбикелерге өкпе-ренішім де бар. Аты-жөндерін атамағанды жөн көрдім. Себебі барлық анализді өткізгеннен кейін терапевтің қорытындысын алуым керек. Әңгіме осы жерде басталды. Коронавирус ауруынан таза деген құжатты Мақаншы ауылдық ауруханасы берген. Қабанбай ауылындағы терапевт-дәрігер құжаттарымды түгел қарап отырып: «Коронавирусқа бізден неге тексеріліп алмадыңыз. Алакөлдің бойында тексерілуге болады, 5 мың теңге төлейсіз» деді. Онысына «Бәрібір емес пе, Мақаншыға да сол ақшаны төледім» деп жауап бердім. Аз ойланғаннан кейін рентгеннен өтіңіз деп тұр. «Әкем, рентгеннен өткеніме 3 ай болды, 1 жылға дейін жарамды емес пе?» десем, басқа облыстан өткенімді айтты. Кеудемді тексеріп жатып өкпемде сырыл барын алға тартты. «Жас кезімнен бронхитым бар, өкпем таза» деп, сөзге келісіп те қалдық. Кейбір медбикелер үлкенге қатты сөз айтып, мәдениетінің төмен екенін байқатып-ақ қалады.

«Қайдасың, Семейім» деп құжаттарымды құшақтап, 17 тамыз күні қалалық терапевтің қоры­тындысын алдым. 18 тамызда оң көзіме, 19 тамызда сол көзіме ота жасаттым, сәтті болды. «Офтальмохирургия» меке­ме­сіндегі ақ халатты жандарға қатты риза болғанымды жасыра алмаймын және басқа да отаға келгендердің де, бұрын ота жасатып, тексерілуге келіп жүрген адамдардың да разы болып жүргенін көрдім. Үлкендерге ізет көрсетіп, білмеген нәрселеріңді шын ниетімен түсіндіреді. Медбикелердің айтқан кеңесі бойынша уақы­тын­да тексерілуден өтіп отырдым. Әйелім Шеренхан Сәбитова да сол көзінің еті өсіп, 5 қарашада Семейдің «Офтальмохирургиясына» ота жасатты. Ота жасатуына себепші болған – өзім. Әулетімізбен Семейдің көз дәрігерлеріне ри­за­­­шылығымызды білдіреміз.

Галина Заманова басқарып отырған меке­медегі қызметкерлерге мың да бір алғысымды айт­пақпын. Әсіресе, ұлты орыс бола тұра қазақ тілін өте жақсы меңгерген, ата-апалап жаныңа шипа беретін Хирургия бөлімінің меңгерушісі Светлана Серединаға және аға медбике Алмаз Өстеміроваға алғы­сымыз шексіз. Сон­дай-ақ Гаухар Тұрсынғалиева, Сәуле Ахме­то­ва, Әлия Құсайынова, Динара Устаева, Тоғжан Уристимова сияқты мамандарға шын кө­ңі­ліміз­­­­­­­бен ризашы­лығымызды білдіреміз. Ел га­зе­ті арқылы ал­ғысымды жеткізе отырып, жұ­мыс­та­ры­на ­табыс, дендеріне саулық, отбасы­ла­рына аман­дық, жайдарлы мінездерімен ха­лық­тың алғы­сын­а бөлене беріңіздер дегім келеді.

 

Сәлмен СӘБИТОВ,

Қабанбай ауылының тұрғыны

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024