Қоғам • 01 Наурыз, 2021

Ғасырлық шежіресі бар әулет

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Т.Шевченко атындағы украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» облыстық қоғамдық бірлестігі еліміздің бірлігін нығайтуға қызмет етіп келе жатқан құрылымдардың бірі.

Ғасырлық шежіресі бар әулет

Қазақстанда тұратын украин­дардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын және мәдениетін жаң­ғырту, өңірдегі этностар достығы мен өзара келісімді нығайту, Тәуелсіз Қазақстан елінің мә­де­ни және экономикалық даму үрдісіне украиндықтарды тар­­ту бойынша жұмыстарды ұйым­дас­тырып отырған бұл бір­лес­тіктің әрбір мүшесі өзде­рінің Қазақ елінде өсіп-өніп отыр­ғандарын мақтанышпен ай­тып жүреді. Мәселен, атал­ған бірлестіктің белсенді мү­ше­сі Анатолий Васильевич Неумывако Қазақстан өз отбасы үшін құтты мекен болғанын айтады.

– Иә, біздің әулетіміз қазақ жерінде бір ғасырдан астам өмір сүріп келеді. Осы жерде туып-өсіп, білім алып, отбасын құрып, қызмет етудеміз. Осы елдің  азаматы ретінде қазақ халқына шын жүректен алғыс айтамын! – дейді ол.

Бір ғасыр демекші, 1907 жылы атасы Федор мен әжесі Домна қазақ жеріне, қазіргі Ер­тіс ауданына Украинаның Харьков губерниясынан көшіп келген екен. Аштық жылдарын, сталиндік  қуғын-сүргінді, Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­дегі қиындықтарды қазақ ха­лқымен бірге бастан өткерген. Өздерінің украиналықтарға тән еңбекқорлығымен ұрпақ өсіріп, ата-анасы отбасындағы бес баламен әулет көбейтіп осы жерде мәңгі тұрақтап қалады.

– Мен өзім 1949 жылы Ертіс ауданы Сілеті ауылында дүниеге келдім. Мектепте білім алып, әскери борышымды өтеген соң, Павлодар педагогикалық институтын бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды туған ауылымдағы мек­тепте ұстаздық қызметтен бас­­тадым. Кейін облыс ор­та­лығына көшіп келіп, №17 мек­тепте мұғалім болдым, – дейді Анатолий Васильевич.

Бірақ ол қалалық тұрғын болса да туған жері – Ертіс ауданына жиі барып тұрады. Ондағы достары, оқушылары – олардың алды зейнетке де шығып үлгерді – әр келген сайын оны қуана қарсы алады.

Қазіргі кезде Анатолий Василь­­евич өзі мүшесі болып табы­латын жергілікті бір­лес­тік­тегі «Халық хорының» әншісі. Бірлестік құрамына негізінен басқарма, ақсақалдар алқасы кіреді. Серіктестікте жастар қа­на­ты, кітапхана, оқу залдары, украин шамшырағы жұмыс істейді.

Украин ұлттық орталығында «Халық хоры» коллективі, «Ча­рив­­ни струны» бандуристер вокалды аспаптар ансамблі, «Лілея» және «Джэрэло» жастар вокалды ұжымдары, «Вэсэлка» хореографиялық ұжымы бар.

2019 жылы Анатолий Неу­мы­вако Ассамблеядағы өз әріп­­тестері, ынтымағы жа­рас­­қан басқа да қоғамдық бірлес­тік­тердегі достары ортасында 70 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Әріптестері оның әнші­лік өнерін жақсы бағалайды, 1996 жылдан бастап қоғамдық бір­лес­тіктің мәдени өміріне белсене араласады, түрлімәдени кеш­тер, арнайы фестивальдарға қа­ты­сады. Анатолий Неумывако 150-ге жуық украин әндерін хормен де, жеке өзі де орындайды. Хор мүшелері украин әндерінен басқа, Абайдың, басқа да қазақ композиторларының әндерін орын­дайды.

– Екі ұл, бір қыз өсіріп, ер жеткіздік. Валентина Нико­лаев­на екеуіміз немере­ле­рі­мізді тәрбиелеп отырмыз. Біз бақытты отбасымыз. Ел тәуел­сіз­дігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында барша отандастарыма құт-береке, бейбіт өмір тілеймін. «Ақылы көпті дау алмайды, досы көпті жау алмайды» демекші, еліміздегі этностардың достығы мен ын­­ты­мағын арттырып, туған же­рі­мізді көркейтуге бәріміз бір кісідей атсалысайық дегім ке­ле­ді, – дейді А.Неумывако.

 

Павлодар облысы