Қазақстан • 11 Наурыз, 2021

Селекциялық жұмыспен айналысу қажет әлде шетелден тағы да мал тасимыз ба?

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында елімізге 153 мыңнан астам асыл тұқымды мал басын жаппай әкелу жүзеге асырылды. Оны сатып алуға (мемлекеттік субсидияларды қоса алғанда) 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды.

Селекциялық жұмыспен айналысу қажет әлде шетелден тағы да мал тасимыз ба?

Ғалымдардың пікірінше, бұрын елі­мізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан Шмалленберг ауруы, инфек­ция­лық ринотрахеит, вирустық диарея, моракселлез сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан әкелінді. Бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тіреді.

Біздің қоғам осы импортталған малдың қаншасы бейімделе алғанын, қаншасы өлгенін, жалпы жобаның алдына қойған мақсаттары қалай орын­далғаны туралы нақты білмейді. Ал оны халық білуге құқылы, себебі аталған мал басы тек жеке инвестициялар есебі­нен ғана емес, салық төлеушінің ақшасына сатып алынған. Жалпы, біздің министрліктеріміз қоғамдық аудитті тарта отырып, дамыған елдердегі сияқты осындай қымбат жобаларға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі туралы халық алдында есеп беруге үйренулері керек.

Асыл тұқымды малға келетін болсақ, қазір сол ауыл шаруашылығы жануарларының популяциясын сақтап қалу және жақсарту өте маңызды. Аграрлық саланың ардагерлері кеңестік кезеңде Қазақстанға Еуропадан жүздеген мың асыл тұқымды ірі қара малдың  әкелінгенін және уақыт өте келе олар өздерінің асыл тұқымдық қасиеттерін жоғалтып, із-түзсіз жойылып кеткенін жақсы біледі.

Біз оларды күтіп-бағу үшін тиісті жағ­дай жасаумен ғана емес, ең басты­сы, жүйелі селекциялық жұмысты қалыптас­тыруымыз керек. Ол үшін селекцияның заманауи әдістерін қолдану қажет.

Бұл тұрғыда асыл тұқымды мал шаруа­­шылығы саласында инновация­лық тех­нологияларды, оның ішінде гено­м­дық селекцияны енгізу өте маңыз­ды. Себебі жануардың тек молеку­ла­лық-генетикалық талдауы оның асыл тұқымдық құндылығын алдын ала бол­жауға мүмкіндік береді және селек­ция­ның тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде барлық дамыған елде асыл тұқымды өнімді жақсарту қазіргі заманғы биотехнологиялық зерттеу әдіс­теріне, оның ішінде геномдық селек­цияға негізделген. Өкінішке қарай, Қазақ­станда кейбір компаниялар­ды қос­пағанда, селекциялық-асыл тұқым­дық жұмыста геномдық сараптама жүйелі түрде пайдаланылмайды, бұл мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы мәселелерінде елеулі тежегіш болып отыр. Сондықтан ауыл шаруашылығы жануарларының отандық гендік қорын қалыптастыруға қатысты бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін өзіміздің фермерлерімізге көмек ретін­де ғылыми зертханалардың базасында ұлттық генетикалық зерттеу орталықтарын ұйымдастыру керек. Бұл біздің жағдайымызға бейімделмеген асыл тұқымды малды шетелден әкелуге қарағанда, ақылға қонымды, әлдеқайда арзан және эпизотия тұрғысынан қауіпсіз жоба болар еді.

Малдың асыл тұқымдық қасиеттері мен өнімділігін арттырудың (әсіресе, сүт шаруашылығында) маңызды әдісі болып табылатын тағы бір жолы –  жасанды ұрықтандыру. Мамандардың мәлі­мет­тері бойынша, қазір сүт бағытын­дағы ірі қараның қолдан ұрықтандыру үлесі Беларусьте – 95 пайыз, Украинада – 90 пайыз, Ресейде – кем дегенде 70 па­йыз, Өзбекстанда – 55 пайыз болса, Қазақ­станда 15 пайыздан аспайды, яғни 4-6 есе аз.

Бұл мысалдан біздің сауда серіктес­терімізден селекциялық жұмыста қан­шалықты артта қалғанымыз айқын көрі­неді. Сонымен қатар бізде заманауи фермалар, сапалы жем-шөп базасы же­тіс­пейді. Салыстыратын болсақ, Қа­зақ­станда сүт бағытындағы 2,7 мил­лионға жуық сиыр бар, ал Беларусь Рес­­пуб­­ликасында 1,5 млн бас, яғни 1,8 есе аз. Бірақ Беларусь Еуразиялық  эко­­но­­­­­ми­калық одаққа кіретін елдердің көп­­ші­­­лі­­гіне сүт және сүт өнімдерін экс­порт­­­тай­­ды, ал біз болсақ, тіпті өз халқы­мы­з­­ды толық қамтамасыз ете алмай отырмыз.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Сенат депутаты