Саясат • 26 Наурыз, 2021

Қатаң жазадан қаймыққан ұры шамалы...

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде сан жылдап табан етін тоздырып, маңдай терін төккен малшыны әп-сәтте сан соқтырып кетіп жүрген ұры-қарының айла-шарғысы тыйылар емес. Өткен жылдың өзінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1433 адам қамауға алынып, тиісті жаза қолданылды. Бүгінгі «барымташыларға» қолды болған 14 мың бас түліктің 6 мыңы ғана иелеріне қайтарылса, қалғаны қара ниеттілердің қанжығасында кеткен көрінеді.

Қатаң жазадан қаймыққан ұры шамалы...

Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Ұрлық жақсылыққа апармайды. Бұған тыйым салу керек. Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек», деген болатын. Кейін ел Президенті айтқандай, мал ұрлығына қатысты жаза да күшейді. Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» туралы жеке бап енгізілді. Осылайша, барымтаға барғандар үшін «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама алынып тасталып, төрт түлікке қол салған адам ең аз дегенде 7 млн теңге көлеміндегі айыппұлмен ғана құтылатын болды.

Алайда айыппұлдың өзі ең жеңіл жаза саналады. Себебі ұр­лық-қарлыққа барғандардың бос­тандығы 5 жылға дейін шектелуі мүмкін. Топтасып, ұрлыққа алдын ала сөз байласып барған болса қыл­мыскерлер заңға сәйкес 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал барымташылыққа бірнеше рет бел байлағандар немесе мал қораға кіріп ұрлық қылғандарды жазалау мерзімі 10 жылды құрайды. Сонымен қатар ұрлық аса ірі кө­лемде және қылмыстық топ болып жасалса, қылмыскерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мұндай қылмыс жасағандардың татуласуға да жолы кесілген.

Өкінішке қарай, заң қатаң­да­ғанымен, қылмыстық әрекет толы­ғымен тыйылған жоқ. Сондықтан, еліміздегі ішкі істер органдарының қызметіндегі маңызды бағыттың бірі – ұрлыққа қарсы күрес. Қылмыстың жалпы құрылымында ұрлық шамамен 50%-ды құрайды. Мұндай қылмыстардың саны аз болғанымен, одан жапа шеккендерге айтарлықтай материалдық және моральдық шығын келетіні анық. Ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру деңгейіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты, полицияға ұрлықтың алдын алу және қылмыстың бетін ашу бойынша ерекше міндеттер жүктеледі.

– Бүгінде мал ұрлығы ауыл халқының тұрмысына айтарлықтай зиян келтіріп отыр.  Сондықтан ұрлықтың бұл түрі – қоғам назарынан тыс қалмайтын аса ауыр қылмыс. Көбіне мал ұрлығының 70%-ы төрт түліктің еркін жайылымда жүрген кезінде жасалады. Өткен жылдың қорытындысында белгілі болғандай, статистикалық көрсеткіштер 2828 мал ұрлығының 2134-і жайылымда жасалғанын айғақтап отыр. Бұл ретте ауыл ша­­руашылығы жануарларының ұры-қарының қолында кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша жергілікті атқарушы ор­гандарға ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша құзырет берілді, – дейді Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, аталған құзырет Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 28 қазандағы №268-VІ заңына негізделіп отыр. Осы заңға сәйкес, бұдан былай малды бақылаусыз жаюға тыйым салынады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша көрсетілген ережелерді бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Яғни заң талабын орындамағандарға 3-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған.

– Мал ұрлығын анықтау және оның жолын кесу мақсатында министрлік ветеринарлық бақы­лау қызметкерлерінің және жергі­лікті атқарушы органдардың қаты­суымен тұрақты түрде жедел-про­филактикалық іс-шаралар өткізіп тұ­рады. Мәселен, осы жылғы 23-25 ақпан аралығында кезекті рес­публикалық алдын алу іс-шарасы өткізіліп, мал ұрлығына қатысты 224 қылмыстың беті ашылды. Сондай-ақ мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 192 адам ұсталды. Іздестіру нәтижелерінде заңды иелеріне 610 мал қайтарылды, – дейді департамент бастығы.

Сондай-ақ осындай іс-шара­лардың барысында 3 мыңға жуық (2811) автокөлік тексеріліпті. Соның нәтижесінде, тиісті құжаттарсыз мал және ет өнімдерін тасымалдап, сатқаны үшін ветеринария саласында 412 құқық бұзушылық анықталып отыр. Сонымен қатар 1882 мал сату орны мен 3950 шаруа қожалығы, жайылым жерлері де тексерілген. Мал жаю ережелерін бұзғандарға қатысты 1362 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 500 мың теңгеге жуықтаған.

– Мал ұрлығының топтық түрі­мен күресу үшін өңірлерде же­дел-іздестіру топтары жұмыс іс­тейді. Олар мал базарлары, мал сою және оның заңсыз сату орын­­дарында рейд­тер жүргізеді. Ұйым­дастыру шаралары мен мақсатты жұмыстың нәтижесінде, 2020 жыл­дың қо­ры­тындысы бойынша 1433 мал ұр­лаушы, соның ішінде топ болып әрекет еткен 211 адам ұс­тал­ды. Қолды болған 14 мың бас мал­дың 6 мыңнан астамы иелеріне қай­тарылды. Осы жылдың басынан бері 100-ден астам барымташы мен 19 қылмыстық топ құрықталды, – дейді Думан Таев.

Мәселен, Жамбыл облысы По­ли­ция департаментінің қызмет­кер­­лері ұстаған Жамбыл ауданын­дағы тұрғынның 30 жылқы ұр­ла­ғаны дәлелденіпті. Сондай-ақ Қа­рағанды облысында ақпан айын­­да мал ұрлаумен айналысқан қыл­мыс­тық топтың әрекеті әшке­реленді. Олардың 4 рет мал ұр­лығына шы­ғып, 50-ден астам жылқы ұр­лағаны белгілі болды.

– Жалпы, кейінгі 5 жылда елі­міздегі мал ұрлығының саны 38,5%-ға төмендеді. Егер 2016 жылы осын­дай 7 мыңнан астам қылмыс тір­келген болса, 2020 жылы мұндай қылмыстардың саны 2 мыңнан асқан жоқ. Ұрланған мал саны 55,5%-ға, яғни 25 мыңнан 14 мыңға қысқарды. Бұған, ең алдымен, елімізде мал ұрлығына ерекше назар аударылып, ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламаларды іске асырудың оң ықпал етіп отырғанын айта кету қажет. Қазіргі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама да мал ұрлығына қарсы күрестің тиім­ді­лігін арттыруға бағытталған, – дейді Криминалдық полиция департаментінің бастығы.

Мал ұрлығына қарсы іс-қимылда полицияның ғана емес, барлық мүд­делі мемлекеттік және жергілікті ат­қарушы органдардың да күш-жігері қажет екенін айта кету қажет. Сонымен қатар малдың қауіпсіздігі мен сақтығын қамтамасыз ету үшін мал иелерінің өздері де осы жұмыс­тарға атсалысып, қарапайым қауіп­сіздік ережелерін сақтағаны жөн.

– Мал ұрлығының басым бөлігі жайылымдарда жасалатындықтан, төрт түлікті қараусыз қалдыруға болмайды. Заманауи технологияларды пайдаланып, GPS трекерлерді кәдеге жаратқан да артық етпейді. Малға міндетті түрде таңба, бирка салу қажет. Бұл әрекеттердің барлығы жоғалған малды іздеуге, табуға, мал бағушылардың арасындағы дау-дамайды болдырмауға оң ықпал етеді, – дейді департамент бастығы.

Ауыл тұрғындарының арқа сүйе­рі – алдындағы малы. Қыс түссе – жем-шөбі жетер ме, жаз шықса – жайы­лым жайлы болар ма, күз келсе – көңілдегі бағаға өте ме деп ой еле­гінен өткізетіні де осы малдың қамы. Алып-сатардың айла-шарғысы мен төрт түліктегі ауру-сырқаудың сал­дары өз алдына, «барымташылар» тізесі батып-ақ тұр ауылдағы ағайынға. Жаза қатайтылғанымен, айы­лын жия қоймаған ұры-қарыға енді нендей шара қолдану керек? Ой­ланарлық мәселе.