Пікір • 29 Наурыз, 2021

Не жетпейді?

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

90-жылдары публицистикалық кітап жариялаған Шерхан МҰРТАЗА: «Күнбе-күн тіршілігімізде кездесетін кейбір келеңсіз көріністердің ең сорақысы сол – біреу барлық қоғам ісіне, өзіне сеніп тапсырған жұмысқа жанын салып, пәруана беріліп, күш-жігерін, білімін аямайды. Енді біреу бар: жабыға зерлі жабу жапқандай, бірақ қанша жабуласа да топастығы мен тоғышарлығы сойдиып көрініп тұрады. Жұмысқа деген қабілеттілігімен емес, адал іскерлігімен емес, жағымпаздығымен амалдап жүрген адамдарды қолдап, жылы жебейтін кейбір басшылар екі есе кінәлі. Адамды адам еңбегіне, қабілетіне қарай бағалайтын әділ принцип сәл бұзылған жерден ырың-жырың, берекесіздік басталады» деп жазды. Қаламгер өзі өмір сүрген қоғамдағы күрделі де зиянды құбылысқа жұрт назарын аударып, осылай дабыл қаққан еді.

Не жетпейді?

Содан бері көп нәрсе өзгерді, дүние жаңғырып, әлем мың құбылды. Алайда сөзі мірдің оғындай Шер-ағаң жазған ұрда-жық мінез-құлық пен шолақ белсенділіктің жаны сірі екен, шырмауықтай оратылып, аш кенедей жабысып, қолбайлау болып, адымды аштырмай келеді. Тіпті әлеуметтік желілерде желдей ескен қауесет пен өсекке тоқтам болмай тұр. Жалған ақпараттық ағындар саналы жұрттың өзін жаңылыстырып, қарапайым халықтың ойын сан-саққа жүгіртуде. Соның ара жігін ажырату үшін ақылға серік болатын білім, за­ман­ға лайық сана-сезім қажет. Оның бір сипаты – бабалар рухымен бізге жет­кен дәстүрлі құндылықтарды сақтап, жөн сөзге тоқтауды жадымыз­да ұстау. Ал сананы жаңғыртуға, тұр­мыс мәдениетімізді жаңаша қ­ал­ып­тастыруға не жетпейтінін Елбасы да, Мемлекет басшысы да айтудайын айтып,  тұжырымдамалы мақалаларында  кеңінен қозғағаны бекер емес.

Өткен тарихтан – өнеге,  бүгіні­міз бен ертеңіміздің адастырмас темірқазығы – әр адамның жауап­кер­ші­лігі жайында бірер ойды ортаға салмақпыз. Шындығында, ЖАУАП­ТЫ­ЛЫҚТЫ тиянақтап, сағат са­йын, сәт сайын қаперге алып тұрсақ та артық емес. Бұл ұлтсүйер, елшіл, отаншыл қасиеттің бастауы ғана емес, адамның өзін өзі сыйлауының, айналаны құрметтеуінің өлшемі болса керек. Сондықтан бұған әр­бір азамат, кез келген қауым, қо­ғам, ел, мемлекет зәру. Дүние жа­рал­ғалы қоршаған ортамыз  жа­уап­тылықты сезіну арқылы өсіп-өр­­кендеп келеді, жауапкершілікті бөлісу жолымен үйлесімді тіршілік, еңбек ету жалғасып отыр. Оған деген мұқтаждық, қажеттілік бәрі­міз­ге ортақ болған кезде ғана жауапкершілік сезімі тиянақталады, яғни сана сапалық жағынан жетіліп, биікке көтеріледі.

Жалпы, жауапкершілік ұғымы кез келген адамның болмысынан хабар береді. Өзіне қатысы бар мін­дет­ті немесе жүктелген аманатты атқарып, тапсырылған істі орындау – адамгершілік қасиеттің, парыз бен қарызды толық өтеудің шынайы белгісі. Заң тілімен айтқанда, жеке тұлға борышпен қоса міндетін терең түсінуі, яғни қоғамда қабылданған құқықтық нормалар мен ережелерге сәйкес өз іс-әрекетін бақылай алады деген сөз. Оны сезіну әр адамның құқықтық мәдениетінің, азаматтық сана-сезімінің көрінісі болуға тиіс.

Тәуелсіз ел болып, қол жеткізген барлық жетістіктеріміз – түптеп келгенде, ерлеріміздің мойынға алған жауапкершілігінің жемісі.

Алайда тоқмейілсу – тоқыраудан да бетер, кері кетудің белгісі. Сон­дықтан қазіргі кезде кеңсе қыз­мет­ке­рінен бастап мемлекеттік қызмет­ші­ге дейін, тіпті азаматтығы бар әрбір адам сөзі мен іс-әрекеті үшін жа­уап­кер­ші­лік­ті мойынға алуды парыз санауы керек. Мұны қашанда «барға – шүкір, жоққа – қанағат» етіп келген ұлтымыз теңдессіз тәуелсіздігіміздің талаптары деп қабылдағаны абзал. Осыған байланысты Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай байтағымыз – елі­міздің астанасында.

«ЖАУАПТЫЛЫҚ» ұғымына арнайы ескерткіш қойылса деген ұсыныс бар. Өйткені бұл ең әуелі, Елбасымыз айтқандай, басты құн­ды­лығымыз - Тәуелсіздікті көздің қа­рашығындай сақтаудың аманаты болар еді. Сондай-ақ  санғасырлық ата-баба арманына қол жеткізген қазіргі күннің, еркіндік пен теңдік ұғымын терең түсінуі тиіс замандас­тар міндетінің барометрі болмақ.

Азаттықтың 30 жылдық торқалы тойы қарсаңында барша істе жауапты болуға үндейтін символдық белгіге байқау жарияланса, оған отандық сәулетшілер мен мүсіншілер зор жауапкершілікпен кірісері сөзсіз.

Әрине, жаңа заман тарихында өзгеге өнеге көрсетіп, елімізді әлем­ге танытқан  іс-шаралар аз емес. Со­ның бірі әрі бірегейі – Елбасының Жар­­лығымен жабылған Семей ядро­­­лық сынақ алаңы.  Дүние жүзі Қа­зақ­стан­ның қуаты тұрғысынан әлем­дегі төртінші ядролық қару­дан бас тартуын бейбітшілікті сақ­тау­дың ең ауқымды жауапты қа­да­мы деп бағалады. Олай болса, «ЖАУАПТЫЛЫҚ» ескерткіші жа­уап­­к­ершілік пен парасаттылықты, ын­ты­­мақ пен бірлікті, ізгілік пен жасампаздықты паш етсе, бұл Қазақ­стан жолының әлемдік кеңістіктегі тұ­ғырын айқындайды деп санаймыз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты