Аймақтар • 15 Сәуір, 2021

Есіл аңғарынан асып, қауіп төндіруде

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қар суынан пайда болған қызыл судың қаупі біршама сейілді. Әйтсе де, Есіл өзенінің қалыпты арнасынан асуы алаңдатып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Есіл аңғарынан асып, қауіп төндіруде

Өзен жағасындағы елді мекендерді су тасқынынан аман алып қалу үшін ауданға Қарағандыдағы әскери бөлімнен көмек келді.

Есіл өзенінің кейбір жатаған, жайпақ тұстары арнасынан асып жатыр. Астана су қоймасындағы судың деңгейі қалыпты мөлшерден сәл жоғары. №42 разъезд станциясы мен Жібек жолы ауылын өзен жағалауынан асып шыққан су басып қалу қаупі туындаған соң сақтық шаралары күшейтілді. Қазір апат орын алуы мүмкін өңірде қуатты техникалармен қаруланған құтқарушылар тобы тәулік бойы жанталасып жұмыс істеп жатыр.

– Су қоймасынан ағатын су мөлшерінің көбеюіне байланысты азаматтық қорғаныс полкінен 50 адам, 3 техника жіберілді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаменті Ақмола горнизонынан 3 техника, 4 су соратын құрылғы, 30 адам жұмылдырылды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.

Аудандағы жергілікті атқарушы орган мен құтқарушылар білек біріктіре отырып, 6550 қапқа инертті материалдар толтырып қойды. Қауіп пайда болғаннан бері 6720 текше метр су сорылды. Осы арада қызметті үйлестіру үшін арнайы штаб құрылды.

Есіліп аққан Есілден келер қауіптің бетін қайтару үшін барлық күш ортақ мақсатқа жұмылдырылуда.


Ақмола облысы,
Аршалы ауданы.