Өнер • 18 Сәуір, 2021

Берік Әлібай: Ұлттық дәстүрді сақтауға күш саламын

2102 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бұл кісі туралы өз басымыз көп естігенбіз. Әсіресе зергердің қызының ұзатылу тойына арнап қымбат бағалы сәукеле жасағаны, домбыраның, самаурынның, кілемнің, басқа да заттардың жүзден астам түрін жинағаны, әне бір жылдары оның қолынан шыққан бойтұмарды Иорданияның сұлу патшайымы Ранияның тағып жүргені жайлы ақпараттар баспасөзде біраз «хит» болған жайы бар еді. Кейінірек «өз үйін жеке музейге айналдырыпты» деген хабарды естідік. Жуырда ұлттық өнерді ұлықтап жүрген зергермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Берік Әлібай: Ұлттық дәстүрді сақтауға күш саламын

– Берік аға, әңгімені жеке музейіңіз жайынан бастасақ. Жәдігерлердің түр-түрін жинапсыз, өзіңіз жасаған бұ­йымдар да аз емес. Бұған дейін бұл зат­тар қайда тұрды?

– Жинаған заттарым бұдан да көп болатын. Жастық шақта коллекция жи­наудың қызығына түсіп, құмартып түрлі-түрлі дүниелерді жинадым. Өзіме ұнаған затты сатып алғанша көңілім көншімей тұратын. Оның сырын коллекция жинаумен айналысатын адамдар жақсы біледі. Ол да бір дерт сияқты. Басында қызығып жинай бересің, кейіннен біраз мауқың басылған соң, оны сатып орнына басқа зат алуды көздейсің. Солайша заттардың орны ауысады. Ал кейбір өте құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтайсың. Бала-шағам өсіп, олардың жеке-жеке отау болуына септігі тисін деген ниетпен біраз заттарымды музейлерге сатқан кезім де болды. Мұнда өз қолымнан шыққан негізгі заттар – әшекей бұйымдар. Заттарым 2017 жылға дейін Тәуелсіздік сарайының этнография залында тұрды. Оған дейін әр жерлерге бөліп-бөліп қойып жүрдім. Тә­уелсіздік сарайына 2009 жылы ақын Се­рікбай Оспановтың ұсынысымен апар­ған болатынмын. 2017 жылы ЭКСПО өтетін болған соң, коллекцияла­рымды қолыма алайын деп шештім. Сосын ескі үйімді жеке музейге айналдырып, бәрін осында әкеліп қойдым.

 – Мұнда келушілер көп пе?

– Карантин басталғалы біраз сиреді. Бізге көбінде елге іссапармен келген шетелдік қонақтар ат басын бұрады. Одан бөлек ұстаздар оқушыларға экскурсия ұйымдастырып, балаларды халқымыздың құндылықтарымен таныстыру үшін осында әкеліп тұрады. Біз тек жәдігерлерді ғана көрсетпейміз, келушілердің әрқайсысына әртүрлі бағдарлама дайындаймыз. Елордалық турагенттіктермен жақсы қарым-қаты­настамыз.

– Музей ғимаратына қойылатын талаптар, ережелер басқаша ғой. Ке­ле­шекте шын мәнінде музей үйін аш­қыңыз келе ме?

– Келешекте толыққанды му­зей үйін ашсам деген мақсатым бар. Елордадан немесе басқа да үлкен қала­лардан емес, кіндік қаным тамған өз ауылымнан ашқым келеді. Біздің ауыл отызға жуық зергерді, яғни зергерлікті өнер әрі кәсіп ретінде өрге сүйреп жүр­ген мамандарды шығарған ауыл. Мен оны үнемі мақтанышпен айтып жүремін. Әрине олардың бәрі бірдей танымал емес. Бірақ аядай ғана бір ауылдан мұнша зергердің шығуы бұл өнерді болашақта да дамытып, жетілдіруге баса назар аудару қажеттігіне меңзейді.

– Сіз осы қазыналы, көркем әлемі­ңіздің негізін қалай қаладыңыз?Ол үшін қаншалықты еңбектендіңіз?

– Алланың берген бағына шүкір деймін. Жас кезімізде таңды таңға ұрып еңбектендік. Тіпті екі-үш сағат қана көз шырымын алып, жұмысқа құлшынып тұратынбыз. Тек мен емес, қасымдағы әріптес жігіттер де солай еңбектенді. Біз­­дің жастық шағымыз Кеңес өкіметінің құрдымға кетіп бара жатқан кезіне тап келді. Мен Алматыдағы көркемсурет училищесін 1989 жылы бітірдім де, сол жылы Қазақстан Дизайнерлер ода­ғына жұмысқа қабылдандым. Одақта ұсталарға, зергерлерге арнайы жалақы төленбейтін. Бастапқыда одақтың шеберханасы да болған жоқ. Сол үшін алғашқы кезде училищеде сабақ берген Дүйсен Сейдуалиев ағайымыздың шеберханасында жұмыс істеп жүрдім. Ол кісі тапсырыстар тауып беретін. Төсек, сандық, пышақ жасаймыз. Жыл соңына қарай Дизайнерлер одағы өз шеберханасын ашты. Оны Рахым, Сейітмахан секілді жігіттермен бірге ашып, жұмыс істедік. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан біздің ұлттық әшекейлерімізге тапсырыс көп түсетін. Жекелеген адамдар бір дипломат ақ­шамен келіп, бұйымдарымызды алып кеткен жағдайлар болды. Кеңес өкі­меті кезінде алтын, күміспен жұмыс іс­теуге рұқсат бермейтін. Оның орны­на мельхиор дейтін балқытылған қоспалардан, мыстан зат жасайтынбыз. Егемендігімізді алған соң асыл металдармен шеберлік шыңдауды бастадық. Одан зергерлік бұйымдарды сататын дүкен ашылды. Алматыдағы Фурманов пен Шевченко көшесінің қиылысында «Өнер» атты дүкен біздің заттарымызды өз қолымыздан қабылдап алып, екінші рет зат алып келгенде алғашқы өткізген бұйымдарымыздың құнын төлейтін. Бұл жерде біздің заттарымыз тұрып қалған емес.

1993 жылы мен Орталық музейге жұмысқа тұрдым. Директорымыз сол музейді жиырма жылдан астам бас­қарған Райхан Қосмамбетова деген кісі еді. Ол кісі Сейітмахан екеумізге: «сен­дер әлі музейдің, экспонаттың не екенін білмейсіңдер. Сендерге бір жыл жұмыс бермеймін. Көріңдер, үй­реніңдер, осы жерге сіңісіңдер, шебер­ханаларды жөндеңдер» деді. Сол шақ­та музейдің шеберханаларында өзге ұлт өкілдері жұмыс істейді екен. Жұ­мыс істейді деген аты ғана, арақ ішіп, мәңгіп жүретін қызметкерлердің ди­ректорға ұнамайтынын бірден білдік. Сосын білекті сыбанып, шеберханаларды реттеуге күш салдық. Аз уақыттан кейін Райхан Ескендірқызы бізге музей ішінен дүкен ашып беріп, қосымша ақша табуымызға мүмкіндік жасады. Міне, сіздерге өтірік, маған шын, сол дүкеннің ішінен адам арылған емес. Дүкенді бос қоймау үшін күні-түні тырбанып, еңбектендік. Орталық музейге бір «Икарус» адам келсе, солардың бәрі дүкенімізге де бас соғып, заттарды пышақ үстінен бөліскендей ғып, сатып алып әкететін. Ол тәуелсіздігімізді енді алып жатқан, елең-алаң кезең болғандықтан, халықта ақша жоқ еді. Есесіне, шетелден туристер ағылып келіп жататын. Біз жасаған заттардың негізгі сатып алушылары да солар болды. Ал сол кезеңдерде өз халқымыз қол­дарында бар көненің көзіндей жә­дігерлерді музейге әкеліп сататын. Әри­не жетіскеннен емес, қысылғаннан әкелетіні белгілі ғой. Бірақ ол заттардың бәрін сатып алып қала беретіндей музейде де артық-ауыс ақша жоқ. Сонда жәдігерлердің көбін өзім сатып алып жүрдім. Міне, коллекцияларым осылай жинала бастады. Кейінірек оларды қайта сатып жіберіп, ұнайтын заттар болса, сатып алып, «зат айналымын» жасап отырдым. Осылайша, жеке музейімнің негізі қаланды деуге болады.

– Жаңа бір сөзіңізде Кеңес заманында алтын, күміс пайдалануға рұқсат бермеді дегенді айтып қалдыңыз. Бұ­дан атадан балаға жалғасқан мирас өнер көп зиян шеккен шығар?

– Әрине «әттеген-ай» деп, көңіл қоңылтақситын тұстар жоқ емес. Бұл туралы, меніңше, арнайы зерттеп жүрген мамандар көбірек біледі. «Барлық ел­дердің пролетарлары, бірігіңдер» деп ұран тастаған елде жекелеген зер­герлердің әшекей бұйымдарына үкімет тарапынан сұраныс болмағаны тарихи шындық. Зергерлер өздерін зер­гер­мін деп жариялап, жасаған ба­ғалы әшекейлерін ашықтан ашық сата алмағанын үлкен буынның көпшілігі біледі. Бірақ зергерлік өнер көбіне атадан балаға мирасқа берілетіндіктен, көздің қарашығындай сақталды. Зергер әулеттерінің тамыры үзілмеді. Бір мы­сал айтып берейін. Әкемнің бір әп­кесінің күйеуі Кеңес өкіметі тұсында зер­герлікпен жасырын айналысқан екен. Күндіз жұмысқа барып келеді. Кешке келген соң үйіндегі жертөлеге түсіп алып, тығылып алтын, күмістен әшекей жасап, оны Қазақстан мен Қыр­ғызстан шекарасы түбіндегі базарға апарып сатып жүріпті. Онда да ашық емес, жасырын саудалаған, себебі сотталып кетемін деп қорқады екен. Оны кейіннен сол жездеміздің қыздары айтты. Осы сияқты мысалдар ел ішінде бар. Бірақ Кеңес өкіметі кезінде оларға үнемі қысым жасалды деп те айтуға болмайды. Әр басшы әртүрлі саясат ұстанғаны анық. Біздің жастық шағымыз, студенттік кезеңіміз кеңестік режімнің құлауға айналған тұсына тап келді. Қыз-келіншектер, апаларымыз көбіне зауыттарда, фабрикаларда жасалған зергерлік әшекей бұйымдарды тағатын. Студенттік кезде Талдықорғандағы «Казкварцсамоцветы» деген зауытта өндірістік тәжірибеден өттік. Бүкіл одақ­тас республикалардың арасында сол зауыт екі қалада ғана болды. Бірі – Свердловскіде. Екіншісі – Тал­дықорғанда. Түрлі зергерлік бұйым­дарды жасайтын, бағалы тастарды өңдейтін алып зауыт конвейер сынды тоқтамай жұмыс істеп тұратыны әлі күнге есімде.

– Зергерліктің оқуын арнайы оқы­дыңыз ғой сонда? Сіздің де ата-баба­ларыңыз зергер болды ма?

– Иә, Алматы Көркемсурет учили­щесінде арнайы ұсталық білім алып шықтым. Ұсталық пен зергерлік біздің әулетке де құт болып қонған өнер десем қа­те­леспейтін шығармын. Атамның інісі Әлімбай ауыл-аймаққа танымал ұста әрі зергер еді. Өз әкем Сәтінбектің де ат әбзелдерін жасайтын ұсталығы болды. Мен бес-алты жасымнан бастап атамның жанында жүріп, сол кісінің құрал-саймандарына жармасып өстім. Қазір жеке музейімнің ішінде Әлімбай атамның құрал-саймандары бар. Арнайы бұрыш жасап қойдым. Өйткені ол кісінің өз кіндігінен тараған балалары зергерлікпен айналысқан жоқ. Ойын баласы болсам да, басқа балалармен бірге ойнап кетпей, атамның саусағының әрбір қимылын бақылап, ол соққан білезіктерге тамсанып, күні бойы жанынан шықпайтынмын. Ол кісіге қарап менің де білезік соққаным есімде. Бірақ мектеп қабырғасында жүргенде алдыма «суретші боламын» деген мақсат қойдым. Суретшілерге еліктей бастадым. Суретшілердің шығармаларын іздеп тауып, соларға ұқсатып суреттер салдым. Оқу жылының басында кітаптар таратып бергенде ең алдымен ішіндегі суреттерді көріп шығатынмын. Үйге «Жұлдыз», «Жалын» атты журналдар келеді. Жур­налдарға ақын-жазушылармен бірге сол замандағы атақты суретшілердің жұмыстары да жарияланады. Міне, сол шығармалар маған үлкен шабыт беретін еді. Мен де өз дүниелерімді «Пионер», «Балдырған» сияқты балалар басылымдарына жолдап жіберетінмін. «Берік, талмай, іздене бер» деген мазмұндағы хаттар сонау Алматыдан Жамбыл облысына қарасты, Меркі ауданының Қы­зылсай ауылындағы үйімізге талай рет келді. Сол арманның, қабілеттің жетегімен сегізінші класты бітірген соң Алматыдағы Көркемсурет училищесіне құжат тапсыруға бардым. Сөйтсек шы­­ғармашылық емтихандар өтіп ке­тіпті. Әйтеуір не керек, қабылдау ко­миссиясындағы кісілердің ақылымен бір жылдан соң бейнелеу өнеріне тапсырамын деген үмітпен дайындық курсына қабылдандым. Бірақ бір жылдан соң мен бала кезден бері армандап жүрген бейнелеу өнеріне емес, сол кездегі директор Ақрап Жұбанов, атақты шебер Дәркембай Шоқпарұлы сынды ұлттық өнер жанашырларының бастамасымен ашылған металмен жұмыс істеу бөліміне оқуға түстім. Оған Дүйсен Сейдуалиев ұстазымыздың ықпалы болды. Ол кісі дайындық бөлімінде оқып жүрген біздерге металмен жұмыс істеу бөлімі туралы жақсы үгіт-насихат жүргізді. Суретші болмасам да, өнерден алыстағаным жоқ. Оның үстіне зергерлік өнер әулетімізге жат емес, кішкентай кезінде атасының жанында білезік соғып отырған баланың түптің түбінде зергер атануы заңдылық сияқты.

– Оқып жүргенде ең алғаш не жасадыңыз?

– Біз оқыған бөлім ұсталар мен зергерлерді даярлайтын. Мен ұсталарды баулитын топта оқыдым. Мейірхан Әбдірахманов деген ұстазымыз болды. Сол кісі маған саусақ ұшындай темір кесіп берді де, осыдан кездік жасап шық деді. Дереу ұстаханаға барып, от жағып, оған темірді балқытып, күйіп тұрған темірді әрі-бері созғылап кездік жасадым. Сосын оған сүйектен сап жасадым. Кездік ағайға қатты ұнады. Тұңғыш жасаған дүние болған соң өзіме де сондай ыстық еді. Кейінірек ұрлатып алдым. Ағайдың ырзашылығы маған ерекше шабыт сыйлады. Жалпы, ұстаның не зергердің жасаған дүниесі материалдың қымбат немесе арзандығымен емес, қаншалықты шебер жасалғандығымен бағаланады. Мысалы, құмнан да шедевр жасап шығуға болады.

– Сіздің шығармашылығыңыздың ерекшелігі неде?

– Мен ұлттық дәстүрді сақтауға ба­рынша күш саламын. Қазіргі кезде интернет әлемінен әшекейдің түр-түрін табуға болады. Түрлі мәнермен жасалған әшекейлерге қарап отырып, оған өз қиялыңды қосып, заманауи стиль­мен жасасаң да ешкім кедергі кел­тірмейді. Бірақ ұлтымыз үшін баға­лы, оның қоршаған ортаға, өмірге, өнерге деген көзқарасын көрсететін қолданбалы өнерін, басқа халықтарда қайталанбайтын бірегей үлгісін, ерек­шелігін сақтау – ұлы мұратым. Оны сақтасаң ұлтқа тән бет-бейнеңді де сақ­тағаның. Бұл жерде қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарына тән ерекшелік неде деген заңды сауал туады. Ол – әшекейлердің өте жіңішке тәсілдермен жасалуы. Шебердің көз майын тауысатын бүршіктеу, дәнекерлеу әдісінің молынан қолданылуы асыл бұйымдардың бағасын одан сайын арттырады. Сосын біздің заттарымыз, көлемді, жалпақ боп келеді. Осындай жалпақ заттарды жіңішке тәсілмен жасайтынымыз әсіресе өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде зергерлердің қызығушылығын тудырады. Біз өзіміздің зергерлік дүниелерді шетелдерге алып шығамыз, неше түрлі көрмелер өткіземіз. Сонда шетелдіктер «мынаны қалай жасайсыңдар, қандай технология қолдандыңдар?» деп қатты қызығады. Расында жалпақ білезіктерді, белдіктерді, өңіржиектерді дәнекерлеу, бүршіктеу оңай емес. Оның машақатын айналысқандар біледі. Екіншіден, мен зергерлік бұйымдарды шабытпен жасаймын. Шабытым келген кезде бір топтаманы үш күнде жасап тастауым мүмкін. Ал шабытым келмесе, қанша жерден тапсырыс болса да, бір жылға дейін қо­лым жүрмей қояды. Яғни өнерге өте қатаң талаппен қараймын. Өнер мен үшін бәрінен биік. Әсіресе ата-бабадан мирас болып келе жатқан қолданбалы өнердің бәсі жоғары. Өнерді бойдағы дарынмен, еңбексүйгіштікпен, тынымсыз ізденіспен ғана дамытуға болады деп ойлаймын.

– Жеке шығармашылықпен енді ғана алаңсыз айналысып жатырсыз. Өмір­баяныңызды қарасам бұған дейін көбінесе музейлерде жұмыс істе­ген екенсіз. Музей саласындағы жұ­мыс сіздің шығармашылығыңызға қан­шалықты әсер етті?

– Расында мен көп жыл бойы музейде қызмет атқардым. Алғаш Ор­талық музейге жұмысқа тұрғаннан бастап есептесем 27 жыл бойы музейде істеппін. 2000 жылы Нұр-Сұлтанға қоныс аудардым. Сол жылы Нұрсан Әлімбай елордада өзі құрған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік музейіне жұмысқа шақырды. Кейін ол мекеме Президенттік мәдениет ор­талығы болып қайта құрылды. Мен сол жерде он бес жыл бойы жұ­мыс істедім. 2015 жылдан бастап был­тырға дейін Ұлттық музейде еңбек еттім. Сондықтан музей саласында көп нәрселерді жете меңгердім деп айтуға болады. Музейлердің ше­бер­ха­наларында тапсырыс бойын­ша түрлі бұйымдар да жасадым. Экспо­наттардың реставрациясымен, консервациясымен де айналыстым. Яғни музей залдарында шынылардың ар жағында жалтырап тұрған заттар ең алдымен реставратордың қолынан өтеді. Жұрт музейде тұрған ескі заман­ның заттарының бәрін археологтер сол күйінде тапты деп ойлауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде тат басқан, коррозияға ұшыраған заттар алдымен мамандардың қолынан өтеді, тазартылады, жалтыратылады. Олар бұзылған, сынғандарын жөн­дейді. Бір сөзбен айтқанда, музей­лерде жұмыс қайнап жатады. Ал менің шығармашылығыма әсері туралы айтатын болсақ, музейдегі тамаша әшекейлер, қолымнан өткен жүздеген, мыңдаған жәдігерлер зергерлік өнерімді шыңдауға шабыт берді. Ұлттық өнердің бірегейлігін тани түстім. Жалпы, мен елімізде музейлердің көп болуын жақ­тай­тын адаммын. Шетелдерге іс­сапармен жиі шыққанда байқағаным, өзге да­мыған елдерде музейлердің түр-түрі бар. Мемлекет қамқорлығына алған музей­лер де, жеке музейлер де көп. Қайсысына баратыныңды өзің таң­­дайсың. Бізде де осы жағына мән беру керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»