Әдебиет • 13 Мамыр, 2021

Крест-кедергі...

608 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дара қаламгерлердің әрқайсысының өзіне тән стилі болады. Ол содан ауытқымайды. Шығарма авторы көрсетілмесе де, стилі арқылы танып алуға болатын қарымды қаламгерлердің бірі – Мархабат Байғұт. Суреттеудің, оқиғаны, детальды ойнатудың қапысыз шебері. Мысалы, «қарамайлы шпалдайын қарапа­йым теміржолшылықтан түксіз-дымсыз күйде зейнеткерлікке шығып, арзымас ақшаға күнелтетін Бісміллә» деген суреттеудің өзінен Бісміллә шалдың әлеуметтік портретін айқын танисың. 

Крест-кедергі...

Сондай-ақ «толар-толмас цех­тың болар-болмас бастығы» деген суреттеуден бастықтың әлеумет­тік те, рухани да келбеті аңғары­лып тұр.

Жазушы осылай бір-екі сөй­леммен суреттеп алып, әрі қа­рай оқиғаны шымыр өріп, сю­жеттер­ді бір-бірімен жымдастырып, оқыр­манды қызықтырып ­әке­теді. Оның шығармаларында басы ар­тық суреттеулер мен оқиғаға қатысы жоқ шұбалаңқы, нәрсіз сөй­лемдер кездеспейді. Өзіміз бай­қай­тын ерекшеліктері – жазушы мөл­тіл­деген мұңды жазбаса да, шығар­ма­сын басында қызығып, кейде арасында күліп қойып оқысаң да, шығарманы оқып біткен соң өзегіңде бәрібір мұң қалады. Иә, жеңіл юмор мен аздап сарказм араласқан әңгімелерді оқып болған соң ойланып, толғанып кетесің. Ол шағын ауылдың кейіпкерлерінің басынан өткен жағдайларды жаза отырып та адамзаттық деңгейдегі мәселелерді қозғай алады. Соның бір мысалы – «Крест» әңгімесі.

Әлгі әлеуметтік портреті ай­қын Біссіміллә шал осы әңгімеде­гі не­гізгі кейіпкерлердің бірі. Шағыр стансасының теміржолдан зейнетке шыққан қарты Туладан келген жүк пойыздарының бірінен түсіп қап, станса басында қаңғып жүрген Андрейді асырап алады. Оған кемпірі Тұрымтайдың қарсы болуында да мән бар. Өйткені өздерінің де төрт ұлы мен жалғыз қызының шекелері шылқып жүргені шамалы. Бірақ қартың айтқанынан қайтпайды. Стансадағы жал­ғыз орыс мектебі жабылып қал­ғандықтан, қазақ мектебіне береді. Алғашында қатты қиналған орыс бала кейіннен қазақшаны да тез меңгереді. Асырап алған әкесіне мұсылманшылық жолымен сүн­деттетуді де өзі өтінеді. Ораза ке­зінде ауыз бекітетіні, жарамазан айта­тыны ауылда аңызға айналады. Оны жазушы былай баян­дайды: «Өрім өрік бастары қызыл жалқын-ай, қазандағы сүдігер қара барқын-ай, оны-мұны айтпастан, себеп қылып-ай, ораза тұт отыз күн, қайран халқым-ай!» дер еді Андрей. «Қоңыр күзде ауылда қыр­ман тасыр-ай, он бесінде толған ай қырдан асар-ай, жар-рамазан айтпастан қоямыз ба-ай, бір жеңгем бар осы үйде теңге шашар-ай!» дейді Андрей бала. «Жар-рамазан айтамын ойлай-ойлай-ай, өтіп кеткен Қарынбай малға тоймай-ай, оразада отыз күн бір мал соймай-ай; тартып кеткен қара жер бойлай-бойлай-ай!»  дер еді-ау айналайын Андрей...».

Міне, сол айналайын Андрей жиырмаға жетпей қайтыс болады. Бес-алты апта ауырып, үзіліп кетеді... «Сондай түндердің бірінде Андрей шағын вокзал басынан тамаққа тойып қайтпаққа бекінеді. Қырсығына қарата, бір бейәдеп, байшыкештеу топ әлдеқайда аттан­ғалы тұрған екен. Өздері әбден ішіп алысқан, Андрейді көріп мазақ етпек болысқан». Сол байшыкеш топтың мазағы оның ажалына себеп болады. Андрейдің қазақша сөйлегені олардың қы­тығына тиеді. Андрейдің рухани деңгейінің өздерінен биіктігі де олардың ашуын қоздырады. Ең соңында жазған баланың «стансада қарақшы көп, алақшы жоқ» деген сөзі оның сол арада таяқ жеуіне себеп болады. «Жөндеп қа­зақшалап айтсай, қарақ­шың нең? Алақшың нең?». Андрей қарақ­шы деп қарыны, алақшы деп қанышерді айтады дегенде, «мә, саған алақшы» деп топтың ішіндегі ең бұзақысы басын бе­тон­ға соғады...

Әңгіменің шарықтау шегі аурухана төсегінде жатып қайтыс болған мәйітті үйге әкелгенде оның сол қолының жұдырығының қатты жұмулы болғаны. Ол жұдырық­ты күшпен ашқанда, кәдімгі крес­тің шығуы. Яғни қазақ ортасында өскен, қазақшаны өте жетік меңгерген, әкесі сүндеттеткен, өзі ораза ұстаған, жарамазан айт­қан, өлім-жітімде мұсылманшылық жо­ралғыларды атқарысып жүр­ген Андрей демі үзілерде қолына крест ұстап жатып қаза болған. Бұндайда әлгі «Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да ділде жоқ» дейтін Махамбеттің жыры еске түседі. Тілі қанша жерден сайрап тұрғанымен, ділінде мұсылмандық сенім болмаған соң қолына крест ұстап кетті Андрей. Ал әкесі, стансабасы, молда бастаған шағын топ оның қолындағы крестті алмай-ақ, мұсылманшылық жолмен арулап, Асықбай ақсақал жатқан қорымға қояды.

Қазақ әдебиетінде өзге ұлт өкіл­­­дерінің қазақы ортаға сіңісуі та­қы­рыбын жазған қаламгерлер кө­­бінде олардың сеніміне қатысты дүниелерді айналып өтіп жатады. Кеңес дәуіріндегі ең танымал шығармалардың бірі Оралхан Бө­кейдің «Атау-кересінде» Нюра кемпірдің өлер алдында шоқын­ғанын білетінбіз. Бүгінгі қоғамда жазушы Мархабат Байғұт «Крест» әңгімесі арқылы ұлты, ділі, сенімі бөтен адам ешқашан басқа дінге басы бүтін берілмейтінін, бала кезде санасына сіңірілген сенім адамды өлгенше тастамайтынын оқырман санасына шегеледі. Адам болмысындағы ең нәзік дү­ние – сенімнің бұ дүние мен о дү­ниені байланыстырып тұрған кө­пір екенін жазушы осы «Крест» әңгі­месінде сәтті тұспалдаған. Екін­ші бір елеулі арна – надан, то­ғы­шар, бай­шы­кеш топтың пси­хо­логиясы. Кем­сіту, кекету, мұ­қату, басымдық көрсету, соңы неге соғатынын ойламай ұрып-соғу, шыбын құрлы көр­мей өл­тіру солардың әдеті. Олар «міс­кін­дердің» өздеріне қарата жауап бергенін, көп білетінін мүлде жаратпайды. Олар жан-жағынан «құрбандық» іздеп жүреді...

 Түйіп айтар болсақ, қаламгер «Крест» әңгімесі арқылы адамзатқа ортақ сенім мәселесінің құпия, нәзік тұстарына үңіледі. Бөтенді бауырға басудың кедергісін қапы­сыз көрсетеді...