Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

Көлігінен айырылғанша, тәртіпке көнбейді

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық Поли­ция департаментінің бас­пасөз қыз­меті «Мас күйінде көлік руліне отыр­ған Петро­павл тұрғыны үшінші рет ұс­тал­ды», деп мақ­тана хабарлады. Негізі, мақ­танар­лық жағдай емес-ау.

Көлігінен  айырылғанша,  тәртіпке  көнбейді

Егер қолданыстағы заң­нама бұ­ған мүм­кіндік берсе, масаң күйде көлік айдаған кісі төртінші рет те, бесінші рет те ұсталатын шығар. Жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ете­тін заң жобаларын әзірлегендер руль­ге масаң күйінде 2-ші рет оты­ратындардың көлік құ­­ралдары тәркіленеді деп жазбаған соң, кейбіреуге мұн­дай заң ойыншық сияқты кө­рінуі мүмкін. Өйткені жүр­гізу­шілік куәліктен қа­ғылу «жұтуды» ұна­та­тын кей жүр­гі­зу­шіге онша әсер етіп тұрған жоқ. Полицияның үшінші рет мас күйін­де көлік жүргізген жүргізушіні ұста­ғаны – соның айғағы. 21 жастағы «BMW» көлігінің иесі алғашқы рет мас болып ұсталғанында 3 жылға, екінші рет ұсталғанда 6 жылға көлік жүргізу құ­қы­ғынан айырылған. Бірақ ол сабаз көлік жүргізу құқынан айырылғанына пысқырып та қарамай, машинасын тағы да мас күйінде ұсталғанша жүргізе берген.

Полиция енді оны Қыл­мыстық кодекс­тің 346-бабы бойынша «ал­когольдік ма­саң күйдегі көлік құ­ралдарын бас­қару құ­қығынан айы­рылған адамның көлік құралын бас­қаруы бойынша қылмыстық жауап­кершілікке тартамыз» деп отыр. Бірақ бұл жолғы жаза да оның көлік жүргізу құ­қығын шек­тегенімен, не бас еркінен, не көлік құралынан айырмайды екен. Ен­деше, заңның жұмсақ талабын ал­дағы уақытта да бұза беруі ықтимал.  Сол­түстік Қазақстан ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бас­тығы, полиция подполковнигі Ай­дын Байматов: «Бұл азамат енді ірі мөл­шердегі айыппұл тө­леуге немесе 5 жылға бас бос­тандығын шектеуге (айыруға емес – Ж.С.), сондай-ақ өмір бойына көлік жүргізу құқы­ғы­нан айырылуы мүм­кін», дейді.

Демек, бұл «батыр» айып­пұлды төлеп тастап немесе 5 жылға бас бостандығы шек­­­телсе де, тіпті өмір бойы кө­лік жүргізу құқығынан айы­рыл­са да арындап тұрған автосын айдап жүре бермесіне еш ке­піл­дік жоқ. Өйткені жүр­гі­зу­шілік куәліктің жоқ­тығы оған кедергі емес. Себебі, қа­зір полиция оның бар-жоғын тек­сермейтін де болды. Егер көлік жүргізу құқығынан бел­гілікті мерзімге айырылған аза­­мат қатаң заң талабынан жас­қанатын болса, үшінші рет руль­ге «жұтып алып» отырмас еді. Сөйтіп ол қашан ірі жол-кө­лік апатын жасап, түрмеге тоғы­тылғанша жүре бермек...

 

ПЕТРОПАВЛ