Руханият • 14 Мамыр, 2021

Сөз сойыл: Әзіл-оспақ

1909 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сөз сойыл: Әзіл-оспақ

Шай мен жазу

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин жиырма жыл бойы ерінбей-жалықпай материал жинап, екі жыл бойы стол басында тапжылмай отырып, әйгілі «Аласапыран» романының екі томын жазып шығады. Осыншалық қауырт жұмыс үстінде кейде жаны қиналған кезде қою етіп демдетіп, деміл-деміл шай іше береді екен. Мұқаңның үйіндегі Бақыт жеңгеміз:

 − Шайды неге осынша қою ішесің? Асқазаннан не қалады? − дейді екен жаны ашып.

Ондайда Мұқаң:

− «Аласапыранды» аман-есен бітірсем, асқазанның маған керегі болмас, − деп әзілмен құтылады екен.

Кейін «Аласапыран» да бітеді, ол еңбегі том-том болып жарық көріп, Мемлекеттік сыйлыққа да ие болады. Бірде Мұқаңның досы, жазушы Сұлтан Оразалинов:

− Иә, Мұқа, шай мәселесі қазір қалай болып жүр? − деп сұраса керек.

Сонда Мұқаң:

− Бұрын менде жазу да, шай да, асқазан да бар еді. Қазір соның үшеуі де менен қашқақтап жүр, жазу жоқ болған соң шайды қайтейін. Шай ішпеген соң асқазан да қадірсіз болады екен, − деп жауап беріпті.

 

Тереңде шөгіп жатқан шындық

Әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев өмір бойы ат үстінде жүрген, зейнеткерлікке шыққанша Өр Алтайдағы үлкен бір колхозды басқарған кісі екен. Сол кісі жетпісінші жылдардың басында зейнеткерлікке шыққан соң партиялық билетін ауданға әкеліп рахметін айтып тапсырыпты да, өзі ауылға барып молдалық құрып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкеев елге барған бір сапарында Шанақтың ауылына іздеп барып, ақсақалға арнайы сәлем береді. Әңгіме арасында Оралхан:

− Шәке, біз сізді коммунист деп ойлаушы едік. Енді, міне, молда боп кеттіңіз. Осы екеуінің қайсысы шындық? − деп әзіл-шыны аралас сұрақ қояды.

Сонда Шанақ аспай-саспай:

− Екеуі де шындық, шырағым. Менің коммунистігім бергі жағында еді де, молдалығым − арғы жағында, тереңде шөгіп жатқан болатын, − деп жауап беріпті.

 

«Әйел жарыс»

Есімдері қалың оқырманға кеңінен таныс қазақ қаламгерлері Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази бірінің сырын бірі бозбала күндерінен жақсы білетін жан достар екен. Бірде төртеуі бас қосып, әңгіме шертіп, сыр тарқатып дегендей, бір үйде ұзақ отырып қалысады. Түннің бір уағы болып, үйге қайтар мезгілде: − Осы әйелдерімізді бір сынап көрейікші, күйеулерінің қайда жүргені туралы кім қалай жауап берер екен, − деп келіседі.

Алдымен Қалихан Сайынның үйіне телефон шалып:

− Әлгі біздің қандыбалақ досымыз үйде ме? − деп білмегенсіп Сайынды сұрайды. Сәкеңнің бәйбішесі Мәрия жеңгей:

− Үйде қазір жоқ... Ол досың үйге қашан келерін бізге айтушы ма еді! − деп жауап береді.

Ендігі кезекте Сайын Әкімнің үйіне телефон шалады. Ол үйдегі Әлима жеңгеміз:

− Қайдан білейін қайда жүргенін... Рамазанмен ішіп жүрген шығар бір жерде, − деп жауап береді.

Енді Әкім Рамазандікіне звондайды. Ол үйдегі Күлмәшкен жеңгеміз: − Әй, Әкім, Рамазанның қайда жүргенін досы сен білмей тұрғанда, үйдегі мен қайдан білейін, деп жауап береді.

Сосын Рамазан Қалиханның үйіне телефон шалады. Сонда ол үйдегі Дәмеш жеңгеміз:

− Қалихан бағана, сағат тоғызда келген. Шаршап ұйықтап жатыр. Сен, Рамазан, бүгін оның мазасын алма! − деп жауап беріп, телефонның құлағын іле салыпты.

Сөйтіп «әйел жарыста» Қалекең ұтып, достарының алдында мәртебесі бір көтеріліп қалыпты.

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан