Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Кеншілер жолы

1128 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әкелі-балалы кеншілер Темірбек пен Ерік Барбосыновтар­дың «Шы­ғыс» кенішіндегі еңбек жолы 30 жылға жуық. Кейіпкер­леріміздің өмір жолы Екібастұздай әйгілі өндірісті өңірден басталды.

Кеншілер жолы

Темірбек Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Ақсуат ауылында туып-өскен. 1984 жылы Өскемендегі механикаландыру және электрлендіру техникумын бітірген соң, Екібастұз қала­сын­дағы «№7 Монтаж басқар­масына» жолдамамен келіп, монтаждау жү­йесінде еңбек жолын бастайды. Өзі тұрып жатқан қаланың күнделікті тынымсыз дүбірлі тір­ші­лігі, аты әлемге әйгілі алып кеніш­тер, алып электр стансалары, қап­таған өндірістер дүрсілі Темір­бектің жастық жігеріне әсер етеді.

05

– Екібастұзда тұрып, қалай өндірісте еңбек етпеуге болады деп ойладым. Қазақ баласы өн­ді­ріске барудан шеттеп қал­ған уақыт. Содан көп ойланбастан, 1992 жылы маусым айында көмір­ді қазу-тиеу жұмыстарының конвейер-машинист мамандығын алып, «Шығыс» кеніші өндірісіне жұ­­мыс­қа қабылдандым, – дейді кенші.

Темірбектің сол бір кездердегі өндірісті қалауы қазіргі жастарға үлгі боларлықтай.

– Кенішке түскеннен кейін жер бетіндегі секілді жер астында да қай­наған еңбек басталады. Алғаш рет кенішке түскен күн ұмы­тыл­майды. Үңірейген үң­гірлер, ұзын дәліздердің барлығы үрейлі. Қазір әбден үйрендік. Бұрғының дауысы гүрс-гүрс естілетіндей. Жер астындағы еңбектің де өз қиын­дықтары, өз қызықтары, өз ере­желері бар. Кеншілер жер астында киіп жүретін каскаларын бір-біріне ауыстырмайды. Бұл сондай бір ырым, – дейді Темірбек.

Ал «Шығыс» кеніші 1985 жылы пайдалануға берілген бола­тын. Бұл – бірегей көмір өнді­ретін кәсіпорын. Сол жылдан бері талай өзгерістерді, жаңа­шыл­­дықтарды бастан өткеріп ке­леді. Соңғы кезде кеніште кө­мір қабаттарын жер үстіне шы­ғару технологиялық кешеніне кон­вейерлік көлікпен көмір өнді­рудің ағынды технологиясы жоба­сы енгізілді. Яғни өндірілген кө­мір­дің тұтынушыларға сапалы же­туі қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтып, жұмыс тиімділігін арттырады.

Ал Темірбек еңбек етіп жүр­ген Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы (ЕЭК) еліміздегі ең ірі электр энергиясы мен кө­мір өндірушілердің бірі. Елде өн­дірілетін электр қуатының 17 па­йызы, көмірдің 20 пайызы кәсіп­орын еншісінде. Электр энергия­сын өндірудің жылдық қуаты – 16 млрд кВт/с. Корпорация Ақсу элек­тр стансасы мен «Шығыс» кө­мір кенішін біріктіреді.

– Өндірістік көрсеткіштері, жо­ғары кәсіпқойлығы, техникалық әле­уеті мықты кенішіміз қандай да бол­сын күрделі жағдайларға қара­мастан, өндірістің шығында­рын оңтайландырып, тиімділігін ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілікті сақтап, даму жолында. Кеніш іске қосылған жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан кеншілер бар. Олар бүгінге дейін «Шығыс» кенішін өмірінің ажырамас бөлігі санайды. Кеншілердің бүгінгі ұрпағын тәрбиелеп өсірдік, – дейді Т.Барбосынов.

«Шығыс» кенішінде бір тәу­ліктің ішінде шығарылған кө­мір­ді жаққанда пайда болатын электр энергиясы еліміздегі 254 қаланың тұрғын үй-коммуналдық бөлігін қамтамасыз ету үшін жет­кілікті екен. Кәсіпорында 2010 жылы ТМД аумағында теңдесі жоқ айналмалы-ағынды аршу кешені іске қосылды. Жаңа технологиямен шығарылатын аршылым көмір өндіру көлемін ұл­ғайтуға мүмкіндік туғызды. Кө­мір қоймаларының қайта құру жұ­мыстары өткізіліп, үш көтергіш кон­вейер салынды. Бұл арқылы кә­сіпорын кеніштің төменгі дең­гейлерінен көмірді үздіксіз шы­ғаруға мүмкіндік алды.

Бұл күндері «Еуразиялық энер­гетикалық корпорациясы» АҚ-на қарасты «Шығыс» көмір кеніші 30 жыл ішінде өңірдің экономикалық жүйесінде алдыңғы орында келеді. Кеншілердің жердің астындағы пайдалы қазбаны алып, қалаларға отын, жылу берудегі еңбектерін бір сәт көз алдыңызға елестетіңіз­ші. Ширек ғасырлық тарихында 400 млн тоннадан аса көмір өн­дір­ген бірегей кеніш Темірбек секілді талай кеншілердің өмір жолына айналды. Еліміздің энер­ге­тикалық қауіпсіздігіне баға жет­пес үлес қосып, ел байлығын арт­тыруда. Темірбекпен көп жыл бірге еңбек еткен учаске бас­тығы Әуесхан Серікбаев, Ас­фандияр Бердығожин, Оралбек Рахым­жанов, Оралбек Бұлдыбаев сияқты кеншілер жұмыс басында бір-бірін артық сөзсіз, көзқарастарынан-ақ ұғынады.

Кеншілердің балалары да әке­лерінің ізін қуып, әулеттерімен кәсіпорында жұмыс істеуде. Әке­лерінің алып кеніште көмір қа­зып, тау-кен саласында еңбек ете­тінін кішкентай күндерінен кө­ріп-біліп өскен ұл-қыздарды кен­ші кәсібі қызықтырып, олар да осы мамандықты таңдаған. Те­мірбектің ұлы да әке жолын қуып, тау-кен саласының маманы болды. Ұлы Ерік Барбосынов «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ жолдамасымен 2006-2010 жылдары М.Тыныш­паев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітіріп, Екібастұзға оралды. Қазір «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің теміржол жабдықтарының қосалқы бөлімінің жетекші механик-инже­нері болып жұмыс істейді. Кеніш­те дербес аршу жұмыстарын жүр­гізуге мүмкіндік беретін теміржол коммуникацияларының жүйесі құрылды. Кеніш тарихында айналмалы ағынды аршу технологиясын меңгеру кезеңінің маңызы үлкен.

– Әкем екеуіміз үшін елімізде­гі ғана емес, әлемдегі ірі өндіріс орын­дарының бірі саналатын «Шы­ғыс» кенішінде еңбек ету – мәр­тебе. Әкем үлкен өндірістік еңбек ортасында біліктілігін шың­дады, кәсіби жоғары маман атан­ды. Алған марапаттары да бір төбе. Біз отандық экономиканың қар­қынды дамуына үлес қосып жүр­генімізге мақтанамыз. Әке жо­лын әрі қарай жалғастыру ал­дағы өмірімнің осы кенішпен бай­ланысты екенін білдіреді ғой, – дейді Ерік.

Ол ERG Innovators Forum 2019 әлеуметтік жобалар байқа­уы­ның жеңімпазы атанды. Жоба­сы­на «Екібастұз «Қауіпсіз қала» бағ­дарламасына сай болуы үшін не істеу керек?» деген тақырыпты ар­қау етіпті. Осы жайында қалалық әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеуге әзір. Бірақ әкімдіктер құлықсыз, шығарып салма жауаптар айтады. Ашық қалған құдық қақпағына арнайы құлып орнату әлеуметтік жобасын жасауға себеп те жоқ емес.

– Көше бойындағы ашық қал­ған құдыққа түсіп кеткен балалар жайлы жиі еститін болдық. Екі­бастұзда да 2 жасар бала канали­зациялық шұңқырдың ішіне құлап түсті, – дейді Ерік.

Қазір жеке кәсіпорындарға, меншік иелеріне тиесілі құдықтарға бақылау қажет. Қақпақтар жиі жоғалады. Ұрлайтын кімдер? Жаңа­сын сатып алу кімдерге тиім­ді? Тек қақпақтарды ғана емес, құ­дық­тардың ішіндегі құрыл­ғы­лар­ды бөгде адамдардан қорғау керек.

– Жұмыстан шыққан соң, ке­зек­ті ауысымнан кейін әрине, әкем екеуіміз үйге асығамыз. Бізді дәмді тағамдарын дайындап анам асыға күтіп отырады, – дейді Ерік.

Темірбектің жары Жанат та Алматыдан байланыс саласының оқуын бітіріп, 1987 жылы Екібас­тұз­ға жолдамамен келген маман, теле­коммуникация саласында 30 жыл­дай қызмет етіп келеді. Қы­зы Жансая да анасының жолын жалғаған.

– Біз нағыз екібастұздықтар­мыз. Еңбегімізді Екібастұзға, елі­мізге арнаймыз. Елбасы айтқандай, еңбек адамы құрметке лайық. Біз сол құрметтен өз орнымызды ал­дық деп ойлаймын, – деді Темірбек.

Сонымен бірге, Темірбек – спорт­шы кенші. Ол «Шығыс» кені­шіндегі спорт сайыстарына қа­тысады, шаңғы, теннис турнирлері, жеңіл атлетика, шахмат, суға жүзу спорттарына қатысып жүлделі орындарға ие болды.

– Біздің өндірістік кеншілер ұжымында кездейсоқ адамдар жоқ. Барлығы кеніштің бүгіні мен ертеңі үшін шынайы еңбек үл­­гісін көрсетіп, әулеттерімен бір­­ге еңбек етуде. «Шығыс» ке­ні­ші үшін 2020 жыл – ерекше жыл болды. Кәсіпорын өзінің 35 жыл­­­дығын атап өтті, – деді «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кені­ші­нің бас­­­­шылығы. – Кеншілер кәсіп­орын іске қосылғаннан бергі 1 млрд текше метр көмір өндірген. Ин­­но-­вациялық технологиялар мен тех­­­никалық шешімдердің жү­зеге асы­рылуында бірнеше мың кен­ші­нің күн сайынғы еселі еңбегі екені белгілі.

Бүгінде кеншілер тәулігіне 55 мың тонна көмір өндіреді. Кә­сіпорын іске қосылған алғашқы жылдармен салыстырғанда, бұл екі есе жоғары көрсеткіш. Иә, «ЕЭК» АҚ-тың «Шығыс» көмір кеніші 30 жыл ішінде өңіріміздің экономикалық жүйесінде алдыңғы орында келеді. Көмір өндіру са­ла­сындағы бірегей кәсіпорын. Елі­міздің энергетикалық қауіп­сіздігіне баға жетпес үлес қосып, ел байлығын арттыруда.

Кенші мамандығы белгілі бір тәуекелмен байланыс­ты. Сон­дық­тан кеніштерде «Нөл­ге ұм­тылу» бағдарламасы қабыл­да­нып, жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – мүмкіндігінше өндірістік жа­рақаттарды болдырмау. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Көмір өндіру – бұл нағыз ерлердің ісі. Кеншілердің табандылығы, қа­жырлығы өзгелерге үлгі болар­лықтай. Еңбек адамды ер атандырады деген осы. Қарапайым еңбек адамы ер атанудың жолын осылай дәлелдеп бере алады.