Әдебиет • 04 Маусым, 2021

Қасым мұрасы хақында

636 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қасымның тойы – қазақтың тойы десек артық айтқандық емес. Өлмес өлеңдерімен халықтың жүрек төрінен мәңгілік орын алған дауылпаз Қасым дегенде алаштың асқақ рухы көз алдыңызға келеді. Биыл шайырдың туғанына 110 жыл толуына орай тұлғаның өмірі мен шығармашылығы тұрғысында түрлі шара ұйымдастырылуы керек. Біз де өз кезегімізде газетіміз арқылы ақын хақында азырақ қалам тербегенді жөн көрдік.

Қасым мұрасы хақында

Ең алдымен шайырдың туған өңірі, оның ата-тегі жөнінде айтып өткеніміз дұрыс. Біз көбіне Қасымды, оның балалық шағын, әулетін жоқшылықпен байла­ныстырып сөйлейміз. Әрине, шайырдың балалық шағы шат­тықты өт­ті деуге келмейді. Өзі өле­ңінде айта­тындай «Біреудің ас­пандағы асылы, біреудің жұрт­та қалған жа­сығы» жас Қасым көр­ген теперішті көп ақын көрген жоқ.

Қасым әкесінен алты жасында айырылыпты. Анасы Айғаншаны Оспан деген шал зорлықпен әйелдікке алған. Қасым тағдыры тірі жетімнің тақсыреті. Өйткені Оспан шал бала Қасымды үйіне, туған анасына жолатпапты. Бұл Сәуле Қайырбектің «Қасым тағ­дыр» атты мақаласында ашық айтылады. Қасымның анасы өз естелігінде: «Менен айырылған Қасымның көрмеген бейнеті жоқ. Оспан шал Қасымды үйдің маңайына да жолатпайтын. «Ба­ламның халі ауыр» деген бір сөз айтқаным үшін «әуелі маған бала тауып бер» деп тепкілеп сабағаны есімнен кетпейді. Арада бірер жыл өткен соң тірілген аруақтай саудыраған сүйегі бар Қасымды біреулер сүйемелдеп алып келді. Баламды бас салып жылауға жауыз байымнан қорқып, қараңғы түскен соң ғана барып, жылап-еңіреп Қасымды тамаққа тойындырып, оңаша шошалада жасырып ұстадым», деп жазыпты.

Қасымның жетімдігі туралы жеке тоқталса да болады. Алай­да негізгі айтпағымыз бұл емес. Жал­пы біз Қасымның арғы тегі турасында нені білгендейміз. Бір тарап ақын өмірін толық зерттеп, зерделемей тұрып дәлелі жоқ сөз айту заңға жат іс дейді.

Екінші тараптың да Қасым­ның арғы ата-бабасы ешқашан отқа қарамаған, қайта ордалы тұ­қым болғандығы жайында айтар уәждері жоқ емес. Қасым туған топырақтан түлеп ұшқан ақын Жанат Жаңқашұлы, өлкетану­шы Дәулетқазы Мұқадиұлы бар, Қасымның әкесі Рақымжан өзі ­бай, өзі сері адам болғандығын алға ­тартады. Өлкетанушы Д.Мұ­қа­диұлы «Хабар» телеарна­сы дайындаған материалда: «Ра­қым­жанның байлығының белгісі «Тай­жүзген» деген сабаға қы­мыз ашытады екен. Төрт бұрышы­нан төрт жігіт пісетін болған. «Тайжүзгендегі» саба шамамен 500 литрдей болады ғой. Оны түгел ауыл-аймақ ішпей ме?! Сон­да күніне төрт жігіт піскенде, әр­қайсысына жібек көйлек пен бір-бір тақта шай береді екен», деген дерек келтіреді. Жанат Жаң­қашұлы да қасымтануда кетіп жатқан олқылықтардың орасан зор екенін жиі қозғайды. Оның айтуынша да осы уақытқа дейін Қасым кедейдің баласы, Сарыобалыда емес Аққорада туған болып келді. Рахымжан сері атын жібекпен арқандаған деседі. Рақымжанның он бөлмелі үйінің орны әлі де бар. Ал енді он бөлмелі үйі бар адамды сіңірі шыққан қу кедей ­деуге келмейді.

Қасымның әлеуетті әулеттен шыққандығына тағы бір дәлел – Қасым Қызыл Көшен тауларының етегінде шыр етіп дүниеге келгенде кіндігін кескен Шәрия Садық­қызына ақынның әкесі Рақым­жан­ның кіндік шешесіне деп қа­зақы салтқа сай таза күмістен жа­салған екі білезік пен екі кү­міс сақина сыйлағандығы. «Бү­гінге жеткен бұл жәдігерлер Ра­қым­жан әулетінің ауқатты тұрға­нын тағы да айғақтай түседі», дей­ді өлкетанушы Дәулетқазы Мұқа­диұлы.

Жалпы бұл тұрғысында жал­ғыз Қасымның биографиясы ғана емес, біздің көп тұлғамыздың өмір­баяны кеңестік кезеңде жазылып, бүгінгі ұрпақ сол қисық сорап­тан әлі шыға алмай келе жатыр­мыз. Сондықтан тұлғаларымыздың та­­рихын жинақтауда жан-жақ­ты ізденістерге көбірек бару ке­рек­тігін айтқымыз келеді. Тәуел­сіз­дік алғаннан кейінгі тың зерттеу­лер өте аз. Әрине, мүлдем еш­теңе атқарылмай жатыр деуден аулақ­пыз. Біздің көңілімізді көн­шіт­кен игі іс – ол өз жұмыстарын жү­йелі әлі қарқынды бастаған «Қа­сымтану» орталығы.

Аталған орталық академик Е.А.Бөкетов атындағы Қараған­­ды мемлекеттік университетінің ­ректоры, заң ғылымдарының докто­ры Нұрлан Дулатбековтің бастама­сымен ашылыпты. Ғы­лы­ми-зерт­­теу орталығының жетек­шісі – ­филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жа­рылғапов. Сондай-ақ орталықта қаламы қа­рымды журналистер, жас ға­лымдар, ақын-жазушылар да бар. Атап айтқанда журналист Ермек Балташұлы, жазушы Ал­маз Мыр­захмет аталған орталық­та өнімді жұмыс істеп жатыр.

Орталық қызметкерлерінің хабарлауынша, Қасым Аманжолов мұраларын жаңашыл ғылыми көз­қараста зерттеуге басымды­лық бермек. Ең ірі жобалардың қатарында Қасым мұраларына қатысты зерттеу еңбектерінің екі томдығын атауға болатын сияқ­ты. Сонымен қатар орта­лық Қасым Аманжоловтың шы­ғар­машылығы мен өміріне қа­тысты библиографиялық көр­сет­кішін, шығармаларының ака­демиялық сөздігін дайындау, Қасым­ның тұлғалық энциклопедия­сын шы­ғару секілді ауқымды жұмыс­тар­ды қолға алған.

«Қасымтану» орталығының ең бір ерекше айтар жаңалығы – ақынның тікелей ұрпағы, қызы Дариға Аманжолованың көп­­шіліктен жасырып жүрген жазу­­шылық қыры бар екендігі. Орасан олжа туралы бізге орта­лық қызметкері, «Қасым» рес­пуб­ликалық әдеби-қоғамдық жур­налының жауапты хатшысы А.Мыр­захмет айтып берді. «Орталық басшысы Жансая Жарылғапов­тың «Ақынның шы­ғармашы­лық қасиеті ұрпақта­­ры­на дарыды ма?» деген сұрағы­на, ақынның қос жа­нарындай қос қызы бір-біріне қарап, сәл үнсіздіктен соң қызы Жанна:

– Даригош, барып алып кел. Қашанғы жасырасың, көрсетсең­ші, – дегені. Сөйтсек, Дариға Аман­жолова өз бетінше проза жа­зады екен. Жазғанда қандай?! Отыз­ға тарта басынан-аяғына де­йін толған «жалпы дәптерлерін» әкеп, алдымызға тастай салғаны. Бірнеше повесть, роман, бірталай әңгіме. Жазған-сызғандарын өзі өңдеп, жаңа дәптерге көшіріп, жинай берген. Әрбір дәптердің сыртына кейіпкердің, кейбір беттеріне сюжеттік суреттеріне дейін салып қойған. Баспаға апаруға табиғи ұяңдығы жібермеген. Біз аттай қалап бір шығармасын сұрап алдық. Оның өзінде Жанна апай қосылып, үш жақтап әзер көн­дірдік. Дариға Қасымқызы «По­весть о кубинце» атты хикаятын қолымызға ұстатты. Оқып шық­қандар бірауыздан хикаяттың өте жоғары деңгейде жазылғанын жеткізді. Дариға Аманжолова­ның рұқсатын алып, кітап теріліп, ди­­зайны жасалып, баспаға жө­нелтілді. Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы аясында аталған кітап жарық көріп, тұсауы кесіл­мек», дейді А.Мырзахмет.

Орайы келгенде айта кеткені­міз дұрыс, Алмаз Мырзахмет жа­уапты хатшы болып отырған ақын атындағы ауқымды журнал шайырдың 100 жылдығы қар­саңында дүниеге келген болатын. Биыл мазмұны бай, тағылымы терең журналдың тұрақты шы­ғып келе жатқанына 10 жыл толады. Аталған журналдың тұңғыш сандарын шығарысуға өзіміз­дің де үлесіміз болғанын бүгінде мақ­танышпен айтамыз. Екі айда бір рет жарық көріп тұратын жур­налдың редакторы – ақын, жазушы Серік Сағынтай. Ал жалпы аталған журналдың шығуына себепші болып, үнемі рухани жәрдем қолын созып отырған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Серік Ақсұңқарұлы.

Ал енді Қасымның журналис­тігі дегенге келер болсақ, ақын осы­нау өздеріңіз қолдарыңызға ұстап отырған бүгінгі «Egemen Qazaqstan» кешегі «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші болып жұмыс істепті. Мұны қасымтануға сүбелі үлес қосып жүрген зерттеуші Марат Азбанбаев өз жазбасында Қасым Аманжоловтың 1931 жылы «Қызыл әскер» газетінде әдеби қыз­меткер болғанын жазады.

«Қызыл әскер» газеті 1929-1936 жылдары сол кездегі Қазақстан соғыс комиссариатының, өлкелік ОСАВИАХИМ кеңесінің, «Ең­бек­ші қазақ» басқармасының жетілік газеті ретінде шығып тұр­ған. «Egemen Qazaqstan» га­зе­тінің арғы тарихы «Еңбекші қазақ» басылымынан бастау алған­дықтан Қасым ақынды да «еге­мендіктерге» жатқызуға заңды не­гіз бар деп ойлаймын», дейді зерт­теуші.

Иә, Қасымның «егемендік» екенін біз мақтанышпен айтар едік. Газеттің тоқсан жылдық ме­рей­­тойы қарсаңында шыққан «Еге­­менқазақстандықтар» ат­ты кітаптың «Тізімдерде... тұн­ған сыр» бөлімінде ақын Аман­жоловтың есімі ерекше көзге тү­се­ді. Бұл ретте ақынның «Социа­листік Қазақстанға» деген арнау өлеңі де барын айта кетуіміз керек. Өлеңді ақын «Социа­лис­тік Қазақстан» газетінің шыға баста­ғанына 25 жыл толуына арнап жазған екен.

Мектеп бардым, бала көрдім,

Қолтығына кітап қысқан;

Сол кітаптың арасында

«Социалистік Қазақстан».

 

Майдан бардым,

солдат көрдім,

Жаңа шыққан қанды ұрыстан.

Жүрген оның қойынында,

«Социалистік Қазақстан».

 

Ауыл бардым, шалды көрдім,

Кеткен асып жасы алпыстан.

Шал алдында дастархандай –

«Социалистік Қазақстан».

Жә, мұның бәрі орынды, Қа­сым­ның журналист екенін жоқ­­қа шығарып жатқан ешкім жоқ, мә­селе ақынның айнала­сын зерт­теуде алда қандай жұмыс­тар ат­­қарылады? Зерттеуші М.Аз­бан­­баев осы ретте көп жайт­қа кө­ңі­лі толмайтындығын айтып редак­цияға бірнеше хат та жолдапты. Оның айтуынша Қасымды біз тек ақын ретінде танығанымыз дұрыс емес. Қасымды жауынгер журналист, музыкант, театр өнерін жетік білген маман ретінде де жан-жақты насихаттағанымыз жөн.

Қасым туралы архивтегі деректер бойынша зерттеу жүргізген М.Азбанбаев «Аманжолов Қа­сым 1911 жылы Ресей империя­сы Семей облысы Қарқаралы уезінде дүниеге келген. 1922 жы­лы Семей қаласында ашылған «қа­зақ жасөспірімдерінің өлке­лік мек­тебінде» оқиды. (Дерек көз Қарағанды архивіндегі қызы Дари­ғаның мәліметі, әкесінен ес­тігені.) Біздің анықтағаны­мыз, Қасымды Семейге алып келген Әліби Жангелдин бастаған КирЦик-тің «Қызыл керуені».

Семейдегі «қазақ жасөс­пі­рім­дерінің өлкелік мектебінде» ­Қасым 1928 жылға дейін дәріс тыңдайды. Алматыдағы орталық архивтің дерегі бойынша, аталған мек­тептер Семейден өзге Петропавл, Әулие-Ата қалаларында құрылған болатын. Мақсат – қазақтың же­тім-жітік жасөспірімдерін тех­ни­­­кумдарға, совпартшколдарға тү­суге дайындау.

Қасым 1928-1930 жылдары Семейдің зооветтехникумының да­йындық курсының жоғарғы то­бында оқып жүріп, сабаққа қа­тыс­пағаны үшін шығарылып тас­талады.

1930 жылы Алматыда Қазақ­тың университеті ашылуына бай­ланысты 4 айлық өлкелік да­йын­дық курсы сәуір айында ашы­лады. Аймақтардан осы курс­қа қа­зақ жастарын жіберу талап еті­леді. Өлкелік нұсқауға сай Семей Қа­сымды Алматыға жібе­реді, өйт­кені ол өлкелік оқу-ағарту ко­мис­сариатының есебінде тіркеулі еді.

Қасым, (қызы Дариғаның хатында айтылған), университет­тің филология факультетіне түсу үшін дайындалады. Алайда, үкі­мет­тің жоспары күрт өзгеріп, 1930 жылдың күзінде Қасымды Ле­нинградтың орман институтына аттандырады.

Қасым барған оқуын ұнатпай (қызы Дариғаның айтуына сен­сек, Қасым ол оқуды «Не мое» де­­ген), Алматыға 1931 жылы қай­тып ­оралады да, «Қызыл әскер» апталық газетіне әдеби қызмет­ші болып қабылданады.

1932 жылы Қасым Орал қала­сын­дағы «Екпінді құрылыс» газе­тінде журналист болып қызмет етеді.

Қасым жиырма екі жасқа тол­ғанда Орал қаласында 1933-1934 жылдары атты әскери полкінде жа­уынгер болған.

Қасым 1935-1936 жылдары Оралдағы театр-студияның көр­кем­дік жетекшісі қызметін ат­қарады.

1937 жылы Қасым Алматыға оралады...», деп тың деректерді ашып жазған.

Мұрағат мұраларын жарыққа шығарып отырған зерттеуші осы ретте Қасымның қазақ театры өнеріне сіңірген еңбегін ескеріп, оның театр ісін ұйымдастырушы кәсіби маман ретіндегі қызметі арнайы зерттелуі керектігін айтады. Сонымен қатар Қасымның музыкалық, композиторлық өне­рін, қызметін, ісін ғылыми тұр­ғыдан талдау жағы кемшін еке­нін де қаперге алуды ұсынады. Я болмаса «Қызыл әскер» апта­лық газеті Қазақстан соғыс ко­мис­сариатының органы бол­ған­дығын ескерсек, біздің Қор­ғаныс министрлігі Қасым Аман­жо­ловты неге іздемейді, оған неге көңіл бөлмейді? Қорғаныс ми­нистрлігінде білдей бір Қорғаныс академиясы бар емес пе? Жас ға­лымдарға «Қасым – журналист-жауынгер» деген ғылыми тақырып неге ұсынылмайды? «Қызыл әс­кер» апталық газеті «Еңбекші қа­зақ» басқармасының органы бол­са, қазіргі «Egemen Qazaqstan» газеті Қасымды осы тұрғыдан неге зерттемейді?» деп үлкен ой са­ларлық ұсыныстар айтады. Бұл ойларымен қатар автор өз кезегінде ел газеті ар­қылы Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне де бірқатар ұсыныс жеткізгісі келеді. Шынымен де Қа­сым оқыған мектептің жаны­нан, яғни Семейдегі қазір Әли­хан Бөкейханның ескерткіші тұр­ған «Мәңгілік Ел» көшесінің бо­йындағы «Жеңіс саябағының» ішінен «Қасым оқыған мектеп ғи­маратының орны» деген бір қара­па­йым тас белгі орнатылғаны дұ­рыс. Сонымен қатар Қасымның Ал­матыдағы зиратына да жөндеу жұмыстары қажет. Кейінгі ұрпақ Қасым аталарының басына барып, құран бағыштағысы келген тұста ақынның зиратын үл­кен қабірстанның ішінен та­уып алу қиын. Егер орайы келіп жат­са ақынның моласына мен мұн­далап тұратындай биік ескерт­кіш орнатылғаны дұрыс. Ол орын­далмаған жағдайда бейіттің төрт құлағынан биік найза сияқты темір белгі қойылғаны жөн. Қасымның өзі де: «Қазақтың әні мен өлеңін, Найзадай көтеріп келемін» деп кеткен жоқ па? Не болмаса «Қо­лымда найза, шағылып Айға, Жең­дік қой жауды, Арман не құр­бым!» демекші, зиратқа әдемі безен­дірілген найзалы белгі орнатылса ақынның аруағы шат, образы айшықтала түсер еді.

Ескерткіш дегеннен есімізге түсіп отыр, жалпы Қасым ақын­ның көп ескерткіші жоқ. Ең үл­кен мүсінді шайырдың жүз жыл­ды­ғында Қарағанды шаһары ор­нат­қанын білеміз. Оған дейін қо­йылған кішігірім бір-екі бюст қана бар. Айтпағымыз, суретте кө­ріп отырғандарыңыздай, осы­нау аяқталмай қалған тама­ша жұ­мыс осыдан он жыл бұрынғы жүз жылдық қарсаңында конкурс­тан өтпей, жолы болмай қал­ған жоба екен. Көпшілікке ұна­ған кіш­кене мүсін бүгінде «Қасым» жур­налының редакциясында тұр. Реті келген жағдайда Қасымның асқақ рухын, өр айбынын тура беретін тамаша туынды іздеген жандар болса осы мүсінге бір қарауларына болады. Бұл мүсін көп жылдан бері аталған журналдың мұқабасына да басылып келді.

Жә, ақын туралы айтылар ойлар, жазылуы керек жайлар бұны­мен бітпейді. Айтпағымыз, мақала соңында көтерілген ұсыныстарға барша қазақ, оның ішінде нақты Алматы қаласының, Семей қала­сы­ның, Қарағанды облысы, Орал қаласы әкімдері бей-жай қара­майды деп сенеміз.

Ақын рухы – адамзат тірегі. Алаш баласы қашанда өз болмысын қайсар рухты шын шайырларынан табатын болған. Өршіл мінезімен, асқақ рухымен бар қазақтың Қасымы атанған дауылпаз ақынға әркез құрметпен қарай білейік.