Руханият • 06 Маусым, 2021

Мұрат ЖҰРЫНОВ: Түркістаннан университет ашу Елбасының идеясы болатын

1058 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тұтас түркі дүниесінің тұғырлы бесігіне баланатын Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың атымен аталатын Халықаралық қазақ-түрік университеті еліміздегі іргелі білім ошақтарының бірі. 

Мұрат ЖҰРЫНОВ: Түркістаннан университет ашу Елбасының идеясы болатын

Осыдан отыз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қазығы қағылып, Түркістан мемлекеттік университеті ретінде білім кеңістігіне қанат қаққан  жоғары оқу орны егемендіктің еңселенуі жолында еселі еңбек етіп жүрген қаншама шәкірттер шоғырын тәрбиелеп шығарды. Осынау оқу ордасының іргетасын қалап, алғашқы он жылдықта ректорлық қызмет атқарған Қазақ Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат ЖҰРЫНОВПЕН өрбіген әңгіме барысында университеттің құрылу тарихына қатысты әсерлі естеліктер айтылды.

 – Мұрат Жұрынұлы, әңгімемізге арқау болып отырған Халықаралық қазақ-түрік университеті алғашында А.Ясауи атындағы Түркістан мем­лекеттік университеті болып құрыл­ғанын білеміз. Кейіннен халықаралық дәреже алып өрісін кеңейткені мәлім. Бәрі қалай басталып еді?

– Әлбетте, білім ошағының тарихын халықаралық дәреже алып кеңейген кезінен емес, алғаш іргетасы қаланған тұстан бастап қарастырғанымыз жөн. Себебі Түркістаннан университет ашу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы болатын. Біз ол кісінің түбі бір түркі жұртының ынтымақтастығын арттырып, бірлігін бекемдеуге айбынды үлес қосқанын ерекше айтамыз. Бұл қадам да осы сөзіміздің дәлелі. Тұтас түркі дүниесі Қазақстанды атажұрт деп есептейді. Оның себебі – көптеген ғасыр бойы бірінші Түрік қағанаты, екінші Түрік қағанаты, одан кейін Алтын Орда, одан соң Ақ Орда – бәрі түркі дүниесінің мемлекеттері болып есептеледі. Сол құрылған мемлекеттердің негізін құрай­тын ру-тайпалар кейін Қазақия деген мемлекетті құрды. Тарихтан терең тағы­лым алған Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас халықтардың бірлігін биік сатыға қоя отырып, 1991 жылы Түркістан қа­ласын әрі қарай дамыту, жандандыру үшін сол жерде А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетін ашу туралы пәрмен берді. Ол күндердің барлығы қазір естелікке айналып барады. Кеңес Одағынан бөлінген мемлекеттер тәуелсіздіктің арқасында ұлттық құндылықтарын түгендей бастады. Ислам Каримов Түркістан университетін Ташкентте құрмақшы болды. Егер ол жоба жүзеге асып, Түркістан университеті Өзбекстанның аумағында салынса, онда бұл тарих алдындағы үлкен әділетсіздік болар еді. Түркістан университеті түркі халқының діңгегі, қарашаңырағы болған Қазақстанда, оның ішінде Түркістанда ашылуы керек. Елбасы бұл саясатты өте жақсы түсінді. Мен сол университеттің алғашқы ректоры болдым.

– Тарихи маңызы зор универ­ситеттің алғашқы басшысы болу, негі­зін қалай отырып, тұтас құрылымын қа­лып­тастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Бұл қызметке қалай келдіңіз?

– Бұл ұсынысты қабылдар алдында мен Қарағанды қаласындағы Ғылым академиясының «Органикалық синтез және химиясы» институтының директоры, ҒА мүше-корреспонденті, химия ғылымының докторы, профессор едім. Облыстық кеңестің депутаты ретінде оған қоса қалалық Қазақ тілі қоғамының төрағасы қызметін де атқарып жүрдім. Негізгі мамандығым химия ғылымына қатысты болса да мені бұл міндетке тағайындағандар бұған дейінгі атқарған қызметтерімде қазақ тілінің жанашыры болып, қазақ азаматтарын қолдап жүретінімді ескерсе керек. Күндердің күні Шымкент облыстық атқару комитетінің бірінші хатшысы Сергей Терещенко телефон соғып, Шымкенттен университет ашуды көздеп отырғанын, Президент қолдар болса Алматы мен Қарағандыдағы секілді алып оқу ошағының өзі басқарып отырған өлкеде бой түзейтінін қуана жеткізді. Бұл шамамен 1991 жылдың бас кезі болатын. Терещенко маған осы болашақ оқу орнының тізгінін ұстауды сеніп тапсырғысы келетінін айтты. Университетті қалай құрмақсыздар деген сауалыма, «Шымкенттегі кезінде өзің жұмыс істеген химия-технологиялық институт пен педагогикалық институтты қосып университетке айналдырмақпыз» деп жауап қатты. Мен аталған ұсынысты қабылдай отырып, кіндік қаным там­ған жерде жұмыс істеуге келісім бере­тінімді білдірдім. Араға бір ай салып Терещенко қайта телефон соқты. Таш­кентке Шымкент арқылы ресми сапармен барған Мемлекет басшысы қай­тарда Терещенкоға университет ашу ісін кешеуілдетпеуді және оны Шым­кенттен емес Түркістаннан салу керек­тігін тапсырыпты. Аймақ басшысы осы мәселеге басы қатып отырғанын, Түркістаннан университет ашу қалай болар екен деген қорқынышын жасырмады. Мен де өз кезегімде шынымен Түркістаннан университет ашу қазіргі жағдайда оңайға соқпайтынын айттым. Өйткені оңтүстіктің тумасы ретінде Түркістанның жағдайы маған жіті таныс. Ол тұста Түркістан шаңы аспанға бұрқырап елеусіз жатқан жай ғана аудан­ орталығы еді. Жұмсартып айтқанда қоғамдық көліктердің өзі бірде бар, бірде жоқ қиын кезең болатын. Ал мұндай қу-медиен даладан үлкен университет ашу, білікті оқытушылар құрамын тарту оңай шаруа еместігі түсінікті. Екеуара осы мәселелерді ортаға салғаннан кейін Президенттің кесімді бұйрығы шық­қанша елеңдеп жүрдік. Бір күні Мәскеуде білім алып ғылым кандидаты атанған, сол тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болып қызмет атқаратын досым Хайролла Қабжановқа хабарласып, Президенттің Түркістаннан университет ашу туралы идеясы туралы нақты біліп беруін өтіндім. Араға 3-4 күн са­лып маған қайыра телефон шалған Хайролла Түркістан университетін ашу Н.Назарбаев тікелей нысанға алып отыр­ған идея екенін, менің бұл ұсыныс­тан бас тартпауым керектігін айтып кеңес берді және бұл идеяның Ташкент сапарынан кейін туындағанын жеткізді. Ал университетті нөлден бастап құру өз алдына үлкен шаруа еді. Оның қызы­ғы мен қиындығы туралы сөткелеп әңгіме­леуге болады.

– Сұхбатымызға осы тақырып ар­қау болып отырғаннан кейін бұл туралы айтып өткеніміз артық болмас дей ойлаймын.

– С.А.Терещенкоға телефон шалып, келісім беретінімді жеткіздім. Ол да қуана қабылдады. Көп ұзамай Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов хабар­­ласып, министрлікте университет құру ісін жетік білетін мамандар тапшы екенін айта келе, осы істің басы-қасында бастан-аяқ өзіңіз жүргеніңіз жөн деген тілегін жеткізді. Бұл ұсынысты қолдаған мен де еңбек демалысын алып, Алматыға тартып отырдым. Ведомства басшылығы алдында өз ойымды алға тартып, Түр­кіс­танға студент тарту үшін ең бір сұра­нысқа ие мамандықтардан факультет жасақтауымыз қажеттігін жеткіздім. Заң­гер, экономист, қаржыгер, экологог, емдеуші дәрігер сынды мамандықтарды іріктеп алып әрбіріне жекелей жоба жасауыма тура келді. Көлденеңдеп шық­қан кедергілер де аз болған жоқ. Сөз­дің ашығы керек, ол кезде Мәскеуге ба­ғынышты болдық. Мәскеудің келісі­мінсіз ойға алған істі оңай жүзеге асы­ру мүмкін емес еді. Министрлік Мәс­кеуге хат жазса, Геннадий Ягодин деген КСРО орта және жоғары оқу министрі қарсы болып, Шаяхметовке: «қайдағы бір аудан орталығынан университет ашам дейсіңдер» деп дүрсе қоя беріпті. Аталған жайға қанық болғасын
Г.А.Яго­диннің алдына баруға бел байладым. Мұндай қадамға баруыма ол кісінің Мәскеудегі Д.Менделеев атын­дағы химия-технологиялық институтында білім алып жүргенде деканым болғандығы, мені жақсы танығандығы түрткі болды. Мәскеуге ұшып келіп Ягодинге кірдім. Сөзге өте шапшаң, бір­ден кесіп айтатын адам еді. Мен есіктен ене бере «қазақтарың қатырады, мен Ресейдің Саратов, Куйбышев, Омск секілді ірі аймақтарынан университет құруға рұқсат бермей жүргенде, оларың қайдағы бір аудан орталығынан университет ашамыз дейді» деп өз ойын жаудыра жөнелді. Жайғасқан соң мен оған нақ осы мәселе бойынша келгенімді, Түркістан қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін рухани астана екенін, Ресейге Ленинград, Суздаль, Владимир қалай қадірлі болса, бізге Түркістан сондай ыстық екенін майдалап жеткіздім. Және ашылатын университеттің басшылығына өзімнің бара жатқанымды айтып, сенім білдіруін сұрадым. Сәл үнсіздіктен соң Геннадий Ягодин қолымды қысып келісімін берді де, менің көзімше қа­рамағындағыларға телефон соғып келісім құжатын дайындау қажеттігін тапсырды. Осылайша, маусымның 6-сы күні Жарлыққа Президент Н.Назарбаев қол қойып, 7-сі күні мен ректор болып та­ғайындалдым. Ал 8 маусым күні Түр­кістанда болдық. Облыстың бірінші хат­шысы аймаққа қарасты 15 ауданның бірінші хатшыларын жинап, Президент Жарлығын таныстырды. Әлгі жиында ол жаңа университет ғимаратының тез арада бой түзеуі үшін құрылыс жұ­мыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Білікті профессорларды қызметке тарту үшін оларға жайлы тұрғынжай салу керектігіне баса тоқталып, тіпті екі қабатты коттедж үйлердің тастай етіп сызылған жобасымен таныстырды. Облыс басшысының өкімімен әр аудан екі үйден және Шымкент қаласы он үй салады деп келісілді. Бұл бастама жүзеге асар болса университет оқытушыларына арналған жеке 10 сотық жері бар 40 үй бой түземек. Десе де, тапсырма беріл­генімен соңы сиырқұйымшақтанып созылып кетті. Аудандар үй салуға асы­ғар емес. Терещенкоға қайта кіріп, жайлы жағдай болмаса білікті кадрларды әкеле алмайтынымызды айттым. Ол құрылысқа жауапты аймақтарды ынталандыру мақсатында үйді алғаш бітірген ауданға «волга», екінші бітірген ауданға «жигули», үшінші болып тапсырманы тап-тұйнақтай орындаған өңірге «москвич» автокөлігін сыйлайтынын жеткізді. Осыдан кейін құрылыс қыза түсті. Қазан айында алғашқы 25 қызметтік үй дайын болды. Осы тұста тағы бір айта кетер жайт, Ташкент университеті жаппай өзбекшеге көшіп, орыс тілінде дәріс беретін кадр­ларды қысқартып жіберді. Олардың басым бөлігі біздің қарагөз қазақтар еді. Осыны пайдаланып ташкенттік профессорларды жұмысқа шақырдым, ынталандыру мақсатында 2 қабатты зәулім үй мен 10 сотық жер берілетінін айттым. Қажет болса әр үйге бір-бірден сиыр алып беретінімізді хабарладық. Осылайша, Түркістан университетіне мықты профессорлар легі келе бастады. Араға бір жыл салып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев университетке арнайы келіп, ұжыммен кездесу өткізді. Ол кісі жиылған шәкірттерге қарап тұрып: «Сендер уақыт­ша қиындыққа мойымаңдар. Бар­лығы сендер үшін. Түркістан біздің рухани астанамыз. Болашақта Түркістан ең бір шұрайлы қалаға айналады» деп сөз сөйледі. Кейіннен ойлап қарасам, Түр­кістанды түлету идеясы Елбасын сол кезден-ақ толғандырған арман екенін сезінгендей болам. Нұрсұлтан Әбішұлын Алматыға шығарып салар сәтте облыстың бірінші хатшысының көзінше өтініш айттым. «Нұрсұлтан Әбішұлы, қиындықты бірте-бірте еңсеріп келеміз. Түркістанда төрт, Кентауда екі факультетіміз бар. Америкадан арнайы алты профессор­ды шақырдым. Олар студенттерді ағыл­шын тіліне баулып жүр. Олардан Калифорния институтының схемасын алдым. Байқасам, олардың корпустары ірі-ірі алты қалада орналасқан екен. Ендігі өтініш, Шымкенттегі педагогикалық институтты біздің құрамымызға қосып берсеңіз. Бұл өз кезегінде оқу-әдістемелік жұмыстардың жақсы өрбуіне серпін береді» дедім. Президент ойымды құптап, Шымкенттегі педагогикалық институт бізге қосылды.

Түркістанға кезекті сапармен келген Нұрсұлтан Назарбаев тағы бірде менен университетке қандай көмек керек деп сұрады. Мен 300 гектар жер қажет екенін жеткіздім. Сөзімізді естіп тұрған Терещенко (ол кезде Премьер-министр қызметіне тағайындалған) аң-таң қалып, «Мұрат-ау, 300 гектар жерді не қылмақсыңдар, КазГу 80 гектар жерін әлі игере алмай жатыр емес пе?» деп сұраулы жүзбен сүзіп өтті. Мен болсам: «КазГу – Алматыда, біздің университет – Түркістанда. Бұл өлкенің ауа райын білесіздер, шаңды жел ұйытқығанда алдыңыздағы он метр жер көрінбей қалады. Осыны ескеріп, университет айналасын жасыл желекпен көмкерсек, ғимараттарын орта тұсына салып үлкен кампусқа, қалашыққа айналдырсақ» деп тілегімді алға тарттым. Бұл ойымды құптай кеткен Нұрсұлтан Әбішұлы, «Сергей, университет 20-30 жылдық дүние емес, заман тұрса 200-300 жыл ұрпаққа мұра болатын қастерлі орын. Мына жатқан байтақ атыраптан 300 гектарды қимай тұрсың ба?» деп қолымен кең даланы меңзеді. Артынша: «Жұмыс істеймін деп тұрған адамға мүмкіндік жаса» деп сөзін түйіндеді. Терещенко үнсіз бас изеді. Бүгінде он мыңдаған шәкірттерге сая болған университеттің алып аумағы осылай беріліп еді. Айта берсек, мұндай тарихи оқиғалар өте көп.

– Бұл оқу ордасының Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып ауқы­мын кеңейткен кезі ғой. Осы өзгеріс тура­лы айтып өтсеңіз?

– Түркістан университеті ашылған­нан кейін араға жарты жыл салып Кеңес өкіметі ыдырады. Экономикадағы тұ­рақ­сыздық қай салаға болса да сал­қынын тигізбей қоймады. Бұл қиын­дықтар бізді де айналып өткен жоқ. Қызметкерлерімізге айлық төлейтін ақша қалмады. Алматыға барып, Американың елшісі Билл Кортниды Түркістанға шақырдым. Тарихи өлкені таныстырып отырып, «Кіндік Азия қазір босады. Америка араб әлеміне өз мәдениетін насихаттау үшін Александриядан университет салды. Сіздерде осындай жос­пар бар ма?» деп сұрадым. Ол болса мұндай ойлары барын, тек әлгі университетті Ташкентте не Алматыда саларларын білмей, таңдау жасай алмай жүргендерін жеткізді. Осы сөзді күтіп тұрғандай мен: «Сіздер таңдап отырған екі шешім де дұрыс емес. Алматы мен Ташкентте 20-30 шақты университет бар. Олардың арасынан алға озу оңай болмайды. Ташкент Алматыны, Алматы Ташкентті мойындамайды. Өйткені олар өзара бәсекедегі қалалар. Ал Түркістан бәріне ортақ рухани астана. Ойымды құп алсаңыздар, Түркістандағы біздің университетті Қазақ-Америка университеті жасайық» деген пікірімді білдірдім. Бір айдан кейін сол тұстағы АҚШ президенті үлкен Буштың ТМД елдері бойынша кеңесшісі Вильямс Мәскеуге келді дегенді естіп Кортнимен бірге кездесу өткіздік. Жылы қабылдағанымен, АҚШ президентінің кеңесшісі біздің ұсынысымызды құптай қойған жоқ. Қалай да университетті қиын кезеңнен аман алып шығу керек болды. Бар үмітіміз түбі бір тү­рік ағайындарда еді. Қазақстанның Түркия Республикасындағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Қанат Саудабаевқа мәселенің мән-жайын түсіндірдім. Қанат Бекмырзаұлы бұл іске қол ұшын созатынын, Премьер-министрмен жолықтыратынын жеткізді. Түркия тарапы бізге қолдау білдіріп, құшақ ашты. Премьер-министр Сүлеймен Демирель қатарлы азаматтар «Түркістан – біздің атажұртымыз» деген ақ тілегін жеткізді. Кейіннен Түркия Үкіметінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Түркістанға келді. Тарихи өлкеге тәу етіп, Қазақ-Түрік университеті екі елге ғана емес, тұтас түркі жұртына ортақ білім шаңырағы екенін мақтанышпен айтты. Тұрғыт Озал секілді тұғырлы тұлғалардың да табаны Түркістанға тиіп университет мемлекеттер достасты­ғының темірқазығына айналып келеді. Қорыта айтқанда, бүгінгі түрленген Түркістан осы жоғары оқу орнының салтанат құруымен басталып еді. Менің маңдайыма аталған университеттің іргетасын қалап, бауырлас Түркия 100 млн доллар жұмсап салып берген университет қалашығын, оның ішін­де кампустарды қоршап тұрған тамаша ботаникалық бақшаны, профессорлар үшін салынған коттедждер, шағын ауданын он жыл ішінде іске қосу бұйырыпты. Сол кезеңде университетте 20 мыңға жуық студент (5 қалада), 80 профессор болды. Ең бастысы, біздің студенттеріміз оқуда, өнерде, спортта алдына жан салмай бірінші орындарда жүрді. Оларға менің шын жүрегімнен айтар алғысым шексіз. Сонау бедерлі жылдар белесінде атқарылған шаруалар сан-алуан. Сарапшылардың болжамы бойынша дүниеде 240 млн-нан астам түркі бар. Олардың басын қосу үшін әрбір мемлекетке – қазақ-түрік университетіне емтихансыз, тегін келіп оқуына квота бердік. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркиядан студенттер келді. Ондағы мақсатымыз – Елбасымыздың ұсынысымен түркі жастарының басын қосу болды. Түгел түркі баласын біріктіруді мақсат тұтқан Мұстафа Кемал Ататүрк, Мұстафа Шоқай секілді заңғарлардың арманын жал­ғаған қара шаңырақтың болашағы жар­қын болғай!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»