Өнер • 10 Маусым, 2021

Уақыт үнін таразылаған туындылар

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 50-жылдары ел тарихындағы ерекше уақыт. Бұл адамзат баласына алапат қасірет шектірген сұм соғыс аяқталып, ет жақынынан айырылған жұрт күйзелістен, уайым-қайғыдан енді-енді ес жия бастаған кезең болатын. Суретшілер қаламындағы тұрмыс шаттығын, табиғат көркемдігін, адам сұлулығын жырлаған түрлі туындылар өмірді қайта тірілткендей еді.

Уақыт үнін таразылаған туындылар

Уақыт үнін әділ таразылаған мұндай картиналар көрерменді дәл сол кезеңге, тап сол мекен­ге иіріп әкеткендей әсерге қал­­дыратыны бар. Солардың ішінд­егі ең іргелі туындылар Ә.Қастеев атындағы өнер мұ­ражайының қорында сақ­таулы тұр. Күні кеше өнер ордасының заманауи шетел өнері қорынан жинақталған Ресей шеберлерінің қолтаң­басынан сыр шертетін көрме есік ашты.

Владимир Рутштейннің 1957 жылы жазған «Жеңістен соң» деп аталатын жұмысы өзінің атауымен де, эмоцио­налдық мазмұнымен де бүкіл көрменің өзегін ұстап тұр. Суретте – көркем де жігерлі жас жігіттер футбол матчын­да жеңіске жеткен зауыт ко­мандасының өкілдері еке­­ні байқалады. Олардың жүз­деріне шуақ ұялатқан жеңіс қуа­­нышы, жеңіс шаттығы. Шә­кірттер жігеріне риза болған жаттықтырушының тұлғасы да есте қаларлықтай. Анна Кос­тинаның «Мектеп бітіру кеші» деп аталатын жа­­рық пен бақыт сезіміне толы серпінді жұмысы да құ­ры­лы­мы жағынан алдыңғы ком­по­зицияға жақын.

Көрмеде Қазақстан тақы­рыбы айрықша үн қатады. Бү­кіл елдің басын қосқан тың игеру тарихи оқиғаға ай­нал­ғаны мәлім. 1954 жылы көк­темде он мыңдаған адам дала төсін тілгілеп жаңа жер­лерді бағындыруға ат­танды. Бұл оқи­ғадан сурет­шілер де шет қалған жоқ. Көр­медегі ли­рикалық екпінге толы Ва­лен­тин Богдановтың «Дос­тардан хат», Ирина Вит­манның «Жа­ңа жерде», Ростислав Сле­товтың «Тың­ға» жұмыстары жас тың игеру­шілердің «ша­тырдағы» өмірін көрсетеді. Көрмедегі Павел Кориннің Мәс­­кеу метросындағы бекет­тің сәндік жабдықтарына арналған эскиздері алматылық көрерменнің назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Әсіресе Новослаботская метросы ви­траж­дарының эскиздері ерек­ше қызықты. Олардың негі­зінде ескілікті маталардың өр­­нектерімен өрілген өсімдік­тек­тес гүлді нақыштардан құ­ралған күрделі композиция­лар да көрме қабырғасынан орын алған.

Көрмеде әйелдер бей­несі басым. Сергей Гераси­мов пен Леонид Кабачектің, Сте­пан Дудник пен Алек­сандр Пушниннің кескіндеме­ле­ріндегі ауылдың еңбеккер әйел­­дері әсерлі бейнеленген. Көшпелі көрмеге келген жұ­мыс­шы қыздар Константин Дорохов картинасының негізгі кейіп­керлеріне айналған. Саябақта серуен құрған құрбы қыздар Алексей Ткачевтың шабытына дем берсе, жол жиегінде не­ме­р­есін жетектеген әжейлер Глеб Са­виновтың қылқаламына ілік­кен.

Көрме жетекшісі Галина Сырлыбаеваның айтуынша, 1960-жылдары Мәскеудің Көр­кемсурет көрмелері дирек­циясы музейге бірқатар туын­дысын сыйға тартқан. Ал кей­бір туынды авторлардың өзінен тікелей сатып алынса керек. Айталық, Виктор Ореш­никовтің «Суретші А.Ф.Кос­тинаның портреті». Петр Кончаловскийдің «Бала­лайка ұстаған бала» және «Су­құйғыштағы жұпаргүл», Аристарх Лентуловтың «Қы­рыққабат бейнеленген натюрморт», Александр Осмеркиннің «Ереван натюрморты» атты жұ­мыстары кеңес өнеріндегі ірі суретшілердің тікелей мұра­герлерінен алынған.

 

АЛМАТЫ