Қоғам • 10 Маусым, 2021

Алексей Цой алдаған ба? Вакцина салдырғандар көрсеткіші мен министрліктің мәліметі сәйкеспейді

3868 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде күн сайын 68 мыңға жуық адам вакцина салдырады. Оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 88%-ы, педагогтердің 68%-ы, студенттердің 14%-ы және созылмалы аурулары бар адамдардың 1,5%-ы ғана екпе салдырған. Алайда бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі көрсеткіштермен сәйкеспейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алексей Цой алдаған ба? Вакцина салдырғандар көрсеткіші мен министрліктің мәліметі сәйкеспейді

Ералы Тоғжанов елдегі эпидемиялық ахуал тек кешенді шаралардың, әсіресе, халықты вакциналаудың арқасында тұрақталатынын атап өтті.

«Өңірлер вакциналармен толық қамтамасыз етілген. Республика бойынша тәулігіне шамамен 68 мың адам вакциналанады. Осы орайда бірінші компонент бойынша – 44 мың адам екпе салдырады. Дегенмен, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстарының, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері бұл жұмысты жеделдетіп күшейтуі керек», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің деректері тек соңғы үш күнде вице-премьер ұсынған сандарға жақын. Вакциналанғандардың апта ішіндегі күнделікті тәуліктік өсімі мынаны құрады:

10 маусымға: бірінші компонент – 44 691, екінші компонент – 23 856;

9 маусым: бірінші компонент – 40 589, екінші компонент – 27 350;

8 маусым: бірінші компонент – 38 122, екінші компонент – 25 577;

7 маусым: бірінші компонент – 17 758, Екінші – 7 960;

6 маусым: бірінші компонент – 21 044, екінші компонент – 13 473;

5 маусым: бірінші компонент – 27 585, екінші компонент – 23 800;

4 маусым: бірінші компонент – 22 443, екінші компонент – 24 259.

Егер елімізде бір тәулікте 68 мың адам екпе салдырса, онда бір ай ішінде олардың саны 2 млн-нан астам болар еді. Бүгінгі таңда Қазақстанда барлығы 2 371 178 адам бірінші компонентті, екіншісін – 1 264 247 адам ғана ектірген.

Бұдан өзге, СҚ-Фармация басшысы Қазақстан «Спутник V»-нің 10,2 млн дозасын сатып алғанын мәлімдеді. Бірақ халықтың вакцинаға сұранысы төмен екенін алға тартып отыр.

Еске сала кетейік, Премьер-Министр Асқар Мамин әкімдіктер мен денсаулық сақтау министрлігіне жазғы кезеңде, әсіресе, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтанда вакциналау қарқынын барынша арттыруды тапсырды.