Экономика • 28 Маусым, 2021

Шөп бағасы шарықтап барады

1410 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы жаз мезгілі жылдағыдан өзгеше болып тұр. Көктемнің көкөзек шағында сәт сайын жауып беретін жұпар жаңбыр да биыл көп жаумады. Есесіне аптап ыстық, құрғақ жел қара жердің апшысын қуырып, тынысын тарылтып жібергендей. Егін егуге, мал шаруашылығымен айналысуға бірден-бір қолайлы өңір саналатын Жамбыл облысында биыл шабындықтың да мәнісі жоқ.

Шөп бағасы  шарықтап барады

Қазіргі кезде азық-түлік ба­ға­сы қымбаттап, қоғамда қы­зу талқыға түсіп жатқан кезде оған мал азығының қымбаттығы қосылды. Ен далада өсіп тұрған шөптің өзі бұл күнде тапшы. Орақ батпайтын қалың шабын­дық жоқ қазір. Селеу секілді сел­дір шөптің өзі жоқтан жоғары болып тұр. Содан келіп шөп қымбат, мал арзан болып жатыр. Ал қорасындағы төрт түлік малын санап күнелтіп отырған қарапайым тұрғындар да осы мәселеге алаңдаулы. Сонымен қатар бір қойын екі қылу үшін бейнет кешіп жүрген шаруаларға да бұл оңай тиіп отырған жоқ.
Шөптің тапшылығы аймақ­тағы барлық аудандарда сезі­леді. Бұл күнде бір түк шөптің құны орта есеппен 1 мың тең­ге­ге дейін жеткен. Ал енді жо­ңышқаның бағасы аспандап тұрғанын айтпай-ақ білуге болады. Қазір қай ауылға барсаңыз да, жергілікті тұрғындардың уайы­мы осы мал азығы. Әңгіменің ауаны да қай жерде шөп бар, оның құны қанша екен деген төңіректе өрбиді. Бұл тұрғыда жергілікті шаруалар да базы­насын білдіруде. Жамбыл ауданындағы «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы Мың­жасар Байбековтің айтуынша, бұл жағдай шаруаларға да қиын болып тұр. «Мал азығының қымбаттағаны қазір екінің бірінің аузында жүр. Қайда барсаң да, осы әңгіме. Өзімнің иелігімде 4 гектар жер бар. Әдеттегідей сол жерге биыл да жоңышқа егіп, бірінші орымды жинап, оны түгелдей саудалап жібердім. Егістік басынан 1200 теңгеден алып кетті. Енді келесі орымды өзіме жинап, қалғанын сатамын. Биыл өткен жылмен салыстырғанда, мал азығында екі есеге қымбатшылық болып отыр. Соңғы екі аптадағы мал базарында мал бағасы тіпті төмендеп кетті. Елдің көбі сатуға әкелген малын сата алмай, сол күйі жетектеп қайтып жатыр. Неге? Себебі, көбі малға шөп тауып бере алмаймын ба деп қорқады. Елдің бәрі малын сатып жатқанда, малдың арзандауы да заңдылық қой. Сонымен қатар биыл жауын жаумады десек те болады. Көктемнің ал­ғашқы жа­уы­нын асыға күткен ша­руалардың еккен жоңышқасы аптап ыстықта күйіп кетті. Ел абдырап тұр қазір. Қараша халық жол бойындағы қамысқа дейін, арықтардағы шөптерге дейін жинап алып жатыр», дейді ол. Айтса айтқандай, бұл тосын құбылыс халықты абдыратып тұрғаны рас. Қымбат болған күннің өзінде шөп табу да қиын екен.
«Биыл шөп бағасының қым­баттауы ауа райына байланысты болып тұр. Күн жылы болғаны­мен, түн салқын болды. Содан егіннің де, шөптің де шығымы нашар шықты. Соның себебінен шөп қымбаттап кетті. Көбіне шөп Меркі жақтан шығады. Бірақ ол жақта да жағдай біздегідей болып отыр. Бұл біздің шаруашылыққа да қатты әсер етуде. Мал азығын дайындай алмай келеміз», дейді Т.Рысқұлов ауданындағы «Баянкомпания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Серік Тоғаев. Талас ауданында да жағдай күрделі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде мал азығына сұраныс көп. Мәселен, бүгінде бір түк шөп мұнда 1000-1100 теңге аралығында сатылуда екен. Ал жоңышқаның бір түгі 1200-1300 теңгеден саудалануда. Дегенмен, аудандағы шабындық жерлердің алды орыла бастапты. Алайда Ақкөл ауылдық округіндегі 1500 гектар шабындыққа екі жылдан бері су жайылмаған. Тек қана 200 гектар жерге су жайылған. Бұл да жоңышқаның өсімін төмендететін көрсеткіш. Жалпы, шөп мәселесі аталған аудандарда ғана емес, облыс бойынша маңызды болып отыр. Бүгінде Байзақ және Жуалы аудандарында жоңышқа жаңа орылған күйі 1100 теңгеден сатылуда екен. Сонымен қатар Қызылорда және Түркістан өңірінен де кәсіпкерлер келіп, облыстың бірқатар ауданында жоңышқа сатуда.
Байламын таба алмаған баға әр жерде әртүрлі болып тұр. Бірақ арзан шөп табу мүм­кін емес. Бұл орайда, облыс­тық ауыл шаруашылығы басқарма­сының басшысы Қайрат Ама­нов ағымдағы жылы көктем айла­рындағы ауа райының қолай­сыздығына байланысты шабын­дықтардағы мал азығына да­йын­далатын өнімнің төмендеуі байқалғанын айтты. Басқарма басшысының айтуынша, мал қыстауын қалыпты өткізу үшін 1 млн 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем және 645 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет екен. Ал аудан әкімдіктерінің ақпараты бойынша егістік алқаптар мен таби­ғи шабындықтардың өнім­ділігі есебінен 974 мың тонна пішен дайындалады деп жоспарланған. Бұл қажеттілікті 57 пайызға қамтиды екен. Сол сияқты, пішендеме және сабан толық әрі артығымен қамтамасыз етілсе, сүрлем 87 пайызға, ал құ­нарлы мал азығы 47 пайызға қамтылады деген болжам бар. «Бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұ­мыс­тарын жүргізуді ұсына­мыз. Зерделеу нәтижесі көрсеткендей, облыстағы ұйымдасқан шаруа­шы­лықтардың мал азығын дайындауға қажетті егіс алқап­тары мен шабындық жерлері және техникалары бар. Ал мал азығының жетіспеушілігі қажетті жем-шөп қорын дайындауға мүмкіндіктерінің болмауынан жеке қосалқы шаруашылықтарда орын алуы мүмкін», дейді Қайрат Аманов.
Қазіргі күрделі ахуал кім-кімді де ойландырарлықтай. Бұл ретте өңірде мал қыстату науқанында ауа райының ерек­шелігіне байланысты шөпті аса қажет етпейтін аудандардың мүм­кіншілігін басқа аудандарға пайдалану керектігі туралы да бастама көтерілген. Бірақ бұл қалай жалғасады, нәтижесі қан­дай болмақ, ол жағы белгісіз. Сонымен қатар сүрлем дайындау мен мал басын азайтып алмау секілді өзекті жайттар да күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болып тұр. Ал мал азығының қым­баттығы тұрғындарды ойландырып қана қоймай, тығы­рыққа да тығып келеді.

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024