Оқиға • 30 Маусым, 2021

Президенттің көмекшісі Жамбыл өңірінің кәсіпкерлерімен кездесті

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Жамбыл облысына арнайы келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президенттің көмекшісі Жамбыл өңірінің кәсіпкерлерімен кездесті

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өткен жылы пандемия кезеңінде және ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында өңірлік палатаның атқарған жұмысын баяндады. Жалпы, өңірде барлығы 70 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі, 715 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Өнеркәсіп саласында 20 мыңға жуық адам еңбек етеді және олар 700 миллиард теңгенің өнімін өндіріп отыр. Сондай-ақ палата басшысы өзге де атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысы тапсырған тапсырмалардың өңірде орындалуын зерделеу, оны кәсіпкерлермен талқылау  мақсатында келгенін айтты. Өңірлік Кеңес мүшесі Ерболат Саурықов Қанат Бозымбаевтан Тараз қаласының маңындағы қоқыс тастайтын орынның шағын болуына байланысты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ ол елімізде тұқым шаруашылығы тұралап тұрғанын, осы салаға көңіл бөлетін уақыт келгенін де айтты.

Іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысын аяқтауға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің коммуналдық төлемдерін жеңілдету сынды өтініш-тілегін жеткізді. Бұл орайда, Қанат Бозымбаев барлық мәселелер бойынша талқылау жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданатындығын айтып өтті. Ал, «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Арман Еділбаев жекешелендірілген нысандарды мерзімінен бұрын сатып алу мәселесін көтерді. Бұл ретте Қанат Бозымбаев аталған мәселе бойынша еліміздің нормативтік-құқықтық акті шеңберінде шешу мүмкіндігіне қаралатынын айтып жауап берді.

Өңірлік Кеңестің мүшесі, «Sab group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Ақылбеков жанар-жағар май, жем және қант бағасының өсуі мәселесіне көңіл бөлуді сұрады. Ал, Бердібек Сапарбаев өңірдегі азық қоры ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтейтінін, қант бойынша қант қызылшасын егу жыл сайын артып келетінін, кішігірім мәселе судың жетіспеушілігінен туындап отырғанын, жоғарыда көрсетілген мәселелер облыс деңгейінде шешілетінін айтты.

Сондай-ақ өңірлік Кеңестің мүшесі, «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Фарида Жүнісова екінші деңгейлі банктердің ауылдық елді мекендердің жылжымайтын мүліктерін қабылдамауы немесе кредиттік саясатына сәйкес төмен баға беруі туралы мәселені көтерді.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлер көтеріп отырған мәселелердің орынды екенін, алайда оның басым көпшілігін облыс шеңберінде шешуге болатынын айтып, бұл бағытта өңірде де шаралар қабылданатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024