Руханият • 30 Маусым, 2021

Қылқалам шеберлерінің қызықтары

844 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өнер жалпы кез келген адамның бөлшегі, тұтас табиғаттың негізгі тірегі десек қате айтпаған болар едік. Біз кейде өзімізді қоршаған айналамызды классикаларсыз еш елестете алмайтынымыз қызық. Оның өзіндік себептері де бар.

Қылқалам шеберлерінің қызықтары

Адам баласы арғы болмысында ақын, суретші, мүсінші болуы әбден кәдік. Мәселе, сол табиғат берген талантты адам оята білуі, сезіне білуі шарт. Әрине, түгел адамзат ақын я қылқалам шебері болып кетуі шарт емес. Десек те өнер туралы әңгіме бола қалғанда елеңдей қалатынымыз рас.

«Қарындаш» деп тілі шығыпты

Әлемді өзінің құдіретті қылқаламымен таң қалдырудан талмай келе жатқан Пикассо тәй-тәй баспай тұрып сурет салған деседі. Сондай-ақ оның ең алғаш «а» деп аузын ашқандағы сөзінің өзі испанша «Қарындаш» деген сөз болыпты. Әрине, өнер кез келген адамға қан арқылы берілетіні белгілі. Білуімізше Паблоның әкесі де әуесқой суретші болған сыңайлы. Естеліктерді оқып отырғанда Пикассоның әкесі жас Паблоның 13 жасында салған суреттерін көріп кейін қолына қылқалам алмаған деседі.

Гиннестің рекортар кітабы келтірген деректерге сенсек, Пикассо өнімді еңбек еткен суретші деуімізге болады. Ол өзінің 78 жас шығармашылық ғұмырында соңына 13,5 мың картина, 100 000-дай гравюра, 34 000 иллюстрация, 300-дей керамикалық, скульптуралық жұмыс қалдырыпты.

Пикассо бірде: «Жақсы суретшілер көшіреді, ұлы суретшілер ұрлайды» депті. Бұл фраза суретшінің әйгілі тұжырымына айналыпты. Қызық, жалпы...

 

Мона Лизасыз Лувр

Қылқалам шеберлері туралы айтқанда Леонардо да Винчидің есімін айналып өту мүмкін емес. Оның вегетариан екенін айтпаған күннің өзінде, ұлы суретшінің бір басына жетерлік қызықты деректері көп. Айталық ол – жан-жануардың құқығын өмір бойы қорғап өткен суретші. Ол ылғи базардан құстарды сатып алып бостандыққа ұшырып жіберіп отырады екен.

Ең таңғаларлығы, ол – лира деген аспапта шебер ойнаған өте талантты музыкант болған. Леонардоның ісі Милан сотында қаралған кезде, әйгілі қылқалам шебері құжаттарда суретші немесе өнертапқыш ретінде емес, музыкант ретінде көрсетілген.

1911 жылы Луврдан Мона Лиза ұрланған кезде, шедеврдің өзіне қарағанда қабырғадағы кескіндеме қалдырған бос кеңістік келушілерді көбірек тарта бастапты. Кейде адамдарды түсіну қиын. Бірақ енді Луврға барып тұрып Мона Лизаны көре алмай кету кім-кімге де болсын өкініш тудырмай қоймайтын болар.

 Амстердам университетінің ғалымдары мен Америка Құрама Штаттарының мамандары жаңа компьютерлік бағдарламаның көме­гімен Мона Лизаның жұмбақ күлкісін зерттеп, оның құрамын төмендегідей топшылапты. Олардың деректері бойынша Джо­конданың құпия келбетінде бақыттың 83%, немқұрайдылықтың 9%, қорқыныштың 6% және ашудың 2% пайызы бар.

 

Мунк пен Достоевский

Әйгілі Мункқа Ниц­ше мен Киркегордың фи­ло­софиялық көзқарас­тары, сонымен қатар Пши­бышевскийдің, Гамсунның символистік шығармалары, Ибсен, Стриндберг, Ме­терлинктердің драмалары үлкен әсер еткен. Бірақ бұлардың бәрінен бұрын атақты суретшіге ең күшті әсер еткен жазушы Достоевский сияқты.

«Қылмыс пен жаза» Мунктың алғаш оқыған романдарының бірі деген дерек бар. Ол өзінің 1884 жылы досына жазған хатында: «Раскольниковтегі кейбір дүниелер – мен оқыған ең ғажап құбы­лыстар. Аталған туындының біраз тарауы тіпті өз алдына жеке көркем шығарма деуге болады. Өнерде ешқандай жазушы Достоевский сияқты жанның мистикалық қалтарыстары мен түпсанаға соншалықты терең ене қойған жоқ. Мен Достоевскийден табиғаттың сұмдық қорқынышты шексіз айқайын сезіндім», дейді Э.Мунк.

Осы хатқа сүйенген Эдвард шығармашылығының көптеген зерт­теушісі «Қылмыс пен жаза» романы атақты «Айғай» шығармасына шабыт қайнары болды деп санайды.

Жалпы Мунк Достоевскийді өле-өлгенше қолынан тастамаған деседі.

Ақынды мойындамаған Айвазовский

Ал енді атақты Ай­вазовскийге келсек, ол мүлде кітап оқығанды ұнатпапты. Ол тіпті Пуш­кинмен дос болған, алайда суретшіні ақын шы­ғармашылығы ешқашан қызықтырмаған. Ой, Алла-ай!

Айвазовскийдің атын кейде теңізден бөліп айтудың өзі ұят сияқты болып көрінеді ғой. Бірақ таңғаларлығы, суретші өзінің барлық танымал сол теңіз көріністерін «табиғатта» емес, өзінің студиясында салған. Яғни Айвазовский қыл­қаламындағы толқындардың барлығы оның қиялындағы теңіз мінезі.

Луврда суреттері қойылған алғашқы орыс суретшісі болған Айвазовский екен.

Жалпы Айвазовскийдің айтарлықтай табыс түсірген көрмелері көп болған. Өткізген көрме саны бойынша, жалпы саны 120 көрме, ол әлемдегі рекордшы десе болады.

Әйгілі сурет шебері өзінің еңбек пен табысқа толы өмірін еске алған соңғы сәтінде «Бақыт маған жымия қарады» деген екен...