Әдебиет • 11 Шілде, 2021

Алексиевич айтқан сөз немесе интеллект пен инстинкт соғысы

192 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ жазушылары Нобель сыйлығын қашан алады деген сауал осы күні жауыр болуға айналды... Әгәрәки бұл турасында әңгіме айтыла қалған күннің өзінде самарқау ғана Әмірхан Балқыбектің «Шамарханға хатын» оқыған боларсыңнан әрі аспаймыз. Я болмаса осы күні сыйлықта сән қалды ма, мән қалды ма деп сауалдың соңын саясиландырып, енжар есінеп, тіпті бір басқа дүниелерді әңгімелеп кетуіміз ғажап емес. Әрине, бұл сауалдың жауабы бүгін-ертең табыла қоюы екіталай. Жалпы, айтпағымыз басқа. Осы тақырып ойымызға неге түскендігін айту үшін де қазақ қаламгерлерін қажап кетіп отырған жоқпыз ба?

Алексиевич айтқан сөз немесе интеллект пен инстинкт соғысы

Нобель сыйлығы 2015 жылы тұңғыш рет журналистке бе­рілгенін білеміз. Белорусь қа­ламгері Светлана Алексиевич аталған сыйлыққа лайық деп табылған хабар шығысымен гу-гу әңгіме де қарша борағаны есімізде болуы керек. Алдымен орыс сыншылары, әдебиетшілері, саясаткерлері аталған бәйгенің бұрмаланып берілгенін айтып даурыға сөйлеп кетті. Уәж­де­рі әр алуан. Біріншіден, на­ғыз әдебиетке берілуі керек сый­лықтың журналистика қанжыға­сын­да кетуі көпшіліктің ызасын келтірді десе, екіншіден Алек­сиевичтің үздік шығармасы («Со­ғыстың сұрқы әйелге жат») бас­тан-аяқ Кеңес Одағының озбыр саясатын әлем алдында әш­кереледі деп қитығады.

Жә, кім не десе о десін, біз­ді елең еткізген мына бір жайт еді. Атақты Алексиевич атал­ған сыйлықты алып тұрып: «Ста­лин­дік репрессияның, Екінші дүниежүзілік соғыстың зардап­та­рын идея тартқан жоқ, мил­лион­даған жазықсыз жандар тарт­ты. Магаданда, Воркутада іріп-шіріген, қарақұстарына кеңес­тік НКВД-ның жендеттері атқан оқ тиіп өлген бейкүнә тағ­дыр­лардың жанайқайлары дәл қазір менімен бірге осы мінберде тұр. Кеңес империясының қан­құйлы озбырлығын орыстар да, белорустар да, қазақтар да әлі күнге дейін тартып келеді», деді. Бағанадан айтқымыз келіп отырған сөз осы, бүкіл әлем көз ті­гіп отырған мінберден қазақ деген сөздің айтылуы, жай ғана айтылып қоймай ол шеккен қай­ғы-қасірет, мұң мен нала, қия­нат пен қастандық, бәрі-бәрі біз­ді толқытпай қоймауы. Бірақ айтпағымыз бұл да емес.

Айтпағымыз, Алексиевич жазған шығармада еді. Қаламгер өзі жүлделі шығарманың жанрын «сезімдер тарихы» деп атап­ты. Шынымен де бүкпесіз шын­дықпен баяндалған жантүр­ші­герлік түрлі оқиға оқырманды тебірентпей қоймайды. «Соғыс біздің санамызда мәңгі жүріп жатыр», дейді автор.

Соғыс аяқталған бетте Тео­дор Адорно «Освенцимнен кейін өлең жазу дегеніңіз – барып тұр­ған тағылық» деген екен. Ра­сымен де адамзат жаралғалы бері сана иесі делінетін біздердің соғыс тақырыбында сойылымыз ешқашан қолымыздан түспегені ащы да болса шындық. Әрине, соғыс – сананың жемісі. Яғни адам интеллектісі жоғарылаған сайын ол соғысқа дайындала бас­тайды. Сәйкесінше, инстинкт те соғысқа әр кез дайын сезім. Бізді бұл ойға Алексиевичтің мына бір кейіпкері айтқан сұмдық оқиға жетеледі.

Соғыста санинструктор бол­ған­ әйел кейіпкер қыстыгүні көп­пен бірге Ладога көлінің бетімен келе жатыпты. Қарсыластар бай­қап қалып, оқ жаудыра бас­тайды. Аттар да, адамдар да мұз­дың астына кетіп жатыр. Бұл оқи­ғаның бәрі түнде болған, әрі оған әлдебір жарақаттанған жауын­герді мықтап ұстап алып, жағаға қарай сүйретіп келе жатқандай кө­рініпті. «Әбден шылқылдаған, әрі жалаңаш, киімін жұлып кеткен бе деп ойладым – сүйретіп келемін, жағаға жеткенде аң­ғар­сам, жарақат алған дәп-дәу ақ­серке балықты сүйретіп келіп­пін», дейді.

Шынымен мына оқиғаны оқы­ғанда бойыңды ток ұрып өт­кендей болады. Әйел адамның инс­тинкті ұрпақ өрбіту, жалпы тіршілік атаулыны қорғау, сақтау екені белгілі. Әлгі әйел қап-қара түнде оқ пен оттың ортасында жүріп өзінің аналық миссиясын атқаруды ұмытпайды. Ол әлгі жаралы балықты сасқанынан я болмаса адам екен деп сүйре­ме­ген болуы да мүмкін. Ол бей­сана түрде тіршілік иесін қор­ғау­ды мақсат етуі ғажап емес. Не десек те соғыстың осындай сұм­дықтары қаламгер жанын қақыратып кеткені рас.

Майдан даласындағы инстинкт пен интеллектінің (ақылдың) қақтығысы Алексиевичтің тағы бір кейіпкерінің басынан былай өтеді. Бұл оқиға да оқырманның жан дүниесін тас-талқан еткеніне сенімдіміз.

Жазушы айтады: «Және бір кездескенімде атты әскер эскадроны санинструкторының айт­қанын тыңдадым. Ол шайқас ке­зінде шұңқырға оқ тиген не­міс­ті сүйретіп әкеліпті, бірақ мұны ұраға жеткенде ғана­ аң­ғарыпты – аяғы сынған, қаны бұр­қырап ағып жатыр. Бір­ақ­ бұл жау ғой! Не істеу керек? Жо­ға­ры жақта өз жігіттері қы­рылып жа­тыр. Бірақ ол әлгі немістің жарақа­тын таңады да, тағы ең­бектей жө­неледі. Есінен танған орыс сол­датын сүйреп әке­леді, ал ол есін жиған бетте не­місті өл­тіргісі ке­леді, ал анау да есін жиысымен авто­матына бас­ салып, орысты өлті­руге ұмтылады».

Міне, әйел затының майдан даласындағы жанқияр ерліктері осылай. Оларда ең алдымен инстинкт жұмыс істейді. Әйтпесе, әлгі кейіпкер жараланып жатқан немісті өздерінің ұрасына кім екенін танымастан сүйреп әкел­ген жоқ. Оны соншалықты үлкен қадамдарға оның ішкі түйсігі бас­тады. Ал енді керісінше жара­ланып жатқан неміс пен орыс­тың өздерін қорғап қалған құт­қарушыларының алдында бірін-бірі өлтіргісі келуі – ол енді барып тұрған қасірет. Міне, инстинкт пен интеллектінің (ақылдың) ара­сындағы майдан осы тұрғыдан біз­дің санамызда әр кез жүріп жатады.

Алексиевич өзінің бұл оқи­ғалар тізбесін еш әсіресіз, бүкпесіз баяндауын жоғарыда Теодор Адорноның сөзімен жалғап былай деп ақтап алады: «Менің ұстазым Алесь Адамович «ХХ ғасырдың сұр­қия сұмдықтары туралы проза жазу қорлаушылыққа жатады деп есептеймін» дейді. Бұл жерде ойдан шығарылған ештеңе де жоқ («Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасын айтып тұр). Ақи­қатты сол тұрпатымен, сол қал­пымен алға тарту керек. Ол үшін «әсіре әдебиет» қажет болмайды. Бұл жерде куәгерлердің сөйлегені ғана жөн. Ницшенің бірде-бір суреткер шынайылықты белімен көтере алмайды деген сөзін де еске алуға болады».

Қайткен күнде де Алексиевич бізге – жаңа әлем. Оның қаламы­нан тамған қанда ешкім көтеріп тұра алмас ауыр зіл бар. Оның қа­­ламындағы жанайқайды ба­су­­ға­ ешкімнің қауқары жете қоймайды.

Алексиевичті оқып отырып, біз шынымен де әлі күнге дейін кеңестік жүйе тәсілімен ой­лаудан арыла аламай келе жат­қа­нымызды еріксіз мойындайтындаймыз. Олай етпегенде ше? Қаламгер жазып отырғандай, біз әлі күнге дейін әскери ойлайды екенбіз. Біз үнемі соғыс туралы айтып, одан келетін үрейдің ішінде қамалып өмір сүреміз.

Біз қайда барсақ та соғыс адамдарын кездестіреміз. Біз қайда барсақ та алдымыздан соғыстың керек-жарақтары шығады. Бізді соғыс уақыты әлдилеп келеді.

Бұл, әрине, саналы адам үшін ауыр күйзеліс.

Қазіргі адамдардың енжар, шаршаңқы, ештеңеге көңілі тоғаймайтын күйреуіктігіне де осы соғыс фобиясы әсер етпей қоймайды. Бізді соғыспен байланыстырып жатқан детальдар шексіз. Ойлар, сөздер, адамдар, киімдер, заттар, уақыт...

Демек, біз бәріміз соғысқа қатысқан адамдармыз.

Алексиевич айтқан сөз – жал­пы­адамзаттық жанайқай деуге болады. Оның туындысына берілген баға жалпылай алғанда осыған саяды.

Бізге Алексиевич әлемін қа­зақша тәржімалап, алғаш таныс­тырған лауреаттың әріптесі, өмірін әдебиет пен журналистикаға тең арнаған қаламгер Марал Хасен болатын. М.Хасен аудармашы ретінде жалғыз С.Алексиевичті ғана емес, Нобель сыйлығын иелен­ген қаншама классиктің шы­ғармаларын қазақ тілінде сөй­летті. Саналы ғұмырын саф өнер­ге бағыштаған бұл есімді зерделі оқырман еш ұмытпауы керек. Жары Рымбала Смаилова да бұл тұрғыда әдебиетке үлкен қыз­мет етіп келе жатқан жанашыр ­жан. С.Алексиевичтің «Мырыш­қа ай­налған қыршындарын» тәр­жімалаған Р.Смаилованың ең­бегін де ерекше атап кеткіміз келеді.