Саясат • 14 Шілде, 2021

Өңірлердегі кездесулер

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Қайрат Қожамжаров Ақмола облысындағы әскери бөлімдерде болды, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.

Өңірлердегі кездесулер

Сенаторлар әскери бөлімдердің жеке құрамымен кездесіп, әскери қызметшілердің материалдық-техникалық жабдықталуымен және тыныс-тіршілігімен танысты. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед бөлімшелердің жоғары деңгейдегі жауынгерлік дайындығы мен заманауи техникалық құралдармен жабдықталғанын атап өтті.

Депутаттар сонымен қатар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңды іске асыру, оның ішінде әскери қызметшілерді әлеуметтік және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді талқылады.

Парламентшілер төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен адам­дарға медициналық және психологиялық көмек көрсету міндеттері жүк-т­ел­­ген ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметімен де танысты.

«Кәсіби медициналық авариялық-құтқару қызметін дамыту қажет. Қаза болғандар санын азайтуда ол аса маңызды», деді сенатор Қайрат Қожамжаров.

Сенаттың салалық комитеті төрағасының өңірлерге сапары Алматы қаласындағы машина жасау кәсіпорындарында жалғасты.

Мұхтар Құл-Мұхаммедке қару-жарақ пен әскери мақсаттағы тауарларды шығаруға бағытталған кәсіпорындардың өндірістік қуаты көрсетілді.

Әңгіме барысында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңды іске асыруға, атап айтқанда, баға белгілеуге, жергіліктілендіру деңгейін арттыруға, қорғаныстық тапсырыс аясында ұзақмерзімді шарттар жасасуға, сондай-ақ кәсіпорындардың борыш жүктемесін төмендету мен қаржы ресурстарының қолжетімділігіне байланысты мәселелер көтерілді.

«Саладағы проблемаларды жүйелі түрде шешу қажет. Бір жағынан, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек, екінші жағынан, әскери бөлімшелердің қажеттіліктерін қазіргі заманғы әрі шын мәнінде сұранысқа ие қару-жарақ пен әскери техникамен барынша қанағаттандыру қажет», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенаторлар Ольга Перепечина мен Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының фермерлерімен кездесу барысында сүтті мал шаруашылығын дамытудың келешегі туралы айтты.

Депутаттар сондай-ақ ауыл шаруашылығын одан әрі жаңғырту және цифрландырудың маңызын атап өтті. Депутаттар сүт-тауар фермасының жұмысындағы осы әдістердің нәтижелерімен танысты. 1600 бас ірі қараға есептелген бұл кешен саладағы ірі жобалардың бірі болып саналады.

Ауылды дамыту үшін заманауи технологияларды енгізумен қатар, кадр тапшылығы проблемасын шешу де маңызды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ауыл тұрғындарын еңбек күші тапшы өңірлерге көшіруге бағытталып отыр. Ольга Перепечина мен Ерік Сұлтанов Астраханка ауылында еліміздің оңтүстік өңірлерінен осы жаққа көшіп келген азаматтарға қандай жағдай жасалғанын білді.

«Бұл бағдарлама еліміздің солтүстік аймақтарынан халықтың кетуін азайтуға мүмкіндік береді және өңірдің адам ресурстары мен кадрлық әлеуеті жақсартатын болады. Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарына енгізілуі осы жұмыстың ерекше маңызын көрсетіп отыр», деді Ерік Сұлтанов.

Сенаторлар сондай-ақ Қызылжар ауданы Чапаев ауылындағы 720 бас симментал асыл тұқымды малға арналған сүт-тауарлы кешенінде болды. Кешен директоры депутаттарды агрокәсіпорын жұмысының құрылымымен және негізгі өндірістік-шаруашылық көрсеткіштерімен таныстырды.

«Қазіргі уақытта мемлекет шаруаларға қолдау көрсетуде. Өңірде сүтті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бағдарламалар табысты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялар есебінен саланы қаржыландыру ұлғаяды деп ойлаймын», деп атап өтті Ерік Сұлтанов.

Сенат депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Нұржан Нұрсипатов Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында Семей қаласында педагогикалық колледж оқытушыларымен кездесті.

Депутаттар мұғалімдердің сұрақтарына жауап беріп, оларға қашықтан оқытуды заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты жақында сенаторлар қабылдаған заңның ережелерін түсіндірді.

«Түзетулер «қашықтан оқыту» ұғымын нақтылайды және оны өткізу тәртібін белгілеген. Сондай-ақ оқулықтарды сапалы дайындаудың жекелеген ережелері енгізілді», деді сенатор Алтынбек Нұхұлы.

Сенатор Нұржан Нұрсипатов сессия барысында атқарылған жұмыстар туралы айта келіп, инклюзивті білім беру туралы қабылданған заңның жаңалықтарына жан-жақты тоқталды.

«Заңда инклюзивті және арнайы білім берудің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, сондай-ақ еліміздің заңнамасын Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция қағидаттарына сәйкес келтіру жөніндегі міндеттер шешілген», деді ол.

Сенаторлардың Павлодар облысы прокуратурасының басшылығымен кездесуі барысында Палатаның ағымдағы жылғы заң шығару қызметі туралы сөз болды. Қылмыстық процеске, құқық қорғау қызметіне және сайлауға байланысты заңнамаға енгізілген түзетулерге ерекше назар аударылды.