Қоғам • 06 Тамыз, 2021

Мәдениет: символ мен идея

1721 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сүлеймен патшаның жүзігінде: «Бәрі де өтпелі. Бұл да өтеді» деген жазу болған екен дейді. Сүлейменнің жүзігін кім та­ғып көріпті, бірақ әрбір адам осы бір ойды, сезімді өз өмірінде әйтеуір бір кеші­реді. Бұл – көңілдің күйі, адам өмірі­нің көңіл күйі ғой. Уақыттың көңіл күйі. Ұлан­ғайыр даланың қайсыбір шоқы­сында отырып «Ахау, арман, дүние – жал­ған» деп аһ ұрған қазақтың, «дүние – бір қисық жол бұраңдаған» деп шерлене ыңылдаған қазақтың қай перзенті де осы күйді кешкен, кешіп те келеді, кеше де бермек.

Мәдениет: символ мен идея

Освальд Шпенглер «Еуропаның күйре­уінде» осы дүниелік ойды тарихи заңдылық ретінде көрсетеді. Ол: «Барлық пайда болған нәрсе өтпелі (уақытша). Өтпелі – ха­лықтар, тілдер, нәсілдер, мәдениеттер ғана ғана емес. Бірнеше жүз жылдықтардан кейін Батыс Еуропа мәдениеті де болмайды, неміс, ағылшын, француздар да болмайды, Юстинианның заманында римдіктердің болмағаны секілді. Адамзаттың тұтас бір буыны жоқ болып кетпейді, тек сыртқы көріністердің бірлігімен сипатталатын ха­лық­тың бет-бейнесі жоғалды» дейді.

Шпенглердің бұл жерде жаһандануды да, халықтардың бір-біріне жұтылуын да, тайпалардың жойылып кетуін де, белгілі бір халықтардың өз тарихынан, болмысынан, өмір сүру салтынан, тілі мен дінінен бас тартуын да айтып отырмағаны анық. Мұнда тағы сол өтпелілік тудыратын негізгі және жанама әсерлер. Түрдің түрге өтуі. Көне маз­мұннан жаңа мазмұнның тууы. Ескі сипаттан жаңа сипаттың шығуы болуы мүмкін.

Біз ұлт ретінде өзіміздің генеологиялық және рухани шежіремізді скифтерден, сақ­тардан, ғұндардан, түркілерден және өзге де Ұлы далада өмір сүрген тайпалардан, тайпалық одақтастықтардан таратамыз ғой. Қазір қазақ бар, ол – біртұтас ұлт, бөлінбейді. Ал өзімізді тарататын басқа тайпалар жоқ, олар тарих кітабында және біздің қанымызда ғана өмір сүреді.

Шпенглер әрбір мәдениеттің жеке бір адам секілді сәбилік, балаңдық, жастық, кекселік және кәрілік кезеңдері болатынын алға тарта отырып, мәдениеттің тууы мен өлуі жайлы ой өрбітеді. «Мәдениет алғашқы қауымдық адам сәбилік ұйқысынан оянған сәтте туады және ұлы рух еркіндігін алады», ал «өз мүмкіндігінің барлық бірлігін іске асырып болған кезде мәдениет діни халықтар, тілдер, діни ілімдер, өнер, мемлекет және ғылым бейнесінде өліп, алғашқы бастауына қайта оралады», дейді. Яғни оның жер бетіндегі немесе дүние ішіндегі миссиясы аяқталады. Миссияның аяқталуы мәдениеттің де аяқталуын көрсетеді. Біз­дің жағдайымызда сақтар, ғұндар, түр­кі­лердің жоғалып кетуі олардың тарихи мис­­сияларының аяқталуын көрсетеді. Кез кел­ген пайда болған нәрсенің өтпелі болуы және мәдениеттің жоғалуы оның жойылып кетуін білдірмесе керек. Шпенглер «барлық өтпелі дегеніміз бар болғаны – символ», дейді. Яғни бұдан «нақты бір мәдениеттің бастапқы символы» деген ұғым тудырады. Міне, осы символ өлмейді дейді ол. Және осы «символ» Платон мен Гетеде «идея» ұғымында көрінетінін атап өтеді.

Біз өзімізді неге скифтерге телиміз? Олар­дың белгілі бір бөлігі қазіргі Қазақстан же­рінде өмір сүргені үшін бе, қазақ даласынан олардың қорымдары мен қалаларының ­орындары табылғаны үшін бе, әлде Геро­доттан бастап бүкіл антикалық авторлар олар жайлы айтқанда біздің далаға қарай бір қарап қойғаны үшін бе? Әлде сол бір бастапқы символ мен идеяның бізде де өмір сүретіндігінен бе? Біздің маңайымызда ­скифтер мен ғұндарды өзіне телігісі келмейтін халық кем де кем. Оны негіздеп те жатыр. Ал бізде әлі «Қазақ Скифиясы» деген ұғым да туған жоқ.

Жалпы, сол мәдениеттердің символы мен идеясын өзінде тұтушы халық ретінде біз «шпенгерлік мәдениеттің» қай кезеңінде өмір сүріп жатырмыз? Әрине, Шпенглер өзінің «сегіз мәдениетіне» біздің далалық мәдениетті қоспайды. Далалық өркениет деге­німіз көшпелі өркениет пе (номад), жар­тылай көшпелі, жартылай отырықшы өркениет пе? Неге біржақты пікір жоқ? Неге нақты тұжырымдама жоқ? Неге біздің мәдениет немесе өркениетімізде нақты фор­ма, нақты анықтама жоқ? Қайда бара жат­қанымызды білу үшін әуелі қайдан шық­қанымызды анықтап алуымыз керек емес пе? Біз «көшпелі» деген ұғымға ат жалына жабысқандай бекіп алдық, ал дүние көш­пенділер деп ежелгі Британ және Герман тай­паларын (варвар) да атайды.