Аймақтар • 11 Тамыз, 2021

Атыраудың ахуалы жақсарар емес

450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше,эпидемиялық ахуал жақсарар емес, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атыраудың ахуалы жақсарар емес

«Қауіпті вирустың таралуы күннен-күнге өршуде. Бұл – баршамызды қатты алаңдатып отырған жағдай. Осы кезгедейін вакциналауға қатысты бірнеше жиын өтті. Нақты тапсырмалар берілді. Бірақ, жұмыс қарқыны әлі де төмен. Бұған басты себеп – вакциналауға қатысты жұмыстың қажетті деңгейде ұйымдастырылмауы» деді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, вакциналау – індеттің алдын алуға ғана емес, ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз жолы. Сол себептен, басқарма басшыларына бағынысты мекемелердегі қызметкерлерді вакцинациялау деңгейін 90 пайызға дейін жеткізу жүктелді.

«Бәріңізге кемшіліктерді түзету үшін екі апта уақыт беремін. Жұмыс жолға қойылмаса, сіздерге қатысты тәріптік жауапкершілік қаралатын болады», деді облыс әкімі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың күнделікті жоспарына өзгеріс енгізіліп, күн сайын вакцина алатындар саны 1050-ден 3500-ге дейін артпақ.

«Өңірге I компонент үшін 170 295 доза, II компонентке арналған 138 695 доза вакцина жеткізілді. Соңғы 10 күнде вакцина алған адамдардың саны 13,1%-ға артып отыр. Вакциналауға жататын контингенттер арасында ең жоғары көрсеткіш құқық қорғау органдарына (170%), ал, ең төменгі көрсеткіш студенттер (38,3%) арасында байқалып отыр», дейді Асхан Байдуәлиев.

Оның пікірінше, инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлімінде жатқан науқастарға қатысты талдау жүргізілген. Қазір стационарларда коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 676 науқас емделіп жатыр. Ал, жансақтау бөлімінде 95 науқас оқшауланған. Жағдайы ауыр науқастардың бірде-бірі вакцина алмаған.

«Жылыой ауданында тұрғындардың 13,7 вакцина салдырған. Ал, Мақатта – 22,5, Исатайда – 28,7, Қызылқоға ауданы тұрғындарының 28,1 пайызы вакцина ектірген», дейді Асхан Байдуәлиев.

Осыған байланысты облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой және Мақат ауданының әкімдеріне жұмысты тиісті деңгейде орындамағаны үшін салаға жетекшілік ететін орынбасарларына қатысты тәртіптік шара қолдануды тапсырды.

«Әр екі күн сайын Атырау қаласы мен аудандар, салалық ұйымдар, кәсіпорындар және басқа да мекемелер вакциналау туралы баяндауы қажет. Вакцинамен қамтудың тәуліктік көрсеткішін жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау, аудандардағы вакциналау қарқынын жоғарылату үшін әдістемелік көмек көрсету керек. Республикалық вакцина жүргізу жөніндегі ақпараттық-түсіндіру науқанын іске асыруға арналған жол картасын облыстық деңгейде жасақтап, 2 күн ішінде бекіткен жөн», деді Махамбет Досмұхамбетов.