TOKYO2020 • 12 Тамыз, 2021

Қызылордалықтар Қамшыбек Қоңқабаевқа көлік табыстады

652 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасында қола медальға ие болған Қамшыбек Қоңқабаевқа жерлестері жаңа көліктің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Egemen.kz Қызылорда облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Қызылордалықтар Қамшыбек Қоңқабаевқа көлік табыстады

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токио Олимпиадасына қатысқан қызылордалық спортшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбаймен кездесті.

Аймақ басшысы қола жүлдегер Қамшыбек Қоңқабаевты және дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған Дәулет Ниязбеков пен Мөлдір Жаңбырбайға алғысын білдіріп, спортшылардың жеңісі Ел Тәуелсіздігіне үлкен тарту болғанын атап өтті.

«Екі апта бойы өздеріңе жанкүйер болдық. Қамшыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі елдің көңілін көтерді. Талай бүлдіршіннің қиялына қанат бітірді. Ел Президентінен Мемлекеттік Туды алу - үлкен мәртебе, зор сенім! Бұл міндетті жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев абыроймен ақтап, байрағымызды Олимпиада төрінде желбіретті», деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Кездесуде облыс әкімі ел намысын абыроймен қорғап шыққан боксшыға «Toyota Camry 75» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Ал Олимпиада ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков, Мөлдір Жаңбырбай және Қамшыбек Қоңқабаевтың бапкері Сейітжан Төкенов 1 миллион теңгенің сертификаттарымен марапатталды.

с

Ел мәртебесін көтерген спортшыларға «Dalatex» ЖШС-нің басшысы Ділмұхамед Абизов, «Нұрлен» ЖШС-нің басшысы Қайрат Боранбаев, «Мелиоратор» ЖШС-нің басшысы Бердібек Мыханов және «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің басшысы Әділ Бижанов демеушілік көрсетті.

Сондай-ақ, салтанатты жиында aуыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин Қамшыбекті жеңісімен құттықтап, Мөлдір мен Дәулетке алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.