Білім • 18 Тамыз, 2021

Халықаралық олимпиададан – үш медаль

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық оқушылар география пәнінен өткен халық­аралық олимпиадада (IGEO-2021) үш медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынында бір алтын, бір күміс және бір қола бар. Олимпиада Түркияның Ыстанбұл қаласында 10-16 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Зияткерлік жарысқа әлемнің 46 елінен 200 оқушы қатысты.

Халықаралық олимпиададан –  үш медаль

Олимпиадаға Ақтөбе, Шым­кент және Қызылорда қала­сы­нан төрт оқушы, яғни респуб­лика­лық пәндік олимпиаданың жеңім­паздары қатысты. Ұлт­тық құраманы жарысқа тәжі­ри­белі педагогтер мен жаттық­тыру­шы­лар дайындады.

Зияткерлік сайыстың тапсырмаларын жоғары деңгейде орындаған қазақстандық төрт қатысушының үшеуі жүлдегер атанды. Рустам Валеев алтын ме­даль­ға, Еркебұлан Тазабек күміс медальға, Ерасыл Сапарбеков қола медальға ие болды.

Бұл ретте ұлттық құрама мү­ше­лері оқу-жаттығу кезінде жұ­мысты жоғары деңгейде жүр­гіз­ген мұғалімдер мен жат­тық­­­ты­рушыларына алғыс білдірді.

«Осы жылы құрама коман­дамыздың қоржынын медальдармен толтыратынымызға сенімді болдық. Зияткерлік сайысқа біз бар күш-жігерімізді салып да­йындалдық. Мұғалімдер мен жаттықтырушылардың арқа­сында жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бізге әрда­йым қолдау көрсететін жат­тық­ты­ру­шыларымызға, мұғалім­дері­міз бен ата-аналарымызға ал­ғы­сымыз шексіз. Біздің ха­лық­ара­лық олимпиадаларға қаты­суы­мыз үшін қыруар жұмыс жүр­гізетін «Дарын» орталығына ал­ғыс айтамыз», деді алтын медаль иегері Рустам Валеев.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында олимпиада жүлдегерлерін лайықты жеңісімен құттықтады.

«Олимпиада жүлдегерлерін жо­ғары нәтижелерімен құттық­тай­мын! Бұл – сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен білімдеріңіздің және өздеріңізге деген сенім­ді­ліктің нәтижесі. Сіздерге қол­дау көрсеткен мұғалімдер мен жат­­тық­тырушыларға және ата-ана­­ларға алғыс айтамын. Сіздер елі­­міздің намысын халықара­лық деңгейде лайықты қорғады­ңыз­­дар. Біз өз тарапымыздан ме­даль­­дардың саны жыл сайын ұл­ғаюы үшін жағдай жасауды жалғас­тырамыз», деп жазды министр.

Сондай-ақ Асхат Аймағам­бетов Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың халық­аралық олимпиада жеңім­паз­да­рын қолдау бойынша кешен­ді ша­ралар қабылдауды тапсыр­ға­нын атап өтті. Осы тапсырманы орын­дау аясында министрлік заң­на­малық өзгерістер дайындады.