Қазақстан • 25 Тамыз, 2021

Кинотеатр көрерменімен көрікті

479 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұрыннан келе жатқан дағдарыс пен қиындықты одан сайын терең­детіп жіберген тәжтажалдың соққы­сынан тұралаған сала­лардың ішінде, әсіресе, киноөндірісі көбірек зардап шегіп отыр. 

Кинотеатр көрерменімен көрікті

Цифр­лы қызмет көрсету, стри­минг алаң, смартфон секілді байланыс  түрі киноның қолайы­на жағады-ақ, тіпті киноны үйден шықпай-ақ те­ледидардан тамашалау дағдысы кең қа­лып­тасқан кезеңде кино­театр іздеу әбестік секілді көрінер. Бірақ бұл өнердің кере­меті сонда, оны үлкен экран, кең формат­та тамашалағанда ғана әсері арта тү­седі. Әсіресе, ав­торлық кино­ның сапасын басқа бірде-бір тех­но­логия жетістігі арттыра алмайды.

Бір демде бүкіл табысынан айырылған отандық кинотеатрларға бүгінде оңай соғып отырған жоқ. Соған қарамастан, толық қуатымен кірісе алмаса да, жұмысын жартылай жалғастыруға мүмкіндік тапқанын дәтке қуат етпеске амалы жоқ. Дегенмен локдаундар мен жаңа қаулылар секілді бірқатар себепке байланысты, қарапайым көрермен бұл туралы білмеуі мүмкін. Дағдарыста қалған саланың басындағы қиындықтарды талдауды қызметінің негізгі қыры санайтын Ұлттық кино орталығы  жыл бойы қаңырап бос қалған кинотеатрларға көрермендерді қайтаруды басты міндеті ретінде белгілеп отыр.

COVID-19 пандемиясының әлемдік киноиндустрияны дүр сілкіндіргені белгілі. Әлем бойынша кинотеатрлар бірінен соң бірі жабылып, дүбірлі кинофестивальдар кейінге шегеріліп, үлкен фильмдердің тұсаукесерлері белгісіз мерзімге ауыстырылғаны белгілі.

Алайда күрделі кезеңді бастан өткере отырып та, уақыт өте келе, кино саласы жаңа өмірдің талаптарына дағдылана бастады. Шектеулерге қарамастан жаңа фильмдер түсіріліп, әлемдік кинофестивальдар өтіп жатыр және ең бастысы, кинотеатрларға үлкен фильмдер – блокбастерлер орала бастады.

Мысалы, Marvel комикстерінің желісі бойынша шығарылған «Черная Вдова» фильмі COVID-19 пандемиясы кезінде көрсетілімін рекордтық көрсеткішпен бастады. Тұсаукесерінің өзінде картина әлем кинотеатрлары бойынша $158 млн жинады (АҚШ-та - $80 млн), тағы $60 млн-ды картина Disney+ стриминг алаңы арқылы жинаған. Бұл Marvel-дің өткен екі жыл ішінде шығарған бірінші фильмі, ал оның тұсаукесері коронавирустың кесірінен бірнеше рет шегерілген болатын.

Сонымен бірге «Форсаж 9», «Круиз по джунглям», «Тихое место 2», «Мортал Комбат», «Годзилла про­тив Конга» сияқты ірі жобалар және Pixar студия­сының «Душа» атты анимациялық фильмі әлемдік прокатта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал тамызда тағы бір көптен күткен фильм – «Отряд самоубийц: Мис­сия на вылет» атты фантастикалық фильм­нің әлемдік тұсаукесері өтті, бұл кар­тина да көрермендердің киноға қайта ора­луына үлкен септігін тигізуі тиіс.

Ал біздің елдегі киноөндірістің жағ­дайы қалай болып жатыр? Жыл басынан кинотеатрлар бір жабылып, бір ашылды, барлығы да өңірдегі эпидемиялық жағдайға бағынды. Дәл қазір Қазақстан коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақтағы» орнын басқа түс­пен алмастыра қойған жоқ, бірақ үлкен қалалардағы кинотеатрлар карантин ша­ра­ларын сақтай отырып, жұмысын жал­ғастыруда.

Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын кинотеатрларға жұмыс күндері белгілі бір уақытқа дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген (жақында демалыс күндері де жұмыс істеуге рұқсат берілді).

Еліміздегі кинопрокаттың қазіргі жағдайы туралы Chaplin Cinemas ком­мер­циялық директоры Дмитрий Кириенко былай дейді: «Көрермен, өкінішке қарай, сауда орталықтары мен кинотеатрлардың жұмыс уақытын, шектеу қағидасын көп жағдайда түсінгісі келмейді. Мысалы, егер адамды киім бутигінен сағат 17.00-де шығарып жіберсе, кинотеатрдың жұмыс істеп тұрғанынан хабардар бола тұра, оған киноға бару деген ой келмейді. Ол үшін дүкен жабық болса, сауда орталығы да жабық деген сөз. Ал жабық сауда орталығы – жабық кинотеатр деген сөз. Көрермендер кинокөрсетілімнің қазіргі ерекшеліктерін мүмкіндігінше түсінер деп үміттенемін».

Chaplin Cinemas коммерциялық ди­рек­торының айтуынша, осы ірі блокбастерлердің әрқайсысы («Черная вдова», «Отряд самоубийц») әртүрлі шектеулер­ге байланысты өз әлеуетінің кем деген­де жартысын жоғалтқан. Оның айтуынша, ең ауыры — демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсаттың берілмеуі. «Жұмысты 20.00-ге дейін немесе тіпті түнгі 00.00-ге дейін шектеу ештеңе емес, бұл тек тұтынушы үшін қолайсыздықтар туғызады. Бірақ демалыс күндері локдаун жариялау тәжірибесі бірнеше апта бойы жүргізіліп келеді, соның өзінде сырқаттанғандар саны өсуде. Бұл екі мәселенің арасында ешқандай байланыстың жоқтығын көрсетеді. Бірақ оның біз үшін зардабы көбірек. Біз кинозалда көрермендер арасында қашықтықты сақтауды қамтамасыз ету, санитарлық өңдеулер жүргізу, сауда орталығының кіреберісінде де, кино­театрдың кіреберісінде де Ashyq бағ­дар­ламасының болуы сияқты көптеген талаптарды орындадық. Көрерменнің ең аз шоғырлануын қамтамасыз етудің қисынды шешімі – сауда орталықтары мен кинотеатрларға тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік беру», деп ойын сабақ­тай түсті Кириенко.

«Көрерменді киноға қалай қайтаруға болады?» деген сұраққа Д.Кириенко ­бы­лай жауап берді: «Киноға көрерменді қай­тару үшін салаға тұрақтылық қа­жет. Студиялар үш ай бойы тұрақты жұ­мыс жүріп жатқанын көруі тиіс. Бұл контентті жоспарлауға, оны техникалық тұрғыдан дайындауға, кинотеатрдағы реттілікті, тиісті деңгейдегі промоушнды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал көрермен осы жағдайларды бақы­лай отырып, міндетті түрде кинотеатрға оралады».

Көрерменді киноға қайтарудағы тағы бір маңызды фактор – отандық фильмдердің үлес салмағын қадағалау. Өйт­кені пандемия кезінде прокат жүйесінде көп өзгеріс болды. Енді блок­бас­терлердің әлемдік тұсаукесерлері кино­театрларда да ғана емес, стриминг сер­вистерде де қатар жүреді. Көбісі бұған келіспегенімен, студиялардың таңдауы осылай болып отыр, бұған қарсы тұрар амал да болмай тұр. Бұл мәселені де әр ел өзіндегі нарық тәсілімен реттеп жатыр.

Мысалы, көршілес Ресейде өткен жылы, эпидемия өршіп тұрған уақытта, көрсететін түк болмаған соң, отандық фильмдерге үміт артты. Үміттері ақтал­ды. Көрермендер киноға қуана қайтып оралды, ал 1,175 млрд рубль (19 млн доллар) жинаған «Конек-горбунок», «Послед­ний богатырь 2» (2,105 млрд. рубль) және «Стрельцов» (4 млн доллар­дан көп) сияқты отандық фильмдері прокат үздіктері атанды.

Ал пандемияға дейін біздің ел­дегі кино­ахуал қандай болған еді? Отан­дық киноөндірістің тамырына қан жүгі­ріп, серпіліс сезіле басталған еді. Қазақ­стан­дық картиналардың көпшілігі бірінші рет прокатта батыс блокбастерлерімен тең дәрежеде таласқа түсе алатын бәсін байқатты. Коммерциялық киноның ­көш басындағы Нұрлан Қоянбаев «Биз­нес по-казахски в Корее» және «My love is Aisulu» атты екі жобасымен 4 млн доллар­дан астам қаражат тауып, рекорд жаңартты.

Қазірдің өзінде сол Қоянбаевтың «Биз­нес по-казахски в Турции» фильмі толықтай дайын, ал «I go to school» фильмі де аяқталуға жақын. Нұртас Адам­бай (көпшілік күтіп жүрген отандық картиналардың бірі «Келинка Сабина 3»), Құралай Анарбекова («Тойхана») сияқты және тағы басқа табысты режиссерлер шектеу шараларына байланысты өз фильмдерін шығаруға асығатын емес.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекет­тік орталығы» кинотеатрларға тікелей қар­жылық көмек көрсету бойынша өз жобасын әзірледі. Осы тақырыпқа ар­налған Мәдениет министрлігінде өткен жиында қаржылық қолдаудың қажетті көлемі белгіленді де. Бұл мәселені қай­та-қайта көтеріп отырмыз, өйткені кинотеатрлар – индустрияның ең маңыз­ды сегменті және оларсыз, олардың қалып­ты жұмысынсыз – мұның бәрінің де еш мағынасы жоқ», деп атап өтті ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов.

Кинотеатрлардың толық қуатпен қызметіне кірісуін тағатсыздана күтіп отырған отандық киногерлер «лайықты шарттардың болмауына байланысты көптеген кинотеатрлар жабылып, онсыз да қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқан киноиндустрия үлкен шығындарға ұшырауы мүмкін» екенін қайталап айтудан жалықпай келеді. Джеймс Ганның «Отряд самоубийц» фильмінде айтылатындай, қазіргі таңда барлығымыз өзімізді емес, әлемді ойлауымыз керек және өзімізді ғана емес, кинотеатрларды да құтқарып қалуымыз тиіс...