Театр • 06 Қыркүйек, 2021

Алтынға арбалған аңғар

417 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамдардың жалпы о баста өздерінен өзгешелеу жаратылған, дара ойлайтын жандарды бірден қабылдай қоюы қиын ғой. Оның айтқанын ақиқат деп мойындамақ тұрмақ, әлгіні қуғындап, реті кеп жатса талап жеп қоюлары да ғажап емес. Мұны қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ деуге де келмейді. Немесе тобырдың тірлігі деп те топшылау артық. Өзіңіз ойлаңызшы, жанарлары су қараңғы, көздеріне әлдеқашан көк ет өсіп, оның орны мәңгілік бітеліп қалған соқырлар елі сіздің көру жайлы, көркемдік жайлы, көкжиек туралы көпірме көп сөздеріңізді тыңдап тұруы мүмкін бе? Тіпті ғасырлар бойы ұрпақтары соқыр боп жалғасып келе жатқан шағын тайпаның сөздік қорында көз, жанар, қарашық, жарық, қараңғы деген сөздердің де болуы екіталай.

Алтынға арбалған аңғар

Жазушы Герберт Уэллстің «Соқырлар елі» деген фантас­ти­калық шығармасы бойын­ша сахналанған тамаша қойы­лым бізді осынау ойларға же­те­леді. Дмитрий Миронов есімді ресейлік режиссердің ерек­ше­лігі сол, қойылым жазу­шы­ның шығармасы негізінде сах­на­ланғанымен түпкі шешім қо­йылым аяғында сізді тіпті басқа қиырға жетелеп кетеді. Шы­ғар­ма­ның тақырыбы тартымды, сюжеті қызық болғанымен оның тереңіне бірден бойлау қиын.

Анд тауларының биік шат­қалдарынан алтын іздеп жүрген топтың ішінде Нуньес есімді жігіт бар. Қалың қарға абайсызда омақаса құлаған ол жалғыз өзі сол сүрінгеннен құлдилап келіп жұмбақтау бір құпия аңғардан бір-ақ шығады. Алайда ол әлгі аңғардың құпия сырын кейін біледі. Сөйтсе анасы бала кезінен бері ертегі қылып айтып келген соқырлар елі деген тылсым мекен Нуньес дәл қазір топ ете түскен тұйық аңғар. Өзіңіз ойлай беріңіз, бұдан бірнеше ғасыр бұрын табиғи апат кезінде сол аңғарға қамалып қалғандар үш үй уақыт өте келе әлдебір құбылыстың салдарынан көру қабілеттері бірте-бірте нашарлап, кейін біржола соқырлар еліне айналады. Қаншама ұрпақ алмаса келе олар тіпті ата-бабадан жалғасып келе жатқан мәңгілік құндылықтардан да ажырай бастайды.

Тылсым мекенге енді келген албыр жігіт «Соқырлар еліне ақсақтың өзі ақ патша» деп ойлап, соқыр тайпаға көсем бола қоймақшы болады, бірақ оқиға тіпті басқаша өрбиді. Режиссердің ерекше шешімінің бірі де сол, қойылым бойына көзіне қара бояу жағып алған ғаріп не сахнада емес, не көрерменнің арасында емес, алтын аралықта оқиғаға қа­тысып отырады. Әлгі айтады: «Нуньестің қолындағы сағат соқырлар елін таң-тамаша етті. «Сенің қолыңдағы тықылдап тұрған не тас?» деп таңданысты олар», дейді. Шынымен де, соқырлар үшін сағат деген, уақыт, күн я түн деген ұғымдар әлдеқашан маңызын жойған. Ең қызығы, ызаланған Нуньестің оларға жіберіп қалған тастың өзі алтын боп шықпасы бар ма? Адам айтса сенбейді, соқырлар сөйтсе қаншама ғасыр бойы тұтастай алтын тастардың үс­тінде тіршілік кешіп келген. Режиссердің де ымдап отырғаны сол, әлгі мол алтынның күні-түні жарқырай шашыраған ащы нұры бейшара халықтың көздерін қарықтырып мәңгі соқыр етіп тастаған. Олар үшін алтын да тас, тас та тас. Бәрінің бағасы ештеңеге тұрмайды. Тіп­ті көз жасы деген ұғымды да сезін­бейді.

Иә, біз Медина жайлы айтпай кетіп барамыз ғой. Нуньес сол мекеннің аса сұлу перизаты, тайпа көсемінің қызы Мединаға ғашық болады. Мединаны сондай-ақ тайпаның ержүрек батыр жігіті Педро да құлай сү­йетін еді. Қыздың көңілін әлем­нің аса сұлу келбетін ерек­ше суреттей жырлаған Нуньестің жүрек сөзі бірте-бір­те жаулай береді. Айлы түн­нің ғажап көрінісін өз танымында жарқыратқан Медина Нуньеске мәңгілік жар болуға келіседі. Алайда тайпа аса ауыр шарт қояды. Мединаға үйлену үшін Нуньес екі көзін ойып, мәңгі соқырға айналуы керек болады. Ғашықтық дерті мен мәңгілік жарық дүниенің арасында теңселген басты кейіпкер ұлы шешімге ұзақ келеді.

Сіз қалай ойлар едіңіз, ол өз махаббаты үшін қос көзін құрбан етті ме? Жоқ, қара түннің төсіне жарқырай шашыраған сансыз жұлдыздарға қарап жатып көз ілді ме?

Бәлкім, Нуньес анасы мынау жарық дүниемен қоштасып жатып қолына тапсырған са­ғатты ойлады ма? Сол сағатты соқырлар елі уақыттың темір жүрегі деген еді ғой... Бәлкім, Нуньес бұл құпия мекенге кездейсоқ емес, саналы түрде келген болар? Оқиға басында оның анасына ота жасау үшін соншалықты көп қаражат керек болатын еді ғой? Нуньес сол қаражаттың, аста төк бай­лықтың үстінде отыр қазір. Жоғалтқаны да бар, тапқаны да жоқ емес. Жоғалтары да бар, қымбатын құрбан етіп баға жетпес байлықты да кезіктіретін сияқты.

Нуньес Мединаға екі кө­зін құрбан еткенмен оның сұлу­лығына ертең қалай сүй­сінбекші? Мединаны тастап оны ешқашан шын түсінбейтін көзі сау, керісінше көкірегі соқыр қоғамға қайтып оралғанда не ұтады? Жалпы соқыр адамның көзін ашу оңай ма, әлде сау адамды соқыр ету оңай ма?

Автор меңзеп отырған Нуньес кім, соқырлар кімдер? Жалпы әлемге соқырлар қа­рап тұр ма, сау көздер қарап тұр ма, әлемге бәрібір де сияқты. Иә, әңгіме жалпы сол тұйық аңғарда қалып қойған тайпаның ғана соқырлығы ма? Біз кейде жындыханадағы нау­қастардың сырқатын ауру деп қабылдаймыз, шын мә­нін­де ол олардың өмірі ғой. Біз кейде бәріміз ешқашан бір­дей еместігімізді, адамдарды ешқашан бірдей ойлатуға, бір­дей сөйлетуге, бірдей көруге тырыспағанымыз дұрыс. Со­қыр­лар еліне қос жанарымыз шырадай жанып кіріп барғанда да абай болсақ дейміз.