Қоғам • 30 Қыркүйек, 2021

Хат қоржын

233 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын

...қолдау білдіреді

Әлемге тыныштық беріңіздер, мырзалар!

 «Бізге Еуразиядағы «үлкен ойындар» қажет емес, баршаға бейбіт, қауіпсіз және тұрақты болашақ қалыптастыру мақсатында зор серпіліс керек!», деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде сөйлеген сөзінде. Әлем осындай бір ауыз, бірақ парасатқа толы сөзді естімегелі қашан?! Қарулы қақтығыстар мен бейбіт халықтың қырылуынан, қантөгістерден, жартылай аш, жартылай жалаңаш күн кешуден, өзара теке-тірестерден, бірін-бірі құлдырату үшін, құлату үшін жасалып жатқан санкциялардан, елінің тыныштығының шырқы бұзылған халықтың басына пана іздеп босып кетулерінен, адам баласының біріне-бірі жасап жатқан түрлі зорлық-зомбылықтарынан, шынын айтқанда, шаршадық!

Адамзат шаршады! Дүние шаршады! Енді бір сәт сол әлемнің тынышталуы да керек қой! Президент Тоқаев айтып отырғандай, «Еуразиядағы үлкен ойындар» қашанғы жалғасады?! Қашанғы қара халық сол ойынның зардабын тарта береді?! Әлде әлем қолында атом қаруы мен күш-қаражаты бар алпауыт мемлекеттердің басында отырғандардың тек өздері ғана ықпалды, тек өздері ғана көшбасшы болулары керек деген таластарының өзара ойыншығына айналып бара ма?! Адам тағдырымен ойнау ма бұл?! Әлемге тыныштық беріңіздер, мырзалар!

Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында «Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді. Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек», деуі әбден орынды. Өйткені сыртқы күштердің Ауғанстандағы қазіргі жағдайды кешегі кеңестік бір жүйеде болған Орталық Азия мемлекеттерін қарулы қақтығыстар мен дау-жанжалдардың аймағына айналдырып жіберу қаупі де жоқ емес, бар. Сондықтан Қазақстан басшысы айтқан «Еуразиядағы үлкен ойындар» алаңына айналып кетуге жол бермес үшін Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан басшыларының жиі-жиі басқосулары осы қауіптің алдын алу тұрғысынан орынды деп санаймыз және қолдау білдіреміз.

Тұрсын КӨПЕЕВ,

отставкадағы полиция майоры

ҚАРАҒАНДЫ

 

...үйлесімділікке үндейді

...Ұлттық құндылық – ұрпақ несібесі

Қазақ халқы талай ғасыр талмай талпынған тәуелсіздігіне қол жеткізген кезде қалпағымызды аспанға атып қуандық. Егемендігіміздің елең-алаң шағында жан-жақтан қаумалаған қиыншылықтарға да, олардың өткінші екенін білгендіктен, онша-мұнша мойи қойған жоқпыз. Өйткені замана желінің құбыла ұйытқыған ызғарынан ықпай, қашанда төтеп бере білген ер қазақтың еркіндік аңсаған ұрпағы едік.

Құдайға шүкір дейік, бүгінде көптеген қиыншылық артта қалды. Кейбір түйткілді мәселелердің әлі де бар екеніне қарамастан, ел бірте-бірте еңсе тіктеп келеді. Қазір қолы қимылдағанның аузы қимылдайтын заман ғой, ерінбей екі қолына бір күрек ұстаған адамдар ешкімге алақан жаймай-ақ тіршіліктерін жасап жатыр.

Елімізде қалыптасқан бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған деуге келетін бейбіт заманда әттеген-ай дегізбей қоймайтын оқыс оқиғалардың да арагідік бой көрсетіп қалатыны өкінішті, әрине. Теледидардан, ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден неше түрлі сұмдық жағдайларды көріп те, естіп те жүрміз.

Мәселен, қатыгез ана, тастанды бала, жалғызбасты әке, балдырған зорлаған оңбағандар, қарттар мен жетімдер үйінде өзіміздің көген­көз­деріміздің көбейіп бара жатқаны, бір-бірімен соттасқан ағайын, кісі өліміне соқтырған атыс-шабыс секілді қоғамымызды қожыратқан келеңсіздіктер көңілге кірбің ұялатпай қоймайды. Небір зар заманда жетімі мен жесірін жылатпаған қазақтың ұрпағы едік. Осындайда бүгінде өзгерген адам ба әлде заман ба деген сұрақ көкейде кептетіліп тұрып алатыны бар. Ал осы сауалға сіз болып, біз болып жауап іздеп көрсек. Меніңше, бұл – бірте-бірте ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқанымыздың салдары. Сондықтан сөз ұғатын барша ағайынға ұлттық құндылықтарымыздан ажырамайық дегім келеді.

Нұржан БАЙМЕНОВ,

жеке кәсіпкер

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Түлкібас ауданы

 

...ұсынысын білдіреді

Аманатқа қиянат жасамайық

Алаштың ардақтысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің 1923 жылы «Кеңсенің тілі қазақ тілі болмай, іс оңбайды» деп көрегендік танытқанына да бір ғасырдай уақыт болыпты. Әрине, мемлекеттік тіл мәселе етіп көтеруден кенде емес. Бірақ өкінішке қарай, ілгері басып жатқан іс шамалы.

Көптен бері ойымда жүрген осы жайт туралы жазуыма солтүстікке сапарымыз түрткі болды. Осыдан шамалы уақыт бұрын Ақмола облысының Астрахан ауданында тұратын құдамыздың мерейтойына барып қайттық. Көрсеткен сый-құрметтеріне өте риза болдық. Қазақы қалыппен үлкен қонақжайлық танытты.

Бірақ қу көңілдің бір көтерілмей-ақ қойғаны. Оған себеп, отбасы мүшелері түгелдей дерлік орысша сөйлейді екен. Дастарқанда құс сүтінен басқаның бәрі бар, тек қазақ тіліне ғана орын жоқ. Оңтүстіктен келген біздер үшін кейбіреулері қазақша сөйлеуге тырысып-ақ жатыр.

Бір атап көрсетерлігі, өздері шеттерінен өнерлі, әнші келеді екен. Орындағандары да тек халық әндері. Орысша оқыған, бірақ қазақша білетін құдамыздың 17 жастағы немересінің (қазақша түсінгенімен, сөйлемейді) домбыраның құлағында ойнайтынын көріп, таңдай қақтық. Құрманғазының, Түркештің, Дәулеткерейдің күйлерін нақышына келтіріп орындап берді. Шын көңілден ризашылық білдірдік.

Айтайын дегенім, бүгінде ана тілімізді басқа ұлттар ғана емес, өзіміздің қазақтарға үйретудің өзі қиынға соғып отыр. Ана тіліміздің алтын тағы неге бос тұр деген сауал мені азамат ретінде бұған дейін де көп ойландыратын. Түсінген адамға бір-бірімізді қазақша сөйлеуге үгіттеп отырғанымыздың өзі ұят нәрсе. Ал осы сапардан кейін 2025 жылға дейін халқымыздың 90 пайызы қазақша сөйлейді дегенге күмәнім арта түсті. Кейбір үлкен лауазымдағылардың ана тілімізде сөйлей алмай тұрғанын көргенде намысым келеді.

Ана тілімізді келешек ұрпаққа жеткізу әр қазаққа аманат болуы тиіс. Аманатқа қиянат жасауға болмайды!

Шайгүл ҚАШАҒАНОВА,

орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы,

Ноғайбай ауылы